06.08.2024
  135


Автор: Болатбек Төлепберген

Алаш идеясының кеңестік кезеңдегі күресі

 


 


Жиырмасыншы ғасыр басында Ресейде билік басына келген кеңестік жүйе Алаш қозғалысын тарих сахынасынан ысырғанымен, діңгегі мықты бәйтерек - Алаш идеясы тез арада тамыр алып үлгерген. Уақыт өте келе, буын алмаса бере, ол - көктеп, бүршік атып, жаңа бүлік – бой көтерулерге ұласып отырды.


Қызыл империя – кеңестік билік жүйесі Алаш қозғалысын құлатып, қайраткерлерін репрессиялық қанқұйлы әрекетпен тұқыртып тынғанымен, Алаш идеясын ауыздықтай алмады.


Алаш идеясының түп қазығы – қазақ ұлтының азаттығы, қазақ халқының өз алдына тәуелсіз ел болуы еді. Ал оған үнемі дем беріп, елдік пен бірліктің көрігін қыздырған Алаш қозғалысынан бастап, бүгінге дейінгі кезеңде жас буын – жаңа ұрпақтың рухы биік, маңдайы жарық.


Енді осы Алаш қозғалысынан кейінгі жағдайда Мәңгі жас – Алаш идеясының кеңестік билік жүйесіне ымырасыз қарсылығы қалайша жүзеге асып, қай тұста байырқалағандығына көз жібереміз.


Алдымен себеп пен салдарды сараласақ. Қазақ халқының демографиялық даму үрдісі Алаш қозғалысының түпкі себептерімен қаншалықты байланысты екен? Деректерге сүйенелік.


Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ халқының өсімі қарқынды әрі қалыпты екенін мына бір цифр ғана дәйектейді. Сол кездегі санақ бойынша, 1915 жылы қазақтардың саны 6 миллион адамға жетті. Өкінішке орай, өзімізге белгілі сан қилы, қан құйлы себептерге байланысты айналасы отыз жылға толмайтын уақыттың ішінде, нақтырақ айтқанда, 1945 жылы қазақ халқының саны 2,5 миллионға бірден кеміп кетті. Бұдан бөлек қазақ топырағында жергілікті халықтың ұлттық құрамы ең азшылық деңгейге дейін түсті. Айталық 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АССР-і құрылған кезде, қазақтардың өз территорияларындағы құрамы 65 процент еді. Ал 1962 жылдары салыстырмалы түрде алғанда қазақтардың үлес салмағы 29 процентке дейін күрт түсті.


Бұл апаттың туындауы мен жедел жүргізілуін өткен ғасырдың отызыншы        жылдарындағы                     Қазақстанның     қанқұйлы          басшысы Голащекин іскерлікпен ұйымдастырған болатын. Оның жоспары негізіндегі     адамның            жаны     түршігетін     ой-мақсаты     бойынша, көшпелі салтындағы қазақ қоғамында ұлы (улы) социалистік идеяларды орнықтыру мүлдем мүмкін емес еді.Социализм қазақты отырықшылыққа,   коллективтендіруге  көшірген   жағдайда   ғана жеңіске жете алатын еді.


Нәтижесінде не болды? Бар болғаны екі жылға жуық уақыт ішінде қазақтардың 52 проценті, яғни 2 миллион 200 мыңы аштық пен эпидемиядан қырылды. Мұндай сорақылық пен голощекиндік геноцидке көнбеген сол кездегі қазақ халқының 15 проценті республикадан алыс аймақтарға жер ауып кетті. Бұл кезең қазақ тарихының ең қасіретті де қаралы беттері болып қала берді.


Содан соңғы жағдайлар «жұт жеті ағайындының» керін келтірді. Науқаншылдықпен «уралап» ұйымдастырылған индустрияландыру жылдарында еңбек майданына күштеп жұмылдыру, дүние мүлік-мүкамалы тәркіленгендерді (конфискеленгендерді) көшіріп жіберу, тұтас халықтарды жер аудару, ал соңыра соғыстан кейін тыңның жыры жалғасты. Мұның жарқын мысалы іспетті, 1930-1962 жылдар аралығында Қазақстанға 4 миллионға жуық адам көшіп келді. Міне, осындай солақай саясаттың салдарынан қазақтар өз республикасында азшылықта қалып қойды.


Сөйтіп, сан сапаға әсер етпей қоймады. Қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастады. Салт-дәстүр, сана-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлдыр тартты. Тіпті қазақ тілі қолданыс аясынан сырылып, барлық саладан жедел түрде ығыстырыла бастады. Кеңестік жүйе кезеңінде бір деректер бойынша, қазақ тілі пәні 700-ден астам мектептерде оқу құралы қатарынан шығарылып тасталды.


Әрине, бұл ретте бір жайтты айта кету ләзім. Сол кездердегі Қазақстанға      жер      аударылған,                        күшпен                      әкелінген  мың-сан халықтардың, соның ішіндегі көпшілік басымдыққа ие орыстардың, украиндықтардың, немістердің, шешендердің және де корейлердің кінәсі жоқ еді. Олардың бәрі де ең алдымен қызыл империяның қанды қылышына тап келіп, тұрлаусыз тағдырларының құрбанына айналды. Осы жағдайды қазақтар өте жақсы түсінді де. Бір үзім наны болса солармен ортақтасты, тіпті үй-жайына дейін паналатты. Алайда жалпы алғанда бұл жағдайлардың әсіресе, қазақтардың халық болып қалыптасуына кері әсерін тигізбей қоймады.


Жығылғанға жұдырық іспетті қазақ даласының әлеуметтік және экологиялық ортасының тынысы тарылып бара жатты. Республика алып атом полигонына (ядролық Семей), экологиялық аурулар ошағына, әлемдік апат аймағының үлкен нүктесіне (Арал қасіреті) айналды.


Талай жылдар бойы жинақталған экологиялық проблемалармен қатар ұлттық кемсіту жағдайларына да төзімділік танытылды.


 


Ондағы анық көзге ұрып тұрған кемшіліктердің өзі назардан тыс қала берді. Орталық әкімшілік жүйе нақты істің орнына КСРО-да ұлттық мәселе шешіліп қойғандығын жария етіп, құрғақ баяндамаларға арқау етті. Нақты деректерге сүйенсек, алғашқы кездегі одақ көлемінде екі жүзден астам ұлт пен ұлыс өмір сүрсе, соның жүзге тартасының, тіпті шағын халықтардың жойылып кетуіне дейін жол берілді. Бұл КСРО-ның әлем алдындағы ешқандай уәжбен ақтала алмайтын масқара жағдайдағы ең сорақы ісі демеске лаж жоқ.


Сөйтіп, шын мәніндегі демократия көрініс таппады. Халық өзін-өзі басқару тетіктеріне қатыстырылмақ тұрмақ, олардың ұсыныс-пікірі де ескерілмеді. Маңызды мәселелер мен бірге қарапайым халыққа қажетті шешімдерді ат төбеліндей шенеуніктер – жоғары саяси басшылық қабылдап, содан кейін ғана ол халыққа мәлім етілді. Республикалардың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана жарияланды. Орталық бірнеше рет Қазақстанның шекарасын өлшеп-пішумен болды. 1960 жылы Тың өлкесі құрылғаннан кейін оны Ресей Федерациясының құрамына береді деген лақап шықты, бұл жағдай Республика жастары мен студенттерінің наразылығын туғызды. Ондай жағдай бұрынғы Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданын Өзбекстаннан қайтарып алғанша сақталып келді.


Қазақстан табиғи байлығы ең мол өлке бола тұра дамыған өнеркәсіпті республикалардың шикізат отарына айналды.


Жергілікті халықтың 70 проценттейі ауылды жерлерде тұрды, жұмыссыздық көбейіп, тұрмыс деңгейінің төмендеуі наразылық тудыра бастады. Инфляцияның шарықтауы ең алдымен көп балалы отбасылар мен жастарға ауыр тиді. Экономист–ғалымдардың сол кездегі есебі бойынша Қазақстандағы әрбір көп балалы отбасыларға шаққандағы табыс мөлшері 30-бен 80 сом аралығында болды. Бұл өмір сүруге қажетті деңгейден әлде қайда төмен еді.


Жұмыссыздық    және     әлеуметтік   мәселелердің   шешілмеуі салдарынан жастар ауылды тастап, қалаға қарай ағыла бастады. Онда оларды қымбатшылық пен тұрмыстың қолайсыз жағдайы күтіп тұрды, жолы болғандар бар-жоғы шағын отбасылық жатақханаларға орналасты.


Мәселеге нақты дәле келтірсек, 1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді. Ондағы студенттердің 57,7 проценті ғана жатақханаға орналаса алды. Желтоқсан оқиғасы қарсаңында «еңбектен тыс табыс» дегенмен күрес пайда болып, соның салдарынан тек қана Алматыдағы үш мыңдай студенттер баспанасыз қалды.


Ең бастысы – бір ғана ұлттың басым көпшілігінің тұратын Бүкілодақтық билік органдарымен салыстырғанда Республика құрылғаннан бері Қазақстанның басшылығы көп ұлттан тұрды. Республика партия ұйымына орыс пен еврей, поляк пен грузин және армян жетекшілік етті. 1985 жылдың дерегі бойынша Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінде қазақтар үлесі – 36 процент, орыстар – 40,8 процент, болды. Кеңес үкіметі жылдарында республиканың бірде-бір басшысын коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды Орталық тағайындап, іс-қимылын өздері бақылап отырды.


Өкінішке орай, билеуі мен илеуі күшті орталық іште қыз-қыз қайнап, Қазақстанда қордаланып келе жатқан проблемаларға бас ауыртып жатпады. Керісінше Мәскеу өкілдері әр кез Қазақстан үкіметін қатаң бақылауға алып, толық ауыстырып отыруды әдетке айналдырды. Ең бастысы-ресми түрде интернационализмді ұран етіп ұстай отырып, билік басындағылар кез келген ұлттық сана-сезім, ұлттық намыс, мәдениеттегі, тілдегі, тарихтағы ұлттық ерекшелік көріністерін ұлтшылдық белгісі деп бағалады. Бұл шын мәніндегі орыстандыру саясатының қарқынды жүргізіліп жатқандығын анық та ашық аңғартып отырды. Осылайша 70-жылдарда да бұрынғысынша Қазақстанды орыстандыру, ұлттық өзіндік ерекшеліктерді жоғалту, қазақ тілінің құдырауы, экологиялық проблемалардың шиеленісуі процестері тереңдей түсті. Нәтижесінде мұндай қазақ ұлтына деген салғырт көзқарас салдарынан әсіресе ауылдық тұрғындардың күрт кедейленуі қалыпты үрдіске ұласты. Ауылдың қаладан бір ерекшелігі, оның 80 процентін қазақтардың құрайтындығында еді.


Мұндай жағдайда қазақ зиялылары қайда қарап отырды? Олардың қарап отыратынындай бар еді. Себебі, бұл буын отыз


екінің аштығын бастан кешіре қоймаса да сезініп өскен, отыз жетінің қуғын-сүргінінің шет жағасын көрген, тіпті елуінші жылдарға дейін жалғасып, қайбіреулерді қудалаудың әдіс-айласын аңдаған ұрпақ өкілі еді. Қысқасы, құрығы ұзын кеңестік құқық қорғау органдарының қатал да қайырсыз қаракетінен жақсы хабардар олар үнсіз қалуды жөн көрді. Шығармашылықтары да сыни көзқарастардан мейлінше жұрдай болып келетіні осыдан кейін түсінікті шығар. Сексен алтыншы жылғы желтоқсан қозғалысында осы аға буын өкілдерінің ерекше бой көрсете алмауына әлгіндей себептерді алға тартсақ артық емес.


Осылайша ендігі белсенділік еріксіз жас буынның үлесіне қалды. Өз кезегінде елдегі еркін ой білдіру функциясын студент және жұмысшы жастардың орындап шығуы кездейсоқ емес-ті. Осы уақытқа дейін бізге жекелеген жастармен қатар, 1950-1980 жылдары Қазақстанда жастардың ресми емес қоғамдық және саяси ұйымдары, партиялар мен топтардың жұмыс істегені беймәлім болып келді.


Қазақстан    Республикасы    Мемлекеттік    орталық    архивінің мұрағаттарындағы деректер елімізде 1950-80-жылдары заңды түрде әділет мекемелерінен тіркеуден өтпеген жас буын өкілдерінің қоғамдық және саяси ұйымдары, партиялар мен топтары болғанын айғақтайды. Сол кездегі зиялы қауым мен саяси элита шоғырланған Алматы қаласында ғана емес, жер-жерлерде, айталық Қарағандыда жастардың ЕСЕП (“Елін сүйген ерлер партиясы”), Павлодарда тоғызыншы сынып оқушысы жетекшілік еткен “Жас ұлан” бірлестігі мақсатты түрде нәтижелі жұмыс жасай алмаса да пікірлес жастарды шоғырландырған. Сондай-ақ жетпісінші жылдары Алматыда құрылған “Сары-Арқа” тобы өздері басшылыққа алған құжат-тәуелсіздік бағдарламасын жасап шықты. Сонымен бірге Мәскеуде оқып жүрген қазақ студенттерінің «Жас тұлпар» ұйымы орталық тыңшыларының «ұйқысынан» оятып жіберді. Және де сол кездерден, нақтырақ айтқанда жетпісінші жылдардан саяси күрескерлік жолына түскен бозбала шағындағы Хасен Қожа-Ахмет басқарған “Жас қазақ” ұйымы дүниеге келді. Әрине, олар жұмыстарын астыртын жүргізді. Барлығының бағдарламаларында Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлектеттік тіл мәртебесі және ұлттық мәдениетті өркендету мәселелері анық жазылды.


Белсенді түрде әрекет еткен «Жас қазақ» партиясы әлеуметтік, экономикалық, ұлттық және саяси мақсаттардың ішінде КСРО-дан бөліну міндетін алға қойды. Аталған ұйымдардың барлығының арасына өз тыңшыларын жіберіп, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әккі жандайшаптары оларды лезде, оп-оңай «тізе бүктірді». Осы уақыттарда мұңдай жастар ұйымдарының саны республикада жиырмадан асқан. Олар туралы және қазақтың қоғамдық ой-санасын қозғауға күш салған жастар турасында құрылған жылдарына қарай рет-ретімен қолға түскен деректер негізінде барлығын қамти алмасақ та, әрбіріне жеке-жеке тоқталып өтуді парыз санадық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу