Әңгімелер ✍️
Алашшыл жастар ағалар ісін жалғады
Қазақ жастарының тұңғыш ұйымы 1915 жылы құрылған «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымы болып табылады. Бағыты қазақ ұлтын сақтап, халықтың ұлтжандылық сезімін оятып, мәдени-әдеби жағынан алғы елдердің қатарына қосылуды көздеген әрі аты айтып тұрғандай бүкіл жастарды бірлікке шақырған «Бірлік» ұйымы Омбының ойлы қазақ жастарының табандылығымен дүниеге келген болатын. Алайда 1918 жылы төңкерістен кейін замана ығына қарай ыңғайлана қойған «Бірлік» ұйымының мақсат-мұраты құбылмалы мүшелері райларынан қайта бастағанда, ұстанымдарына берік мінез танытқан С. Садуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы және Г.Досымбекқыздары қазақ жастарының басын қосып, жоғарыда айтып кеткен «Жас азамат» ұйымын құрды. Осылайша «Бірліктің» бастапқы бағытын, оның жұмысын, дәстүрін одан әрі жалғастырған «Жас азамат» ұйымы дүниеге келеді. Басты мақсат -қазақ ұлтының тәуелсіздігі мен теңдігі. Бұл аталған ұйымдар сол кездегі қазақ жастарының ұлт мүддесі тұғысында біріге қимылдай алғандығы мен олардың қоғамдық белсенділігінің жоғары болғандығын көрсетсе керек.
Ал билік қарамағында да жастарға қатысты құрылымдарбаршылық еді. Соның негізгілері – Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросы және Қазақ Автономиялы республикасының Жастар одағы. Аталған құрылымдар қазақ жастарымен тікелей жұмыс жасайтын әрі 1920 жылдары қызметтері күш алған болатын. Осы жылы Сібір төңкерісшіл Жастар Одағы комитетінің (РКСМ) қырғыз (қазақ)-татар секциясы қанатын кеңге жайып, қазақ ауылдарында жастар ұйымдарын құра бастайды. Смағұл Садуақасұлы бастаған өрендер бұл ұйымдарды «Жас азаматтың» дәстүрін одан әрі жалғастыратындай етіп құруға күш салды. Омбы жастарының орыс тілінде шығатын «Юношеская правда» журналы ( № 3, 15 шілде, 1920 жыл): «Осы жылдың 3 мамырынан бастап іске кіріскен қазақ-татар секциясы (құрамында 3 қазақ, 2 татар бар) жұмыс барысында әр ұлттың салт-санасы, тұрмысы әрқилылығына сәйкес жасайтын тірліктерінің мазмұнын да өзгертті. Қазақ қызметкерлері қазірдің өзінде Атбасарда, Қызылжарда, Көкшетауда (Омбы губерниясы), Павлодарда, Қарқаралыда (Семей губерниясы) жастар ұяларын құрып үлгерді. Қазақтың бұл елді-мекендеріндегі жастар ұялары сауық кештерін жасап, спектакльдер қойып жүрген көрінеді,» - деп қызыға да қызғана хабарлайды. Бұл Сібір РКСМ-ның қазақ-татар секциясы апта сайын «Еңбекшіл жастар» мен «Кызыл шарх яшляри» газеттерін шығарып тұрды.
Осы кездердің өзінде Қазақстанның қалалары мен қатар шалғай ауылдарының өзінде жастар ұйымдары белсенді жұмысжүргізді. 1917 жылы Әулиеата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды. Сондай-ақ Ақмолада да сол секілді «Жас қазақ» ұйымы жұмыс істеді.
1920 жылы 12-18 қыркүйек аралығында Күншығыс ұлттары жастарының Бүкілресейлік бірінші конференциясы өтеді. Оған өкіл болып барған Сұмағұл Садуақасұлы қазақ ұлтының жастары атынан мінберден сөз сөйлейді. Осы жиналыста ол Күншығыс жастарының тоғыз кісіден тұратын кіндік бюросына мүше болып сайланады. Қазақ жастарының жас та жалынды жеткешісін байқаған Қазақстан өкіметінің басшылары оны 1920 жылы қыркүйек айында Орынборға арнайы шақыртып, Аймақтық жастар комитетінің хатшысы етіп тағайындайды.
Осы ретте Л.Гумилев атындағы университеті Алаштану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының мына базынасын құлаққағыс қылғымыз келеді: «...Осы күнгі Жастар одағы басшылары С.Садуақасұлы хақында дым білмейді десе болғандай. Олардан Қазақстанда алғашқы Жастар Одағының ұйытқысы болған кімдер деп сұрасаңыз, қыршын ер Ғани Мұратбаевты ғана атаулары мүмкін. Алайда олар Ғани ағамыз түркі, мұсылман ұлттарына ортақ Отан болған Түркістан Автономиялы республикасы жастарына жетекшілік еткенін біле бермесе керек. Ал енді келешекте «Қазақ Автономиялы республикасы Жастар Одағының тұңғыш хатшысы кім болған» деген сұраққа қате жауап берілмесе екен дейміз.»(Смағұл Садуақасұлы, «Қазақстан» баспасы, 1995 жыл)
Ал Қазақстанда кеңес үкіметі құрылғаннан кейін жастар қозғалыстары да өріс алды. 1921 жылғы шілдеде Орынбор қаласында Қазақстан комсомолының І сьезі болып өтті. Осы ретте айта кетерлігі кедей шаруа отбасынан шыққан Ғани Мұратбаев (1902-1924) Қазақстан мен Түркістанда комсомол ұйымдарын құруда ерекше белсенділік танытып, осы кезеңдегі қазақ жастарының жалынды жеткешісіне айналды. Бұған басты дәлел Түркістан комсомолы Орталық комитеті Қырғыз (Қазақ) бюросының тұңғыш төрағасы болып еңбек еткендігі еді. Ал қыршынынан қиылған дарынды жастар жетекшісі өмірінің соңғы сәттеріне дейін коммунистік жастар интернационалы Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.
Жиырмасыншы ғасыр басында мүлгіген қазақ қоғамын ұйқысынан оятқан, жан-жағына сын көзбен қарауға үлкен ықпал еткен сөз жоқ, екінші мыңжылдық басында шыға бастаған қазақ басылымдары болатын. Алдымен көзі қарақты қазақ жастары рухани серпілістің қасынан табылып, қатарлары да көбейе бастады. Бұл құбылыс әсіресе сол кездегі Омбыдағы қазақ жастарына үлкен әсер етті.
Айта кету керек, 1907 жылы жарық көрген «Серке» газетіне дейін шыққан «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1882) мен «Дала уалаятының газетінің» мақсаттары патша өкіметінің жарлық-бұйрықтарын қазақ даласына жеткізу болғандықтан, аталған басылымдар ұлттың үнжариясына айнала алмады. Ал қазақ ұлтына қызмет ету мәселесі «Серкеден» басталып, бұл дәстүрді одан әрі «Қазақстан» газеті (1911-1913), «Айқап» журналы (1911-1915) және «Қазақ» газеттері (1913-1918) жалғастырды. Осы басылымдарда жарияланған дүниелер ұлт болып ұйысуға, елдік пен бірлікке үндеді. Сондай-ақ қазақ өрендерінің ұйқыдан өре түрегеліп, оянуына ғасыр басында там-тұмдап болса да жарыққа шыға бастаған кітаптардың да едәуір ықпалы болғаны анық. Жаңалыққа жаны құмар жастар аға буынның үлгілі істерін іліп әкетті. Қазақтың ағартушылық әдебиеті қанатын кеңге жая түсті. Бұл ретте 1928 жылы Мәскеудің «Огонек» акционерлік баспа қоғамынан қазақтың талантты жас жазушыларын әлемге таныстыру мақсатында орыс тілінде жарық көрген «Жас Қазақстан» («Молодой Казахстан») жинағын айта кету керек. Смағұл Садуақасұлы құрастырған бұл жинаққа М.Әуезов, Ж.Аймауытов және Б.Майлин сынды майталман жас жазушылардың әңгімелері
енген болатын.
Ал қазақ жастары арасындағы тұңғыш қолжазба журнал Уфадағы «Медресе Ғалия» шәкірттерінің еңбегі – «Садақ» (1915-1918) болатын. Қазақ жастарының тұңғыш ұйымы 1916 жылдары құрылған «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымының «Балапан» қолжазба журналы талай өрендердің қаламын ұштап әрі алашшыл жастардың шығармаларын басып тұрды.
Осы ретте қолжазба журналдар нендей қажеттіліктен туындады деген заңды сауал алды орайды. Бұған басты себеп, Алаш туы астында біріккен аға буынның патша цензурасына қарамай қажымас қайрат көрсетіп, қайтпас мінез таныта жүріп шығарған басылымдары жастарға жол сілтеп қоймай, олардың бой көтеруіне қатты әсер етті. Содан жастар да қарап қалмай, ой-мақсат, арман-аңсарларын қағазға түсіріп, бұқара халыққа таратқысы келді. Міне, қолжазба журналдар осындай жолдармен келіп, жарыққа шығып жатты.
Бұдан кейін дүниеге келген «Жас азамат» ұйымының үні «Жас азамат» газеті 1918 жылдары шыға бастайды. 1920 жылдары Омбы қаласында шығып тұрған «Еңбекшіл жастар» апталық газеті, 1922 жылғы жастардың «Өртең» атты газеті, сондай-ақ 1923 жылдары жарық көрген «Жас қазақ» журналы, «Лениншіл жас», «Жас қайрат» газеттері аттары басқа болғанымен, іс-әрекет, мақсаттары бір болып, сол кездегі қазақ жастарының мәселелерін жан-жақты қозғады. Бұлардың ішіндегі «Жас азамат» жастар газеті болса да Алашорданың мақсат-мұратын ашық насихаттаған «Қазақ», «Абай» және «Сарыарқа» секілді басылымдармен қатар, иық тірестіре Алаш идеясын асқақ ұстады. Айталық әрбір санында: «Жасасын Алаш! Жасасын Алаштың көшбасшылары! Жасасын Алаштың жаужүрек ұлтшыл жастары!»-деп ұран тастап,-«Алаш Орда тігілді. Ақ ту көтерілді. Енді әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс» (№ 1, 30 шілде, 1918 жыл) деген жүрек жарды ойларын жеткізіп отырды. «Қазақ» газеті 1918 жылы алашшыл жастардың жігерін жанып, «Жас азамат» атты мақала басады. Онда аталған басылымның мақсат мұратын кеңінен таныстыра отырып, газетті тоқтаусыз шығарып тұруға ат салысуға шақырады. Және де ең бастысы, осы бағытта жастардың жұдырықтай жұмылуына, бірігуіне үндейді. Төмендегі бұл мақаланың мәні мен мазмұны танысып шыққан адамға бүгінде
өте маңызды екенін аңғарар еді.
«Жазғытұрым Омбыда қазақ-қырғыз жастары ұйымдарының съезi болған. Съезде байланған қарардың бiрi газет шығару едi. Сол қарар бойынша, Қызылжарда 30 июльден берi жетi сайын «Жас азамат» атты газет шығып тұр. Газеттiң мақсаты-бағыты туралы бiрiншi нөмерiнде айтылған, «Жас азаматтың» мақсаты, негiзгi жолы – ұлт бостандығы, ұлт тендiгi. Бұл тiлекке жету үшiн «Жас азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыратын, дұшпанға күштi, досқа қуаныш салатын, iргелi ел қылатын бiрлiктi қолданады. Әлсiздi күшейтетiн, ауырды жеңiлдетiп табиғаттың қожасы шаруа мәдениетiн қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкi тамыры әдiлдiктi қолданады.
Осы айтылған жолдарды қарсы күш, қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстың кедергiлерi тұрса да «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берiк. «Жас азамат» қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпiндi ұлтшыл жастардың рухы сөнгенi, ұлт үшiн ыстық қан, жас жан құрбан деген пiкiрден қайтқаны. Жоқ! Бұл мүмкiн емес. Жүрекке нық байланып, ыстық қанға сiңген зат бiр буыннан бiр буынға көшiп отырған қасиеттi мұра. Алты миллион Алаштың жарық ойлы жастары ортасындағы жалғыз «Жас азаматты» әлпештеп асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, қаламға, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегiне таңба... «Жас азаматтың» ғұмыры ұзын, алды ашық, жүзi жарқын болсын. Жiгерлi жастар, кең ойлы қарттар «Жас азаматты» көркейтуiне бiз де сенемiз. «Жас азамат» қазiр серiктiк пұлымен шығады. Серiктiк жарнасы 50 сомнан кем емес. Артық болса, тым жақсы. «Жас азаматтың» жылдық бағасы 20 сом, жарты жылдығы 11 сом, үш айлығы 6 сом. Адресi: г. Петропавловск. Акмолинс. обл. «Жас азамат».»
Сондай-ақ «Жас азамат» (№ 1, 30 шілде, 1918 жыл) сол тұңғыш санында: «Жастар! Алда жүрген Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңдар» - деп, дұрыс жол сілтей білсе, ағалары атынан жастарға берілген ақ жолтай бата – «Жас азаматта» (18 тамыз, 1918 жыл) басылған ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңі еді. Онда ақын:
Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін! –
деп, жастарға сенім мен үміт артты.
Ал, басқада қазақ зиялылары жастардың отаншыл рухы мен бірлігінің мұқалмауын қалады. Тіпті өткен ғасыр басындағы ұлтымыздың бетке ұстар біртуар ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай (1890-1941) қазақ жастарының ғана емес, мұқым Түркістан жастарын бірлікке шақырды. Бұл түсінікті де еді. Өйткені Түркі тілдес халықтардың тұтастығы жолында күрескен Мұстафа Шоқай ең алдымен олардың жас өрендерінің өріс кеңейткенін қалады.
1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ сьезі Түркістан автономиясының жеткешісі Мұстафа Шоқайдың уәжіне құлақ асып, қазақ халқының автономиясы туралы мәселені мақұлдағанын жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Осылайша қазақ зиялыларының ыстық ықыласына бөленген Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлиннен «Түркістан жастарына» атты арнау хатын жолдайды. Төмендегі бұл хатты шолып шығу аздық ететін шығар. Жүрекке тоқып алу қажет болар.
«Бүгін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан һәм Тәжікстан деп жат үкімет күшін алты жүмһириетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айрылмас бір өлке. Халқының қаны бір, діні бір, мақсаты бір. Түркістанның мақсаты – өзінің құрылысы – миллет үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір үкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып шалысып, қан төгіп, соғысып келеді. Үмітіміз зор, мемлекетіміздің келешегіне иланамыз. Түркістан жастары айрықша бұл мақсатымызға жеткізуге таласып, тырбасып жатыр. Біздің мақсатымыз – жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түрік өлкелерінің, бүтін түрік халқының дос болып, өзара бірлік-пірадарлықпен жасап, сыртқы дұшпандарға қарсы өзінің толықтығын, үкіметінің толықтығын білдіріп қою. Ойымызға жетеміз, талабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор, күшті. Халқымыз үстіндегі жат үкіметтің күшіне не қадар ауыр болса, біздің оған қарсы шығысымыз о қадар үзім, о қадар күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап Ауропаның әр тарабында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың – еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!
Түркі халқы – батыр халық, Түрік халқы – арыстан ер халық.
Кімнен таяқ жегендей Біздің Түріктің баласы. Алдырып жүрген дұшманға Ауызының аласы.
Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз, босып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін – күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздін күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек! Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің үкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар!»
Бұл «Түркі тілдес түгел бол!» идеясын сол халықтардың жастарына арнаған Мұстафа Шоқай олардың жігерін жанып, бірлікке шақырады. Бір қызығы, сол кездері Алаш қозғалысының аясы тұтас түркілік ауқымды қамтуға ұмтылғанын еске алуымыз керек. Айталық, 1917 жылы қырғыздың «Бұқара» атты саяси партиясы «Алаш Орда» кеңесімен бірікті. Бұған қоса Алаш қозғалысының нәтижесінде пайда болған I Жалпықазақ сьезін Мұстафа Шоқай «ұлы түркі халықтарының мызғымас бірлігін көрсететін сақынаға айналды» деп баға береді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter