05.08.2024
  65


Автор: Болатбек Төлепберген

Алаш қозғалысы тарағанымен, Алаш идеясы тамыр алды

Алашшыл жастардың аңысын баққан кеңестік билік алаштық элитаны өзіне қарсы тұрған ықпалды әрі қауіпті күш ретінде бағалап, ақыры есеп айырысу қажет, оппоненттерін түп тамырынан шауып тастау керек деп шешеді. 1926-1927 жылдардан бастап репрессиялық шараларды қолға алған олар 1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік саяси басқарма) алқасының шешімімен А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М. Дулатов бастаған қырыққа жуық Алаш зиялылары түрлі мерзімдерге түрмелерге және концлагерьлерге жабылып, жер аударылады және басқа да жазаларға кесіледі.


1932 жылғы 20 сәуірдегі ОГПУ үштігінің үкімімен жиырмадан астам Алаш зиялылары бес жылға Ресейдің Воронеж облысына жер аударылды. Ал Алашшыл жастардың бірқатары ағаларының ақылын тыңдап, Алаш идеологиясынан бас тартатындықтарын ресми түрде мәлім ете отырып, ұлт мүддесін коммунистік партия қатарында жүріп қорғауға тырысты. М.Жұмабаев, М.Әуезов және Ә.Ермековтер осы жолды таңдағанымен де ОГПУ–дің тепкісін көрді. Өкінішке орай, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Д.Әділов, Ә.Байділдин, А.Юсупов және басқа бірқатар Алаш зиялылары ату жазасына кесілді немесе абақтыда көз жұмды.


Бүгінде Алаш қайраткерлерінен бастап сүргінге ұшыратқан 1937 жылдардың ызғарлы лебiнен ескен сұрапыл зұлматтың зардабы мен салдары қандайлық болғандығын сезiнбек тұрмақ, болжау қиын. Яғни тағылымы зор тарихи нәубеттiң қазiргi жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы турасында ойлану қажеттiгі туындайды. Атап айтқанда сол аға буынның қабырғасын қайыстырып, iргесiн сөгiп кетуге қауiп тудырған зауалдың ендiгi уақытта алдын алу, оның әлеуметтiк зардаптарынан арылу жайы алды орайды. Осы тұрғыда өткен ғасырдың 37 жылдары бетке ұстар ұлт зиялыларын саяси қуғын-сүргiнге ұшыратқан қоғамның қайшылықты қарекетiн таразылау, тарихи жадыны жаңғырту қажеттігі туындайды.


Әрине, 37 жылдары кеңестiк тоталитарлық жүйе жүргiзген солақай саясаттың ауыр зардаптарын арқалаған азаматтар мен сол жылда құрбан болған Алаш зиялыларымен қатар, бiр ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған Қазақстандықтардың жалпы саны 25 мың адамнан асып жығылады. Сонымен қатар, Сталиндiк қылмысты коллективтендiрудiң сұмдық салдарынан 1,5 миллионға жуық қазақ көз жұмды. 1930-1932 жылдары 1,5 милион қазақ КСРО-дан шетелдерге мүлдем көшiп кеттi. 1930 жылы Республикада 5 милион 873 мың адам тұратын – бұл осында көшiрiлгендердiң жалпы санымен бiрдей делiк. 1933 жылға қарай халықтың саны 2 миллион 493 мың адам ғана болды. Ал 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргiннен бастап Сталин дүниеден өткенге дейiнгi аралықта Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның жоғарыда айтып кеткендей 4/1 “ОГПУ –НКВД үштiктерi” үкiмiмен, сот үкiмiмен атылған. Сондықтан бұл кiтабымыздағы алаштану тақырыбын үтiр-нүктесiне дейiн толыққанды болмаса да, жалпылама мәлімет алу үшін де репрессия мәселесіне соқпай кете алмаймыз. Бұл ретте оқырман қауым мейлiнше тауқыметтi тағдыр арқалаған жекелеген Алаш азаматтарының азапты өмiр жолдары арқылы (үшінші бөлімдегі өмірбаяндық анықтамалықты қараңыз) жалпы репрессия турасында мол мағлұмат алады деген ойдамыз. Мұндағы әрбiр аты-жөндерi аталып, өмiрбаяндары берiлген азаматтар деректерiнде репрессияның салған iздерi айшықталып жатыр.


Осы ретте азалы тарихымызға бас ие отырып, құрбан болған аяулы азаматтар рухына тағзым етiп, өткенiмiзге сауап, өткелiмiзге салауат айту парызымыз дегенiмен, дәл мұндай жағдайлардағы шетелдердiң озық тәжiрибесiнен үлгi алу қажеттiгi туындайды. Айталық сол кездегi кеңестiк жүйенiң ықпалында болған Моңғолия мемлекетi елiктегіштiкпен кеңестiк репрессияның артынша-ақ оны өз елдерiнде қайталаған болатын. Кейiннен Моңғолия басшылығы бұл солақай саясаты үшiн халқынан кешiрiм сұрап, құрбан болғандар мен азап шекендердiң ұрпақтарына өтемақы төледi. Бұл жайт турасында оның куәгерлерi бүгiнде сол жақтан ата-жұртқа қоныс аударған ағайынның айтары баршылық. Осы сынды азалы тарихымыздың қасиеттi беттерiн парақтағанда әлi алда атқарар iстердің көп екенiне көз жетедi.


Енді осы отызыншы жылдардың жуан ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық– саяси және психологиялық қыспаққа ұшырағандығына нақты тарихи құжаттармен таныса отырып, көз жіберіп көрсек. Өйткені, дәл сол уақыттары қалыптасқан саяси ахуалдың зілмауыр салмағы тек Алаш элитасын ғана емес, тұтастай қазақ ұлтын жаныштап бара жатты. Бұған көз жеткізу үшін О. Исаевтың БК(б)П-ның I сеьзінде сөйлеген сөзінің төмендегі қысқартылған стенограммасын («Политические репресси в Казахстане в 1937-1938 гг.» Қазақстан, 1998 ж.) шолып шықсақ та жеткілікті.


 


«... Қазақстанда басты қызметте жүрген, Қазақстанның iшiнде түзелмей жүрген адамдар алашордашылармен бiрге iстегендiгi көрiнiп отыр. Сол жолдас, түзелмей қалған адамдарды айтып отырмыз. Нұрмақов секiлдi Мәскеу қаласында бiраз жылдың iшiнде үлкен қызметте отырған, Қазақстанда 1929 ж. дейiн Совнаркомның бастығы болып отыратын, бiр жағынан, совет үкiметiнiң саясаты дұрыс деген болып, екiншi жағынан, Троцкийдiң тыңшысы болып, солармен бiрге жапон, германдардың байларына сатылмақшы болып жүргендiгi көрiнiп, қазiргi уақытта ұсталып отыр. Бұл ненi көрсетедi, жолдастар? Оңшыл ұлтшылдардың, ұлтшыл болып жұрген адамдардың зиянкес, жат екендiгiн ашық, айқын оңшыл ұлтшыл екендiгiнiң әбден анықталғандығын көрсетедi.


...Кешегi жолдастар айтып кеттi, Асылбековтiң Қарқаралыда тұрған уақытта, алашордашыл ұлтшыл Сұлтанбековтердi, солармен бiрге табақтас болып, оларды қонаққа шақырып отырғандары, оңшыл ұлтшылдармен бiрге үйiрлес болғандығы туралы бiрқатар жолдастар айтып кеттi. Дұрыс айтты, ол сөйлеген жолдастар одан да көбiрек айта түсу керек едi. Бұл партия мүшесi, бұрын партияға мүше болып едi ғой, не болмаса бiрге жұмыс iстеп едiк қой деген қазақшылықты тастау керек.


Бұл жөнiнде қазақшылықты қойып, партияның жолындағы саяси адам болу керек. Аты аталған екi жолдастың, Нұрсейiтов және Асылбеков жолдастар сияқты аңғармай қалып, дұшпанмен бiрге астасып отырғаны көрiнiп қалды. Бұдан қандай нәтиже туды? Бұдан анау кұнгi VII партия конференңиясында ұлы маңызды, жеке алынған ұлт мәселесi туралы қаулының орынды болғандығын көрсетедi. Үкiметтiң, партияның мақсатына қарсы iс жүргiзiп отырғаны, осылармен күресудi, әсiресе жоғарғы қатарға қоюдың керектiгiн көрсетiп отыр. Бұл жөнiнде VII конференцияның қаулысы бiздiң қолымыздағы айқын программа. Осыны айқын iске асырып отырып, ұлштылдар, тройцктстшiлдер, оңшылдардың бәрiн жойып бiтiру керек.


... Екiншi әңгiме жолдастар мынау. Соңғы уақытта партияның тарихын үйренiп, соны жұртқа түсiндiру туралы бiраз әңгiмелер бар, бұл әңгiменiң бiр жағы қазақтың контрреволюцияшыл ұлтшылдарымен күреске байланысты. Бұл туралы бiраз жолдстар айтып өттi. Олардың айтқаны, Алаш-Орда Октябрь революциясынан бұрын болса да, ол революцияшыл патшаға қарсы күрес жүргiздi деген әңгiме бар дедi. Бұл дұрыс теория емес, зиянды теория. Бiрқатар жолдастар айтты, бұл туралы зиянды теориялардың бар екенi даусыз. Бұл жөнiнде менiң де қатем бар. 1927 ж. Өлкелiк партия комитетiнде Мартыновтың бiр тапсырмасы болды. “Алаш-Орда туралы барлық қағаздарды, документтердi жина, соны басып шығару керек” – дедi. Алаш-Орданың кiм екендiгiн, қандай iс жүргiздi деп, осы документтердi терiп, басып шығарудың өзi ол уақытта қате болған екен. Өлкелiк партия комитетiнiң саяси қатесi осы.»


Әрине бүгін біз сол кездегі замананың ығымен кезінде Алашшыл азаматтарға қара күйе жаққан адамдарды айыптай алмаймыз. Оның әлі әділ бағасын беретін уақытты төрешілікке қалдырамыз. Дегенмен құжаттың аты құжат. Әсіресе қазақ тарихында өзіндік орны ғана емес, тағылымы зор саналатын Алаш қозғалысына, оның қайраткерлеріне қатысты мәселелердің күнгейі мен көлеңкесінің барлық қырын қамтитын құжаттарды рухани айналымға шығару міндетіміз. Бұл бір жағынан зерделер тақырыбымызды толыққанды айшықтай түсері анық.


Жалпы кезінде биік мінбелерде сөйленген немесе мерзімді басылым беттерінде жарық көрген негізсіз сындарды авторлары өз еріктерімен айтты ма, әлде әлдебіреулердің нұсқауы немесе қысымы арқылы жүзеге асырды ма дегенге сол құжаттардың өздері жауап беріп тұрғандай. Бұл жағын, яғни мәселенің ақ қарасын таразылауды зерделі оқырманның өзіне қалдырдық. Ал коммунистердің қызыл қырғын мен азапты сүргінді қалайша қаныпезерлікпен жүргізуге деген шамадан тыс белсенділіктеріне аталған құжаттар айғақ болары анық.


Сонымен жоғарыдағы алқалы жиында қатталған және бір құжатқа кезек берсек. Назарларыңызға ұсынып отырған Жүсіпбековтың өз баяндамасы бойынша сөйлеген қорытынды сөзі («Политические репресси в Казахстане в 1937-1938 гг.» Қазақстан, 1998 ж.) сол тұстағы қызыл коммунистердің ортақ прототипін көз алдыңызға әкелері анық. « Мен Лепесов, Шағыров қорытындыларына толық қосыламын. Бiздiң қатемiздiң түбi Орталық Комитеттiң февраль пленумының және Сталин жолдастың баяндамасына толық қорытынды жасай алмадық. Жазушылардың пленумiнде Сәбиттiң сынға қарсы болған қорытынды сөзiне соққы бермедiк. Бiздер сынды, өзара сынды бастадық, бiрақ оны кейбiр жолдастар бұрмалағысы келедi. Кейбiр жолдастар Орталық партия Комитетiнiң органдарының сыны дұрыс, бiрақ кей жерде асырып кетедi дейдi (Сәкен, Iлияс).


Бұл дұрыс емес.


 


Менiңше “Қазақстан правдасы” мен “Социалистiк Қазақстан” сыны толығынан дұрыс. Вечерный газеттiң Сәкен туралы асырғандығы рас, оған мен де қосыламын. Бiз қатенi түзегiмiз келсе, Орталық Комитеттiң органдарының сынын толығымен ешбiр оговоркасыз дұрыс деу керек.


“Сәкеннiң инерциясы тiптi дұрыс емес. Осындағы жолдастардың сөздерiн еске алып, қателiгiмiздi жете мойындап, оны жоюдың шарасын керсетiп, қаулы алу керек. Қаулымызда Сәбит туралы қатты айту керек. Оны тез шақырып, партиялық мәселесiн қарау керек.


Майлин туралы жазушылар правлениесiнiң партгруппасы қаулысы дұрыс деумен бiрге, қатты ескерту беру керек. Сәкен, Жансүгiров жолдастарға ескерту беру керек. Бүгiннен байланысты iс жүзiнде орындамағандарды да, контрреволюцияшыл ұлтшылдықпен, оған ауа жайылған уклонмен iс жүзiнде күреспегендердi катты жазаға тарту керек. Зиянды шығармаларды таратуды тоқтатып, жою керек. Сынды, өзара сынды, ең алдымен, халық жауларының зиянкестерiн, қалдықтарын құртуға, оған ымырашылдық кылғандарға жұмсау керек.


Ендi бiз конкретный iске кiрiсуiмiз керек. Газет-журналдарымыз саяси өткiр, өзара сынға басшы, жетекшi болу керек.»


Алдымен қазақ зиялыларына осылайша қысым жасаған коммунистік билік жүйесі оларды ең бірінші сынап көруді мақсат тұтқан ба деп қаласың. Және де басты нысанаға қалам ұстаған қайраткерлердің ілігіп, өңменнен өтер өткір сын тезіне олар қашанғы шыдар екен деген арам пиғыл да көрініс беріп қалады. Амал не, мұндай қыспаққа ашық қарсы келсе, қырқып түсуден тайынбайтын қырағы биліктің саясатын түсінген әрі ұлт тағдыры ұстараның жүзінде лыпып тұрған уақытта әрбір қазақ зиялысының өмірі қымбат еді. Сондықтан да сол кездегі қазақ элитасы мұндай жағдайда да есесін жіберместен, ұлт ісін ұрандатпай ақ тындыруға кірісті.


Дегенменде шектен шыққан орынсыз сын және жазықсыз жала мен налаға қапысын тауып, тігісін жатыстырып жауап берген қазақ зиялылары да бар. Айталық жоғарыда аталған мәртебелі жиналыста сөз алған Сәкен Сейфуллин сынның шын болғаны керек деген ойын білдіреді («Политические репресси в Казахстане в 1937-1938 гг.» Қазақстан, 1998 ж.). Оған төмендегі сұңғыла суреткердің саясаткер ретінде сөйлеген сөзі дәлел.


«Газеттердiң көтерген сынының дұрыс екенiне мен де қосылам. Сынға өкпелемеу керек. Сын iлгерi бастырады. Бiздiң сыншыларымыз әр нәрсенi уақытында айту керек. Бандитке Сәкен өлең арнады дейдi (Ол уақытта ол бандит емес едi, политбюро мүшесi едi. Ол бандит екенiн бiлсем мен жазам ба?). Сыншыларымыз осы жағын ескермейдi. III конференцияда (1922 ж.) “Азия” туралы Яросланский сынап, зиянды өлең екенiн айтты, сонымен қатар “Домбыра” туралы сөз болды. “Бенде” деген сөзiмдi Троцкийдi банды деп айтты деп те сөз болды. “Банды” деген кiнәнi жуу үшiн 1924 ж. барып “Домбыраны” Троцкийге арнап бастым. 1928 ж. қате екенiн айтып өзiм мақала жаздым. Журналға да жаздым. 1932 ж. ҚазПИ-де айтылды. 1932 ж. Жаманқұловтың баяндамасында да айтылды. Партия сайлауларында да биыл арыз бердiм. Қысты күнi Крайкомға да арыз бердiм. Сондықтан сыншылар датаны ескеруi керек едi. 1922 ж. “Азияны” 1928 ж. қайталады, 30 мың сомнан артық ақша алды деген сықылды өтiрiк сынға қосылуға, дұрыс деуге бола ма? 1922 ж. “Азия” сықылды өлең жазсам, одан кейiн ондай өлең жаздым ба? Жоқ, жазғам жоқ, қайталағам жоқ. Ендi сол үшiн ұра беру керек пе?


Өзiм бiлетiн бойымдағы кемшiлiк – менде шабандық бар, айнала алмаушылық бар. Бiр отырсам отыра қалам да, бiр жүрсем жүрiп кетем. Сосын шаршап жаза алмаймын. Бiр нәрсеге кiрiсуiм қиын да, кiрiссем бiрден отырып қалам. Массамен байланыс жөнiнде айтарым: iстеп жатқан массамен байланыс жоқ екенi рас. Жұртпен сөйлесу менде жеткiлiктi (хат алу, әңгiмелесу, көрiсу, танысу – олар бар). Тәуiр жазу үшiн массамен, өмiр, өндiрiспен байланыста болу керек. Рас ол байланыс менде жоқ.


Жаулармен байланыс деген ретте айтарым мынау: “Тар жол тайғақ кешуде” жаулар кiрiп кеткен себебi – бұл кiтап шыққан кезде Нұрмақов, Асылбеков, Сарымолдаев ол кезде жау екенi ашық болмаған едi.


Асылбековпен 1932 ж. байланысым жоқ. Нұрмақовты Мәскеуде көрiп қоятындығым болмаса, сырлас болған байланысым жоқ. Байтұрсынов, Қоңыратбаев, Айсарин, Валиахметовтер туралы – оларды маңайға жуытпау керек дегем. Ол фактiнi осындағы жолдастардың бәрi де бiледi.


1920 ж. наркомснабтың журналына мақала жаздым. Сонда Байтұрсыновты коммунизм жағына шықты деп қана жаздым. Асыра мақтаған жерiм жоқ.


Мағжанның бiздiң арамызға кiруiне тiптi қарсы болдым. Кемшiлiктерiм көп. Қырағылық еткенмен оны жерiне жеткiзбейтiн


жерлерiм де болады.»


 


Сәкен ақын осылайша ағынан жарылады. Өзі коммунист болса да, қызыл коммунистерше ерсілі қарсылы ешкімді айыптамайды, ғайбаттамайды. Қайта мейлінше ұстамды пікір білдіруге тырысқанын аңғарар едік. Өзі туралы артық әрі өрескел бұрмаланып айтылған пікірлердің иелері қолай көрмесе де ақ екенін, адал екенін білдіруді алдына қаймықпай мақсат етіп қояды.


Бұл ретте сол кездері қазақ зиялылары бір-бірімен жаға жыртысты, бір-бірін ғайбаттады деген тұрғыдағы әңгімелерді айналып және өте алмаймыз. Бірақ бұл мәселеге бүгін біз салиқалы ой, зерделі көзбен қарауымыз қажет. Себебі, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ халқының басындағы сындарлы сәт ұлт зиялыларына да оңай соқпады. Әрі бұл уақыттағы қазақ элитасы білімі мен білігі жағынан да, мәдениеті мен интеллектісі жағынан да әбден толысқан, биік санатқа көтерілген ерекше дарынды толқын өкілдері еді. Мұндай жағдайда тартысты пікір қайшылығы мен сан түрлі балама ойлардың болмауы мүмкін емес еді. Яғни, олар әрбір мәселеге байыппен қарады, салмақты оймен саралады. Ортақ жайттарда келіспейтін жағдайлар да кездесті. Принцпті мәселелерде әркім өз пікірінде қалды. Тек бұра тартпады. Иә, ашық дауласқанымен жасырын жауласпады, астыртын аңдыспады. Сол кездегі қазақ зиялысы бірін бірі дұшпанның оғына байлап берді, сатты деген басы ашық деректі ешкім келтіре алмасы анық. Бастысы ұлт мәселесіне келгенде жұдырықтай жұмылып, біріге білді. Жеке бастың амбициясынан гөрі, ұлтының ар ұжданы биік тұрды. Сөз жоқ, бұл Алаш қайраткерлерінің қазіргі қазақ зиялысынан артықшылығы да, айырмашылығы да еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу