04.08.2024
  52


Автор: Мұхтар Шерім

БЫЛШЫЛДАТЫП СҮЙЕ БЕРЕДІ...

 


 


Айтпақшы, сіздер тойларға барып жүрсіздер ғой? Сондағы сүйістерді көрсеңіздер! Былш-былш... Ай көрмеген, жыл көріспеген ағайындар, жеңгелер мен әпкелер былай сүйіседі: «Ой, Бота! Сен                                            әлі тірісің бе? Ауруханада жатыр деп естіп едім. Келші құшағыма! Үммә, үммә... Ойбай, үстіңдегі халатың не? Ауруханадан сұранып келдім дейсің бе? Түріңнен айналайын, быттиып азып кеткен! «Үммә, үммә!» Еркектердің сүйістерін көрсеңіздер...          Шыбынның сирағы сияқты жұқа ерін, «колбаса» сияқты бұртиған ерін, салбырап кеткен ерін, жалбырап кеткен еріндердің былай өңмеңдеп, дүрдиіп, ұмтылып келе жатқанын көргенде, о-ой... көзіңді тарс жұма қоясың. Түкірігімен сүйіп алғанда, жиіркенгеніңді байқатпай:


 


«Қалайсыз? Тойға келдіңіз бе?» дейсіз тойға келгенін біліп тұрсаңыз да... Баяғы кеңес дәуіріндегі бас секретарь Брежневтен қалған сүйіс қой бұл... Қазір еркектер де бір бірімен «інтімні» сүйісе береді... Дәмі жоқ, тұзы кем сүйістер ғой...


Ал енді, балаңызды сүйсеңіз болады енді. Бірінші сыныпта оқитын балаңыз мектептен арсалаңдап, жүгіріп келгенде: «Қандай баға алдың?» деп сұрайсың. «Бес!» «Мәледес!» деп бетінен түк қоймай сүйіп, жалап тастасаң да өз еркің. Бірақ барлық ата-аналар баласын сүйе бермейді. Бір жеңгей бірінші сыныптағы баласына ұрсып отыр дейді. «Қанша алдың?» «Минус үш...». «Үш те болса, күш... Бірақ ертең бес алып кел!» «Анашым, бес ше, бес таусылып қалыпты...». «Сенің миың кеуіп қалған!» деген анасы баласының басына линейкамен сарт еткізеді. «Әкел кітабыңды, оқимыз! А-лаш... Алаш деген немене? Түсінесің бе?» «Білмеймін...» «Осындай қиын сөздерді, саяси сөздерді бірінші сынып баласы қайдан түсінеді- ей? Өзім де түсінбей отырмын. А-лаш деген... Бірдеңені ал да, аш... Мысалы сөмкені алып, сөмкені былай алып, аузын аш...» «Ия саған Алаш дегеніміз-- «Алаш» базары ғой...» деп қалады баласы бұртиып. «Солай шығар? Енді ағылшын тілін оқимыз. Әкел бері кітабыңды. Май неймз... Айтшы, май неймізің кім?» «Май жеймісің демеші анашым, май жемеймін...» «Атауыңды жегір! Мен саған «май жейсің бе?» деп тұрған жоқпын! Қолыңды қарашы, кір-кір... Екі аяғыңды аспанға қаратып, алақаныңмен жүресің бе деймін осы? Май неймз Жеңіс деші...» деген анасы баласының басына шапалақпен сарт еткізіп, құлағынан бұрап алады... Сол кезде баласы былай... қорсылдап... басын салбыратып... мұрнын тартып... Шешесі бақырып: «Жыласай... Жыла! Жылай сал!» деп еді... Міне былай: «Ң-ң-ң-ң-ң...Өа-а-а-а...» деп аңырай жөнеледі, қаша беріп, есіктерді сарт-сұрт жабады, жиюлы төсекті қиратып, қабырғаны ұрғылап, оң аяғына сол аяғымен бір тебеді... Жүйкесі жұқарған деген осы... Жүйкелеріңіз жұқармасын, жеңгейлер!


Жүйке демекші, көшеде өз машинаңмен келе жатып та жүйкеңіздің бір сымы бырт етіп, үзіліп кетеді. Бағдаршамның қасындағы «зебра» бар емес пе? Жаяу жүргіншілер өтетін жолақ. Сол жерге келіп «ши-иқ» етіп тоқтайсың. Жаяуларды құрметтейміз, бірақ олар бізді құрметтейді ме? Тура жайылып бара жатқан            қойлар сияқты ғой. Асықпа-ай, құлағына «нәуішнигін» тығып алып, ән тыңдап бара жатады. Міне, былай кетіп бара жатыр... Жасыл бітіп, қызыл қызарса да, міне былай, әсіресе қыздар құйрығын                   бұлтың-бұлтың     еткізіп, балтырларын     жарқыратып...                    Сол жалтыраған балтырына балқы-ып қарап қалсаң, артыңдағы машиналар «бип-бип, бап-бап, тр-р-р-ың-тыррррың...» деген неше түрлі «сигналдар» шығарып кетеді. Оны қойшы, жаяулар «зебраны» қойып, көшенің кез-келген жерінен жүгіріп шыға келгенде, дәретханаға бармай-ақ... Қайдағы біреу үшін сотталып кеткің келмеді енді... Бір досым «Тайотасымен» келе жатса, бір қыз алдынан жүгіріп шығыпты. Тежегішті басуға үлгермей, басып өте шыққан ғой. Сөйтсе, жаңағы қыз тігінен, міне былай... (жатады) шалқасынан жатыр дейді. Сағыз шайнап жатқанын қарасаңшы! «Қарындас, бір жеріңіз ауырып қалды ма?»-деп сұраса: «Туу, асығыс едім, универге дейін апарып


 


тастаңызшы!Таксисіз бе?»-- депті. Жұрттың бәрі сотқа пара беріп, оңай құтылып кететін миллионер емес қой...


Ырым дегенге сенесіздер ме?    Сеніңіздер. Мәселен, бастық болсаңыз, мынадай ырым тиымдар есіңізде жүрсін: жиналыстарда жынды адамдарша жарыса сөйлеуге, жыртыңдап күле беруге, өтірік есеп беруге, министрге қарап керіліп, есінеуге, талтайып отыруға, (міне, былай...) кабинетіңде етпетіңнен жатып алып, жұртты қабылдауға болмайды. Ал егер депутат болсаңыз: түнде мәжіліс залында қонып қалып, түске дейін ұйықтауға, мәжіліс кезінде тамақтануға, депутаттың бетінен алып, бет жыртысуға, украйндықтар сияқты төбелесуге, түнде заң қабылданып жатса, жалғыз бармауға, дауыс беріп жатқанда бұраңдап, қылымсуға, спикердің алдын кесіп өтуге, тілшілерге арқан керуге болмайды. Қыздарға да қырық тиым бар: Моншада «наушник» киіп алып ән тыңдауға, ауызға қолын жумай салып, ысқыруға, темекі түтінін «көзінен» шығаруға, күйеуге тиер алдында несие алуға, бұрылып, желкесін көруге, ұйықтап жатып сағыз шайнауға, сырамен тіс жууға, шашын тықырлатып алуға, мұрт өсіруге болмайды...


Біздің Оралда казактар бар.    Олар орыстың ішіндегі қазақтар ғой... Қазақшаға тілдері келмей: «Мы казаки!» деп жататындары сондықтан. Негізі, қазақ деген сөздің түбірі-- қаз... Қаз—кәдімгі қанаты бар қазы. Ақ деген сөз— аппақ, ақ, ақ қазы болады сонда. Орал казактарын «Беп-белые гуси» деп атасақ та болады. Орал казактары бұрын қылыш орнына қамшы ұстаған, намаз оқып, дәрет сындырған деген тарихи болжам да бар...


Сосын бар ғой, мақал мәтелдерді шығарған адамдар университетте оқып, диплом алмағандар-ау деймін. «Ит итті, ит құйрығын жұмсайды» дейді. Өздеріңіз көрдіңіздер ме, бір итке бір ит үріп қойып: «Әнәу жерде сүйек жатыр еді, әкеш...» деп жұмсайды ма? Ал екінші ит болса құйрығына қарап: «Шарша-ап тұрмын, құйрығым, сен бара қойшы!» дейді ме? Өтірік қой. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Өтірік. Атың шықпаса, базар өрте. Атың шықпаса, орман өрте... Айдаладағы бос жатқан жерді өртегеннен не шығады?» «Қалауын тапса қар жанады» бар. Бұл да өтірік. Бір шелек қарды жақсаң, бір шелек су болады. Есесіне қалауын тапса, адам    жанады. Прокуратура, сот ғимараттары алдында адамдар әділетсіздікке күйініп, үстілеріне бензин құйып, жанып жатады... «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» деген бар. Бұл да өтірік. Жыланның ініне барып: «Жаным жылан, айналайын жыла-ан! Мен саған ғашықпын!» деп кешке дейін отырсаңыз да, «квартирасынан», шықпайды. Өйткені жылуға, светке суға ақшасы жоқ... Төлемеген... Одан да: «Отыз градус жылы сөйлесең, қырық градус болып, алқаш күйеуің алдыңнан шығады» десек, құлаққа кіреді... Қазақ тілі, ана тілім қандай керемет! Бір сөздің бірнеше мағынасы бар ғой! Осындай тілден айналмаймыз ба? Бірде тау жақтағы ауылда тұратын таныс әйелді көріп қалып: «Жеңше, тауық па?» деп сұрадым. «Жоқ тауық емес, қораз сатып алдым!» дейді жеңшеміз. «Жоқ, тауық па?» деп сұрап жатырмын. «Әй, қайным, тауық емес, қораз, қораз, ә-те-еш!»--деп айқайлап берсе бола ма! Сонда мен: «Тау ық па, ық емес пе? Тау дегеніңіз ауылға ық болады ғой, жел жоқ шығар?» деп сұрағым келген. Әне, біздің ана тіліміз


 


қандай! Қазақ тілі неткен бай тіл! Осындай керемет тіліміздің мәртебесін көтере алмай жүрміз ғой! Сөздің мағынасы демекші, бірде аялдамада тұрып ойланып кетіппін... Астанаға алғашқы қар жауып, еріп кеткен кез еді. «Ия, қыс енді...» дедім. Сол екен қасымдағы еңгезердей бір жігіт түтігіп: «Неге қыс дейсің? Мен бе қысатын? Танымайтын адамға осындай көргенсіз сөз айтқаның не? «Зима» десең де болады ғой...» деп дегбірімді алса болар ма? Ой, мұндай мағынасы сан алуан сөздер өте көп. Мысалы:--Қораз. Екінші мағынасы: қор аз. Қор ше, жиналған қор аз. Пәленше атында қор ашылып, оны Түгенше жеп қойған деген сияқты. Сосын бар ғой, біздің қазақ жігіттері қыздармен жөнді таныса алмайды. Түйеден, ұшақтан түскендей, дік еткізіп сұрақ қоя салады. Қыздарға былай, жұмсартып, жұмбақтап сұрақ қоюға болады ғой. Мысалы, менің бір досым қыздармен былай танысады. «Қарындас, тауға шыққансыз ба?» -деп сұрайды. Қыз қылымсып: «Ия, шыққанмын. Тауға өрмеледік қой» дей салар. «Жоға, күйеуге шығу—тауға шыққанмен бірдей ғой, тұрмысқа шыққансыз ба деймін...» «А-а, кешіріңіз, тауға шыққан жоқпын, қазіргі таулар төбешіктер ғой...» депті сонда бойжеткен. Көрдіңіз бе, осылай жұмбақтап сөйлеу керек! Келіншекпен сөйлесе қалсаңыз: «Қанша рет қиналдыңыз?» деп сұраңыз. «Қанша балаңыз бар?» дегеннен жақсы ғой. Енді әйелдер рахаттанып, ішек сілесі қатып, күліп жатып босанбайтын шығар? Қиналады ғой... Жарайды, қай –қайдағыны айтып кеттім-ау, баршаңызға айтарым: өмірде қиналмаңыздар, ойнаңыздар, күліңіздер, көшеде мәшине қағып кетпей, аман-есен жүріңіздер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу