04.08.2024
  65


Автор: Болатбек Төлепберген

«Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы

 


 


21 қазан 1917 ж.


 



  1. Мемлекет қалпы


 


Русия демократический федеративный республика болу. (Демократия мағынасы мемлекеттi жұрт билеу. Федерация


мағынасы құрдас мемлекеттер бiрлесуi. Федерационный республикада әр мемлекеттiң iргесi бөлек, ынтымағы бiр болады. Әрқайсысы өз тiзгiнiн өзi алып жүредi).


Үкiмет басында Учредительное Собрание мен Г.Думаға қалауынша кесiмдi жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер Учредительное собрание мен Г.Дума алдында жауаптар болу.


Депутаттар тегiс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау құқында қан, дiн, еркек-әйел талғаусыз болу.


Законды жалғыз ғана Г.Дума шығару һәм Г.Дума үкiмет үстiнен қарап, iсiн тексеру, запрос (сұрау) жасау құқы да Г.Думада болу. Мемлекет салығы Г.Думасыз салынбау.


 



  1. Жергiлiктi бостандық


 


Қазақ жүрген облыстардың бәрi бiр байланып, өз тiзгiнi өзiнде болып Русия республикасының федерациялық бiр ағзасы болу. Ретi келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзiрге бiрлесе болу, ретi келмесе, бiрден-ақ өз алдына жеке болу. Қайткенде де осы күнгi земствалықты қабыл алу.


«Алаш» партиясы қазақтың би, болыс, ауылнайлары сияқты орындарында қызмет ететiн адамдар жұртқа пайдалы, жұрт үшiн қызмет етерге көңiлдi адамдар болуына жаһұд қылады. Земствалардың управаларында, милицияларында таза қызметшi боларлық адамдардың атын халық қалауына салады.


«Алаш» партиясы ғадiлдiкке жақ, нашарларға жолдас, жебiрлерге жау болады. Күш-қуатын игiлiк жолына жұмсап, жұрт тарқы ету жағына бастайды.


 


III. Негiзгi құқық


 


Русия республикасында дiнге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу.


Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлерге, газет шығаруға, кiтап бастыруға еркiншiлiк. Үкiмет қызметшiлерi, иесiнен рұқсатсыз ешкiм табалдырығын аттамаушылық. Законсыз жолмен ешкiмдi үкiмет адамдары ұстамаушылық. Сот сұрамай, билiк етiлмей, тұтқын қылмаушылық. Қылмысты болған адам судия бар жерде 24 сағат iшiнде, судиясыз жерде бiр жетiден қалмай судияға тапсырып жауап алса, судия үкiмiмен жабылу.


Кiсi хатын ашқанға айып, оқығанға жаза болу.


 



  1. IV. Дiн iсi


 


Дiн iсi мемлекет iсiнен айырулы болу. Дiн бiткенге тең құқық. Дiн жаюға ерiк. Кiру-шығу жағына бостандық.


Муфтилiк қазақта өз алдына болу. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты iстер моллада болу. Жесiр дауы сотта қаралу.


 



  1. V. Билiк һәм сот


 


Әр жұрттың билiк пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болу. Би һәм судия жергiлiктi жұрттың тiлiн бiлу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруi һәм үкiмi жергiлiктi жұрттың қай көбiнiң тiлiнде айтылу. Би һәм судия орнынан тергеусiз түспеу. Билiк һәм сот жүзiнде жұрт бiткен тең болу. Құдайдан соңғы күштi би һәм судия болып, кiмге болса, олардың үкiмiне мойынсұну. Айтылған үкiм тез орнына келу. Зор жазалы қылмыстар присяжный сотпен қаралу. Казақ көп жерде сот тiлi қазақ тiлi болу. Присяжныйлар қазақтан алыну. Қырдағы ауыл, болыс iшiндегi билiкпен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылу.


 



  1. Ел қорғау


 


Ел қорғау үшiн әскер осы күнгi түрде ұсталмау. Әскерлiк жасына жеткен жастар жерiнде үйретiлiп, жерiнде қызмет ету. Әскер табына бөлгенде туысқан табына қарай болу. Әскерлiк мiндетiн қазақ атты милиция түрiнде атқару.


 


VII. Салық


 


Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға-байша, кедейге-кедейше ғадiл жолмен таратылу.


 


VIII. Жұмысшылар


 


Жұмысшылар закон панасында болу. (Қазақ жерiнде завод-фабрика аз, сондықтан қазақтың жұмысшылары да аз. «Алаш» партиясы жұмысшылар                        турасында         социал-демократтардың       меньшевик табының программасын жақтайды).


 



  1. Ғылым-бiлiм үйрету


 


Оқу орындарының есiгi кiмге де болса ашық һәм ақшасыз болу. Жұртқа жалпы оқу жайылу. Бастауыш мектептерде ана тiлiнде оқу. Қазақ өз тiлiнде орта мектеп, университет ашу. Оқу жолы өз алды автономия түрiнде болу. Үкiмет оқу iсiне кiрiспеу. Мұғалiмдер-профессорлар өз-ара сайлаумен қойылу. Ел iшiнде кiтапханалар ашылу.


 



  1. Жер мәселесi


 


Учредительное собрание негiзгi закон жасағанда жер сыбағасын алдымен жергiлiктi жұртқа берiлсiн деу. Қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша қазақ жерiне оған мұжық келмеу. Бұрын алынған жерлердiң мұжық отырмағандары қазаққа қайту. Қазаққа тиетiн жер сыбағасын жергiлiктi комитеттер кесу. Сыбаға өлшеу норма – жердiң топырағы мен шаруашылық түрiне қарай жасалу. Сыбағадан артылған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға келiсiп берiлу. Түркiстанда жермен бiрге су сыбағасы да кесiлу. Жердi қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншiктеп алу. Өзара әдiлдiк жолмен пайдалану.


Жер законында жер сату деген болмау, әркiм өзi пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земстваға алыну. Жердiң кенi, астығы, байлығы қазнаныкi болып, билiгi земства қолында болу.


Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттiкi болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земства мүлкiне саналу.


 


Жоба жасаушылар:


Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндiбаев, Ғазымбек Бiрiмжанов.


 


Қазақ. 1917. №251.


 


 


Өздеріңіз байқағандай он бөлімнен тұратын партияның бұл бас құжатында сол кездегі қазақ қоғамының өзекті мәселелері түгелге дерлік қамтылған деуге болады. Осы қазақ халқының басындығы тарихи жолайрық кезеңіндегі нақты жағдайларды саралаған «Алаш» партиясы қазақ ұлтының дамуының балама жолын ұсына білгендігі жоғарыдағы құжаттан көрініс тауып тұрғандығы анық.


Өкінішке орай, тарих сахнасына толқып шыққан большевиктер Алашордамен тіл табыспай, өздеріне жау ретінде қарады. Айтқандай-ақ Алашорда большевиктерге мықты оппозиция бола білді. 1917 жылдың қарашасы мен 1918 жылдың қаңтары аралығында өткен сайлауда   қазақтар          көпшілік         дауыспен                 «Алаш»    партиясының бағдарламасын қолдап дауыс берді. Дегенменде большевиктер тізеге басты. Ә дегеннен-ақ кеңес үкіметі тарихи әділеттіліктен гөрі, әлімжеттікпен ұлт азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық санасын оятушы және де отаршылдыққа қарсы күреске дем беруші қазақ ұлтының демократияшыл зиялыларының идеясын тұншықтыруға тырысты.


1918-1919 жылдары Жүніс Бабатайұлы, Асфандияр Шорманұлы, Бірмұхамед Айбасұлы, Смағұл Садуақасұлы және т.б. жас қырандар Алаш идеясын ту етіп көтерген ағаларының ізін басып, қолдау білдіріп, қазақ ұлтының қамы үшін жас алашшылардың «Жас азамат» ұйымы төңірегінде тізе қосады.


Алашорданың шырқау шегіне жетіп, қызмет аясы тарылған тұста одан арғы таңдау бастапқы жолдан бас тарту еді. Ленинмен болған келіссөз нәтижесіз аяқталған соң, амалсыз саясаттан мүлдем қол үзіп кету ұлт мүддесі үшін күресте ұпай әпере қоймайтыны белгілі. 1919 жылдың 4 сәуірдегі өкіметтің «кешірімінен» соң Алаш арыстары ақыры саясаттың ыңғайына иліккенімен, ұлттың қамын «ұрандатпай» шешуге кірісті.


1920 жылы Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов және Мұхтар Әуезов коммунистік партия қатарына бекер өткен жоқ. Осы уақыттың талмауыр талабын тап басқан Әлихан Бөкейхан қазақ халқын және танылып қалған алашордашыларды аман сақтау үшін «көзге түспеген» жастар тезірек міндетті түрде коммунистік партияға өтуі керек деген пікір айтады.


Алаш жұртының қамы үшін айла мен тығырықтан шығар амал іздеген олар оттан да судан тайсалмады. Айталық Алаш идеясын толыққанды жүзеге асыруда большевиктерден жеңіліс тапқанымен таулары шағылып, тауандары қайта қойған жоқ. Қайта қайраттана, ширыға түсті. Өз елінің тарихын жақсы біліп қана қоймай, туған топырағының сүймендей жері көрші мемлекеттердің құзырына өтіп кетпесі үшін бар білігі мен батылдығын жұмсаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және Мұхаметжан Сералиндер қазақ ұлтының бірлігі мен қатар, жерінің де тұтастығын сақтап қалды. Кеңес үкіметінің көсемі Ленин бұл ретте бір жағынан әділдікке, бір жағынан саясатқа салып, қазақ зиялыларының ығына жығылды. Нәтижесінде бұрын Ресейдің құрамына өтіп кеткен көптеген жерлер Қазақстанға қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады.


Сөз жоқ, осы тұстағы жастардың дүниетанымы жедел қалыптасып, олардың ерте есеюіне ықпал еткен ең бірінші сол кездегі қазақ қоғамының талабы қозғаушы күш болды. Жастар асау уақыттың жалынынан ұстай білді. Замананың тынысын тап басты.


Жиырмасыншы    ғасыр     басындағы     қазақ     жастарының жетекшілерінің бірі де бірегейі Смағұл Садуақасұлы болды. Ол Алашорданың жұмысына белсене араласып, оның Ақмола облыстық комитетін құруға ат салысады. Алашорданың мақсат-мұратын жастарға жан-жақты түсіндіріп, әрі оларды үлгі ете отырып, Алашорданың жастар қанаты іспетті «Жас азамат» ұйымының ірге тасын қалады және оның үні – «Жас азамат» газетін жарыққа шығарды. Әрі өзі қарымды қаламгер ретінде де Алаш идеясын сол кездерде жарық көрген басылымдарда барынша насихаттаған Смағұл Садуақасұлы «Жастар сьезіне» («Еңбекшіл қазақ» газеті, 1922 жыл, 20 шілде) атты мақаласында: «Қазақтың саяси пікірінің тарихы – қазақ жастарының тарихы. Қазақ халқының ішінде шын саяси қозғалыс жастар оянып, жастар ұйымдасқаннан кейін ғана бар» -деген ой түйеді. Көреген әрі уақыт сынын саралай білген сарабдал ойдың иесі Смағұл Садуақасұлы бұл еңбегінде аға толқын арасында жүрегі ұлтым деп соққан азаматтар көп болмағандығы, олардың ортақ бір істің басына жұдырықтай жұмыла алмағандығы жастарға сабақ болуға тиіс екендігін айтады.


 


1918 жылы 5-13 сәуір аралығында Омбыда жалпы қазақ-қырғыз жастарының үлкен жиылысы қалыптасқан жағдайға орай, қазақ жастарының өміріне жаңа тыныс әкеледі. Бұл жерде бұған дейін қызмет еткен «Бірлік» және «Жас қазақ» ұйымдары қазақ жастарын біріктіргенімен, ұлт мәселесінде, Алаш идеясы төңірегінде топтасуда енжарлық танытқанын айта кетуіміз керек. Жастардың арасында басқа жолды таңдағандар бұл мәселеде шын мәнінде таңдау жасау қажеттігін көрсетіп берді. Оның үстіне дәл осы уақытта қазақ қоғамының алдында Алашорда партиясының, Алаш орда үкіметінің бастаған ісіне қолдау білдіріп, одан әрі жалғастыратын жас алашшылардың күшіне жүгіну міндеті тұрды.


Сөйтіп, елдегі барлыққа дерлік, шамамен жиырма бір жастар ұйымдары бір орталыққа бірігіп, «Жас азамат» ұйымы құрылды. Бұлайша бұла күшті біріктіруге аға буынның ықпалы болғаны анық. Айталық 1917 жылы Әлихан Бөкейханұлы Омбыға Орынбордан арнайы ат терлетіп келіп, ондағы көзіқарақты қазақ жастарымен кездеседі. Ел қамы, ұлт мүддесі турасында ақыл қосады. Мұндай жүздесулер жиі болғаны анық.


Иә, жиырмасыншы жылдар көзі ашық, сауатты да сарабдал қазақ жастары үшін толысу, іздену, өсу жылдары болды. Бұл жиған-терген білік пен тәжірибені олар ұлт мүддесі жолына жұмсау қажеттігін және жете түсіне білді. Осы жолда қиындықты да кешті, қызық пен шыжықты да көрді. Әділеттің ақ жолы жеңіл болмасына да куә болды. Үміт пен күдік итжығыс түскен талмауыр тұстың ақырында ақиқат жеңіп шығатынына имандай илана білді де.


Енді осы алашшыл жастарға жетекшілік еткен өрендерге және негізгі қозғаушы күш - олар құрған ұйымдар мен жарыққа шығарған басылымдаға тоқталып өтсек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу