04.08.2024
  66


Автор: Мұхтар Шерім

 «АҒАЙ, БАСЫМ ҚЫШЫП ТҰРҒАН ЖОҚ...»

 


 


Ісініп-кеуіп, көзімен «суық су сеуіп», шытынағанда, шықшыты шытыр-сытыр еткендей, мойыны жаңа кесілген бөренедей жуан, мұрыны өліп жатқан құрбақадай жалпа-ақ, аяғы «жұрт көрсін» дегендей, әдейі талта-ақ, басында қайқы қалпақ, кеудесі артқа шалқақ, шала қазақ досымен «Эйр-Астана» әуе жайына келе жатты. Бір кезде кеудесінен бұрқырап бу шықты. Қорқып кеткен досы:


--Кеудең қайнап жатыр!—деді.


--Бу ғой... Байлықтың буы...—деді «Қазхалықсору» банкісінің мүшесі Шірен-бай шірене түсіп. Бір кезде Шіренбайдың басы иығына құлап, кеудесі бүгіле берді.


--Шіреке, жайшылық па?—деп сұрады оны сүйей берген досы. --Байлықты көтере алмай келе жатырмын...


--Ауыр ма?


--Зіл батпан...


--Жартысын маған берсеңші?


--Е?—деген Шіренбай алқына демін алды.


--Көтерісіп жүрейін дегенім ғой... Жаным ашып...


--Ойпырмай, сенің жаның ашымай-ақ қойсыншы! Жалпақтап жанымда жүргеніңе мәз бол!


Досы ыржалақтап күлді. --Не болды ей?


--Мәз болып тұрмын...


--Ал мен байлық пен мансапты көтере алмай тұрмын... Ісініп кеттім. Тарс етіп, жарылып кетпеймін бе?


--Негізі, семіздікті қой ғана көтереді екен. Сондықтан «мә--әәә мә, мә!» деп маңырап алайық...


«Ақылына айызы қанған» Шіренбай досының арқасынан қағып, жан-жағына қарап алып: «Мә-ә... Мә-мә...» деп қалды. Досы да «Мә-мә.. мә--әәәә...» деді. Сол екен, Қазақстан қайыршылары қаптап кетті. «Маған беріңіз!», «Не бересіз?», «Мә!» деп тұрсаңыз, әкеліңіз!» деп шуласқанда, құлақтары қаңылтыр милары мипалау болды. Полицейлер, әскерлер келмегенде, қайыршылар астында тапталып қалар ма еді! «Жасасын, Қазақстан қайыршылары!»деп қалды ана тұстан біреу. Оны «кэнбешниктер» ұстап әкетті. У-шудан әрең құтылған Шіренбек әуежайдың ішіне кірді. Сәл жеңілденіп қалғандай еді, ақшаның буы кеудесінен бұрқырап шыққаны. Кәдімгі моншаның ыстық «пары!» Ұялып, кеудесін алақанымен басып еді, саусақтарының арасынан шығып жатты. Әуежай күзетшісі келіп:


--Кешіріңіз, кеудеңізден түтін шығып жатыр!—деді.


--Түтін мен буды ажырата алмаған сорлы, бұл бу! Ақшаның буы!—деді Шіренбайдың досы жағымпазданып.


--Жүріңіз, тексереміз. Мүмкін, шпион шығарсыз... Әуежайды жарып жіберетін терроршы болсаңыз...


Шіренбай шыдамады, күзетшіні бір ұрып құлатып, касса маңына келді.


 


--Қарындас, маған Түркияға бір билет... --Кешіріңіз ағай... Кеудеңізден түтін...


--Америкаға бір билет...


--Ағай дейім, өртеніп жатырсыз...


Шіренбай билет сатушы қыздың басына пәпкісімен бір ұрды... Тағы ұрды. --Ағай, басым қышып тұрған жоқ қой, неге ұрасыз?


Шіренбай папкісмен қыздың басына аямай ұрды. Байғұс қыз тілін тістеп алды.


--Рахмет ағай. --Не үшін?


--Өзім де білмей тұрмын...


Бір кезде үш-төрт күзетші жетіп келді. Шіренбай кеудесін ашып қалып еді, ақшаның буы зал ішін тұмандандырып жіберді. Ештеңе көрінбейді. Бұлар бұқпантайлап, сытылып шығып кетті. Әне, Шіренбай бауырымен жылжып барады... Досы қолынан тартып, сүйреп әлек. Қайтсін-ай, соншама байлық пен мансапты бір өзі көтеріп жүру деген «оңай» ма? Арқалап... Ей, кедей, сіз не арқалап жүрсіз?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу