05.08.2024
  255


Автор: Болатбек Төлепберген

Алаш партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы

1905 жылы құрылған «Қазақ конститутциялық-демократиялық партиясы» мен 1906 жылы құрылған «Халық еркіндігі» (кадеттер) партиясын қоспағанда «Алаш» партиясы қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы. Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы қазіргі саяси жүйе мен партиялық институттың бастауы. Дейтұрғанменде бүгінгі саяси партиялармен салыстырғанда ұлт мүддесі тұрғысында «Алаш» партиясы ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық қозғалыс жолдарынан өтіп, саяси күресте пісіп жетілгендігімен ерекшеленеді.


 


«Қазақ» газеті 1917 жылы № 234 санында: «Осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары саяси прогаммасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына саяси партия жасалмайынша болмайды», - деп жазған болатын. Өкінішке орай, арада аттай тоқсан жыл өтсе де бұл жағдай маңызын жоймай отыр. Басы ашық мәселе – бүгінгі мүйізі қарағайдай партиялардың ешқайсы да «Алаш» партиясының мұрагері бола алмайды. Бұған жиырмасыншы ғасыр басында аз ғұмыр кешсе де аты алты алашты шарлап, қысқа уақыттың өзінде бай мұра мен үлкен тағылым қалдырып кеткен «Алаш» партиясы мен жиырма бірінші ғасыр басындағы бүгінгі партияларымызды салыстыру арқылы көз жетері анық.


Жиырма бірінші ғасыр басындағы қара күздер жиырмасыншы ғасыр басындағыдай бұрқасынды емес, бiрде бұйығыңқы, бiрде жылы шырай. Әдеттегiше, ауыс-түйiстен ада болмайтын саясатыңыз да сапырылыстан аулақ. Тек саяси күштердiң ғана белсендiлiгi артып, бiртоға қан қысымын жоғарылатқысы келгендей кейiп байқатады.


Не керек, үлкенi бар, кiшiсi бар саяси күштерiмiз сайланып, бiр-бiрiнен қалып қоймайын дегендей, бiлек сыбана кiрiсулерiне қарағанда құдды бiр саясатымыздың қара қазаны әне-мiне бұрқ-сарқ қайнайтындай әсер бередi де тұрады. Әйтеуiр, бұл бiз үшiн жаңа бiр кезеңнiң басталғанының белгiсiндей көрiнгенi рас. Олай деуiмiзге негiз – жаңа және ескi көзқарастан құтыла қоймаса да, ендi жаңа көзқарасқа үйренiсуге көндiгуде. Жақсысынан үйренiп, жаманынан жиренуге күш салуда. Көппартиялылықтың не беретiнiн көрiп-бiлiп, өткен уақытта адамды мемлекет асыраса, ендi мемлекеттi адам, адам болғанда оның ақылы, күшi мен жiгерi асырайтындығын мойындай бастады. Яғни, халықтың әлеуметтiк зердесi ғана емес, саяси санасы да сақаятын сыңай танытты.


«Саяси күштер: сапта бар, санатта жоқ» деген сөз көп айтылады. Бұлай деуге елiмiз еркiндiгiн алған уақыттан бергi кездегi олардың стихиялы әрi науқаншылдыққа толы әрекеттерi дәлел. Осы мезгiлге дейiн халқымыз «Бәлен партия экономиканы iлгерiлететiн тетiкке қол жеткiзiптi немесе әлеуметтiк мәселенi шешудiң тиiмдi жолын ұсыныпты» дегендi ести алмай-ақ келедi. Мұның себеп-салдары сан тарау емес пе? Жаппай саясат соққыштық қасиетке әлеумет болып бой алдырған сонау тоқсаныншы жылдары өркениеттi елдерде саясатпен халықтың он пайызға жуығы ғана айналысатындығымен (оның өзiнде қызметi соған тiкелей байланыстылары) санаса бермедiк бiлем. Нәтижесi белгiлi болды. Қаптаған партия мен түр-түсiн танып болмайтын қоғамдық бiрлестiктер аяқ аттатып жүргiзбей қойды. Шын саясаткер мен саяси партияның бет-бейнесiн бедерлеу бүгiнгi күннiң үлесiне қалыпты.


Елдегi саяси партиялар қайта тiркеуден өттi. Бұрнағы өмiр сүрiп келген он тоғыз партиядан оншақтысы қалды. Бұл саяси күштерiмiздiң қаншалықты салмақты-салмақсыз екенiнiң таразысы iспеттес. Олай дейтiнiмiз, бесеу емес, он емес, жиырмаға тарта партия тiркеуде тұрғанмен, белсендiлiгi төмен, беделi де жоқ болуы – соншалықты көптiгiнен-ақ партиялық жүйесiздiктi туғызды. Көпсандылық сапалалыққа өтпедi. Себебiне үңiлiп көрейiк. Батыс саясаттанушыларының айтуынша, қандай да елдiң саяси жүйесiнде партиялар әлсiз болса, онда оларға ықпалды топтар бар көрiнедi. Осы көзге көрiнбейтiн топтар барлық саяси қойылымдарда, әсiресе, науқан кездерiнде басты ролдерде ойнайды. Мұндай жағдайда партия туралы заңды құнттап қоймай, оларға ықпалды күштердiң әуселесiн байқайтын тәртiп-ереженi бекiтiп қою қажеттiгi туындайды. Сонда жұмбақ кейiпкерлердiң, кiмнiң кiм екенi анықталып, елдегi партиялар ауа райын сол партиялардың өздерi жасап жүргендiгi, не ықпалды күштер басқарып отырғандығы белгiлi болар едi.


Қалай дегенмен де, әлi балаң демократияны бастан кешiрiп жатқанымыздың көрiнiсiндей халықтың белгiлi бөлiгiн артына ертпек түгiлi, әлi жете танылып үлгере алмаушылық саяси күштерiмiзге ортақ сипат бередi. Бұл ретте кейбiр партияның науқан кезiндегi пәрмендiлiгiн айтып жатқанымыз ағаттық. Сондықтан анық саяси бәсекелестiктi таңдап алған екенсiз, аянбай тер төгуге тура келедi. Өйткенi, әр қозғалыс, партияның артында халық тұр. Басты мәселе – соны ерте бiлуде. Тобыр аңғалақтау болғанымен, халық ақылсыз емес. Тәуелсiздiк алғалы берi талай нәрсенiң дәмiн татып бiлдi. Ненiң не екенiн түсiнiп, айыра бастады. Қазiр «қандай саяси күш несiмен ерекше, маған не бередi» деп, мәселенiң мәнiне үңiле бастаған кез. Алаңға шығып айқай-сүрең салу, аштық жариялау немесе бас қосып алып бос сөздi боздата берудiң берерi шамалы екенiн халық аңғарды. Жеке басының тағдырын қандай да бiр саяси күшке телу үшiн он ойланып, жүз толғанатын жағдайға жеттi.


Бiздiңше, мейлi билiкке болсын, мейлi басқа бәсекелестерiне болсын, шынайы оппозицияға шығу үшiн, басты сынақ – халықтың сенiмiнен сүрiнбей өту – саяси күштерiмiз бағындыра алмай жүрген биiктiк. Мұны бiздегi партиялар мен қозғалыстарға ортақ сипат деп бағаласақ еш сөкеттiк жоқ. Айталық, бiр кездердегi «Азат», «Алаш», «Желтоқсан» секiлдi қайбiр партия, бiрлестiктердiң құрғақ аттандаулары ақыры iштей ауызбiрлiктiң жоқтығынан өзара ыдырауға апарып соқты. Бiр кездегi «Халық конгресi» сынды партиялар өздерiнiң конструктивтiк оппозицияға шыққанын жариялап жар салғанымен, науқандық деңгейден аса алмағанын аңғартты. Ал, сонау бiр жылдары қалталылар құрған «Жаңа буын» қозғалысы қаржыларын өз мүдделерiнен, әсiресе, өздерiн жарнамалаудан аямай-ақ жұмсағанымен, жалаңдыққа бой ұрды. Тiзiмге ерiк берсек, малтығып қаларымыз хақ.


Бұдан кейiн де осы сүрлеу-соқпақ жалғаса берсе, саяси күштерiмiз жеңiске жетпек тұрмақ, сауыға алмасы анық. Сондықтан да, аталған жайттардың алдын-алуға «Саяси партиялар туралы» жаңа заң көптеген саяси партия атын жамылып жүргендердiң тағдырын шешiп беруге септесер деген сенiмдемiз. Әзiрше, саяси күштерiмiз сапта болғанмен санатта жоқ.


Ұлттық партия не үшiн қажет? Жалпы партия сөзi гректiң Рагtiо атауынан шыққан, «топ» деген мағынаны бiлдiредi. Ресей саясаттанушылары «саяси партия дегенiмiз – барлық индивидумдарға ортақ мүдделер мен идеялардың негiзiнде бiрлесе саяси iс-әрекет жасау үшiн құқықтық мемлекеттiң iшiнде құрылатын еркiн қоғамдық топтар» деп анықтама бередi. Мұндағы «ортақ мүдделер мен идеялардың негiзiнде бiрлесу» ұғымы «Қай, қандай мүдде мен идея?» деген сауалды туғызады. Сонда, өткен он жылда партияларымыз қандай бағыт-бағдарды ұстанды, болашақта қалай болмақ?


Партиялар мен саяси қозғалыстардың құжаттарына қарасаңыз-ақ, олардың бет-бейнесi айқындалады. Әлбетте, көпшiлiгiнiң бағдарламаларында мемлекеттi және оның қоғамдық үрдiстердi басқарудағы рөлiн нығайту мiндетi қойылғанын айтқан жөн. Алайда, аталған мiндет қайсыбiрiнде бұлыңғыр, түсiнiксiз баяндалады, «құқықтық мемлекет туралы» ойлар жиi қолданылғанымен, оның мәнiн әркiм өзiнше таратады. Сонау 1989 жылдың басынан 1991 жылдың аяқ шенiне дейiн көпұлтты және бiр ұлтты партиялардың, қозғалыстар мен ұйымдардың құрылып, негiзi қаланғанымен, саясаттағы ұлттық концепцияларын бас құжаттарында баса көрсете алмады. Мақсат-мұраты анық айқындалмаған осындай стихиялы бастаудың аяғы көбiсiнiң ауа жайылуына алып келдi. Содан да шығар, тоқсаныншы жылдары дүниеге келген «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы мен «Алаш» ұлттық тәуелсiздiк партиясы бiрден-бiр ұлттық бағдар ұстанушылар тобын бастап шыққанымен, жүйелi жұмыс жүргiзе бiлмедi.


Ақиқат салыстыру арқылы айқындалып жатады. Айталық, Ресей бұл жағынан бiзден әлдеқашан көш iлгерi алға озып кеттi. Оның үстiне орыс ұлты өз жерiнде басымдық танытып, «орыс мәселесi» сұрағы мазалап жатпаса да саясатында ресейлiк үстем ой бiр бәсеңдемегенi бүгiнде айдай әлемге аян ресейлiк партиялардың бағдарламалық құжаттарындағы алға қойған басты мақсаттарындағы үш негiзгi бағыттың бiрi – ұлттық (славяндық, орыстық) сана-сезiмдi түлету, күштi (әрқилы нұсқаудағы: демократиялық, монархиялық, пәрмендi президенттiк билiгi бар) мемлекеттi қайта құру – қай-қайсысының да жарғысынан жасқаншақтамай-ақ ойып орын алған. Кешегi кеңестiк империяның бас дирижерi ретiнде жетпiс жылдың iшiнде жүзге тарта ұлт пен ұлысты мидай араластырып, жер бетiнен мүлде жойып, орыстандырып жiберген Ресей бүгiнде ұлттық бағытты саясатында бағдаршам етiп алғанда, бiзге не жорық?


Бұдан шығатыны, кеңестiк коммунистiк партияның басты мақсаты – орысшыл, ұлтшыл елге айналу екенi ешкiмге жасырын емес. Әлгiнде айтқандай аталған орыс мүддесi қазiр де үстем түспесе, кем соғып жатқан жоқ. Оған өз алдына мемлекеттiгiн жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында-ақ берiк iргетас қаланған. Сол кездегi Ресей саясаттанушыларының анықтауынша шартты түрде төрт топқа бөлiнген анағұрлым ықпалды партиялар мен қозғалыстардың басында ұлт жанашырлары тұр. Осы топтың ұзын саны да орасан: Ресей Ұлттық-республикалық партиясы, бүкiлресейлiк «Отчизна» патриоттық қозғалысы, Ресей қайта өрлеу одағы, Халықаралық славян соборы, ресейлiк халық жиналысы мен ұлттық-патриоттық бағдар ұстанған партиялар мен қозғалыстар. Бүгiнде бұл тiзiм уақыт өткен сайын талапқа сай жаңғырған, жаңаланған, бастысы, iзденiс үстiнде жетiле түскен. Сөйтiп, орыс демократиясы осы жолмен бара жатыр. Өркениеттi Еуропа елдерiндегi партиялардың статусы мен қызметi әркелкi, бiрiнде – заңмен, келесiсiнде конституциялық нормалармен айқындалғанымен, олардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да тұрғылықты ұлттың мүддесi бiрiншi орында. Жаһандастыруға жанын салып қарсылық бiлдiрiп жататыны содан. Тiптi Ұлыбританияда,Швецияда және Канадада, тағы басқа елдерде партиялар туралы арнаулы заңдар болмағанымен, олардың ұстанымы жергiлiктi халыққа қарай орайластырылған.


Әдепкi сұрағымызға қайта оралайық. Ұлттық партияның бiз сияқты жас мемлекетке не үшiн қажет екенiн Латвиядағы жағдайлар көрсетiп бердi. Сегiзiншi Сеймге (Парламентке) өткен алты партияның бесеуi оңшыл, ұлтшыл бағытта екен. Қараңыз, жалғыз солшыл күш – «Адам құқығы мен Латвия бiрлiгi үшiн» саяси блогы сайлауда екiншi орын алғанмен (100 мандаттың 24-iн иеленген) келесi жылы орыс мектептерiнiң жаппай латын тiлi оқуына көшiрiлетiндiгiне қарсы тұра алмады. Азшылық көпшiлiкдауысқа амалсыз бағынады. Ендiгi мұндай мектеп деңгейiндегi мәселелер ғана емес, әлгi оңшыл партиялардан сайланған        депутаттар                    қолында       Прибалтика                    республикасының үкiметiнен бастап барлық билiк тұтқалары тұр деген сөз.


Өкiнiшке орай, бiздегi бiрде-бiр партия ұлттық бағытты батыл ұстанып отырған жоқ. Оған бағдарламаларына қарамай-ақ, бүгiнгi бет-бейнесiнен-ақ бiле аласыз. Олардың әзiрше бағыты: космополиттiк, жалпы адамзаттық құндылықтар, демократия!


Президент   Нұрсұлтан   Назарбаев   қоғамымызды   одан    әрi демократияландыру, дамыту тұрғысында пiкiр тоғыстыратын Тұрақты кеңес туралы өкiмге қол қойған. Оның жұмысына депутаттар, үкiмет мүшелерi, президент әкiмшiлiгi мен басқа да мемлекеттiк ұйымдардың, сондай-ақ саяси партиялар мен әр түрлi қозғалыстардың да өкiлдерi тартылды. Ұлт мүддесiн қорғайтын қозғалыс керектiгi осындайда көрiнсе керек. Басқа партиялар ұлттың сөзiн сөйлемейдi деп айтпаймыз, бiрақ қазiргiлерiнiң жарытпайтыны анық.


Сонымен жиырма бірінші ғасыр басындағы сандаған саяси партияларымызбен жиырмасыншы ғасыр басындағы бір ғана «Алаш» партиясын қалай салыстырсақ та атыңнан да, затыңнан да айналайын «Алаш» партиясының қорғасындай ауыр, қауырсындай жеңіл салмағы басып кете береді. Себебі, бар мәселе «Алаш» партиясы қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шын мәніндегі ұлттық-демократиялық партия бола білгендігінде! Бұл бүгінгі саяси партияларымызға сабақ болса керек. Ұлтының шынайы қамын жеген партия ғана тарих төрінен орын ала алады. Оған «Алаш» партиясының тағылымды тарихы жарқын мысал бола алады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу