Өлеңдер ✍️

  29.07.2024
  241


Автор: Өтепберген Әлімгерейұлы

Тама ДОСЖАН МОЛДАШТЫ ЖОҚТАУ


Осы жыл – мың сегіз жүз тоқсан төрті,
Молдашжан – ұштың қолдан елдің көркі.
Жақсының жаста кеткен зарын айтпай,
Басылмас қаста болған іштің дерті.
Жақсының жастай кеткен айттым зарын,
Көрерміз дүниенің кеңін, тарын.
Көрмедім бұл секілді ауыр өлім,
Өлімнің көріп едім талайларын.
Осындай болады екен өлім деген,
Жоқ екен, дүние, саған сенім деген.
Қырыққа жетпей кеттің қарағым-ай,
Қайғырдым өзім түгіл елімменен.


Қайтейін, амалым жоқ, жастай кеттің,
Өлгенше əз халқыңды бастап өттің.
Мінезге басқа əкімнен сен бай едің,
Жүр едің көңілін тауып азды-көптің...
Ел-жұртты бай, жарлы деп алаламай.
Пайдасын ойлаушы едің қия шеттің.
Əжіғали елді жетім етер емес,
Кемді күн қасіретті қайғылы еттің.
Құдайдың бергеніне мың да шүкір.
Ақырында жұғыны бар кереметтің.
Біреуі Байұлынан Адай еді,
Əуелден таза сүйек атайы еді,
Қасарған хан алдында салмағы бар,
Болса да Ордалықтың талайы еді.
Қараның қан болғаны – правитель,
Мəнісі солай емей қалай еді?!
Қолдағы аз дəулетін көпке есептеп,
Жол тапқан жалғыз жүріп Шынтай еді.
Ұлдары: Молдағали, Əжіғали,
Қарадан өзі болған сұлтан еді.
Адамнан шын сөйлейтін есітемін,
Білгір деп атақ алған би үйіңде,
Өзіңді өсе келе əкім еткен,
Азғырда іс жүргіз деп ел ішінде.
Азғырдың болған толық депутаты,
Естілген ой мен қырға «білгір»атын.
Ақ келін таңдап алған шүкір етер,
Сақтаулы отауында жазған хатың.
Ақ келін хас жүйріктің жұлынындай,
Қызың бар тел биенің құлынындай.
Тұлпар бар тұқымыңда, шырақтарым,
Болады рас сөздің шыны мұндай.
Жамағат, сөзімде айтқан жалған бар ма?!
Құданың қайырын берсін қалғандарға!
Көңілі көл, дария Шынтай ауылы –
Қысылып ақыл таппай барғандарға.
Ақылы Əжіғалидың шам секілді,
Жұртын жылатпайтын жан секілді.
Ізіңмен кейінгілер келе жатыр,
Қарадан туып едің хан секілді.
Бəрі де қатарыңа келе алған жоқ,
Лебізің асыл еді-ау бал секілді.
Шынтеке, сыртың - бүтін, ішің – түтін,
Берік бол, болмас іске, сөзден күтін.
Молдаштай болса болар бір азамат,
Ақтаған ата үмітін, ана сүтін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу