04.08.2024
  62


Автор: Мұхтар Шерім

ШӘЙ ІШІҢІЗДЕР!

 


 


 


Шай ішкенде тұрған не бар? Қызық-ей, осы адамдар... Бір үйде, бір подьезде тұрып жатып, бір-бірін шайға шақырмайды. Шайы несі, бір-бірін танымайды да... Содан таңертең ерте тұрып, әйеліммен ақылдасып, көршімді шайға шақырдым. Сөйтсем, көршім шала қазақ екен: «Спасибо, я хочу кофе..» деді де кетіп калды. Ойланып қалдым. Келесі көршімнің есігін тықылдатып: «Кофшай ішіңіз біздің үйден...» дедім. «Ол не пәле кофшай?»--деп сұрады ол есінеп. «Біріккен сөз ғой. Кофе- шай ішіп кетіңіз..» «Арақтың аты ма десем... Ақымақ адам шайға шақырады ма? Жүз грамға шақырады!» «Кешіріңіз, онда жүз грамм шай ішіп кетіңіз...»


Қызық-ей адамдар! Бір-біріңді шайға шақырып, қатқан нанды қытырлатып жеп, былтырдан қалған арзан кәмпитті сорып отырып әңігімелескенге не жетсін? Қанша адамды шәйға шақырдым, келмейді. Енді мен көшеге шықтым. Бір келіншек кетіп бара жатыр екен:


--Кешіріңіз, тоқтай салыңызшы,--дедім қатарласа беріп. --Ал, тоқтадық.


--Біздің үйден шай ішіп кетіңізші... --Ағай, сіз ноқалайсыз ба?


--Ол не ноқалай деген? Атақ па?


--«Шай ішсең—көңілің жай...» деген. Ашуланып бара жатыр екенсіз... --Дура!


 


--Дура емес, дуракпын. Өзің дурагүл!


Қап, мына қырсықты-ай! Кімді шайға шақырсам екен? Адамдар мейірімді болуы керек қой. Бір бірінің үйінде шай ішісіп... Поштаға барып, Өзбекстан президенті Ислам Каримовке жедел хат жібердім. «Біздің үйден шай ішіп кетіңіз, Ислам әкә!» деп. Өзбектер шай ішуді қатырады ғой. Қырғызстан президентіне де, Ресей президентіне де, Қытайға да хат жолдадым. «Мен сияқты қарапайым адамның шайға шақырғанына келсе келер, келмесе одан әрі!» «Қой, ұят болып жүрер...» деген ойқы-шойқы оймен поштаға қайта кіріп, ұлттық банктің бұрынғы басшысы Марченконы шайға шақыра салдым. Әшейін. «Келмейді ғо—ой...»деп.          Содан облыс әкімінің қабылдау бөлмесінде отырмын.


--Не мәселемен келдіңіз?—деп сұрады көмекшісі... --Ешқандай.


--Кешіріңіз, бұл жер аялдама емес. Автобус келмейді. --Морг емес шығар.


--Шығып тұрыңыз!


--Бір нәрсе айтамын да шығамын.


--Болмайды! Ол кісі шәй ішіп отыр. --Шай? Бір өзі?


--Е?


--Адам емес екен ғой, Адам деген бір өзі шәй іше ме екен? --Сіз ... сіз не деп кеттіңіз? Кетіңіз бұл жерден!


--Мен облыс әкімін шәйға шақырғалы келдім. Облыс әкімі өз үйінде қалай шәй ішеді, халық қалай шәй ішеді салыстырып көрсін деймін.


--Кетіңіз бұл жерден!


--Кеше сайланған аудан, ауыл әкімдері шетінен парамен ұсталып жатыр! Солардың құрметіне шай ішеміз!


Көмекші жігіт күзетшілер шақырып еді, қолымды қайырып, бір бос кабинетке апарды да, шай берді. Бір шелек қайнаған суға бір пәшкі шай салды да: «Мә, атауыңды іш, іше бер!» деп қояды. Қуығымнан ұялып, құстай ұшып, үйіме келсем, мәссаған... Төрде Ислам-- әкә отыр шәй ішіп... Әйелім майысып көк шай құйып отыр.


--Рахмет, шайға шақырғаныңзға,--деп қойды президент,--Шымкент жақын болған соң келе салдым. Оның үстіне, Қазақстанда базарларды қалай өртейді, соны біле кетейін деп...


Бір қарасам, Марченко келе жатыр! «Қызметтен кеткелі басым сынып барады! Хочу зеленый чай!» дейді. Қырғыз президенті келмеді. Елінде ереуіл болып, содан шыға алмай қалыпты. Қытай қыңқ демеді. «Мұнай қатқан шай ішіңіз!» десең ғана келеді ғой... Путин телефон соғып: «Привет, протон!» деді де қойды. Оны мен «Привет, братан..» деп естідім. Қысқасы, біздің үйде мереке! Келіңіздер, шай ішіп кетіңіздерші!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу