Өлеңдер ✍️

  29.07.2024
  208


Автор: Өтепберген Әлімгерейұлы

Нұрым ШЫРШЫҒҰЛҰЛЫ МОЛДАШҚА

І
Болса да отыз ұлдың орны басқа,
Келмедің қырық пенен елу жасқа.
Амал не, есеңгіреп егілгенмен,
Ақсұр ат ұстатпайды қолдан қашса.
Иығың қатарыңнан артық еді,
Ордалық айбар едің дұшпан, досқа.
Ойлансам көш адаспас, көп адасар,
Орыны білгірліктің басқа-басқа.
Əжіғали шу дегеннен билікті ұстай келді,
Жұбанып соған көңіл басылмас па?!
Нақ бес жыл округті билеп жүрген,
Көлденең орыс, қазақ «би» деп жүрген,
Жақсы едің тентек пенен мақұлды да,
Иініне салып бəрін сүйреп жүрген.
Аумады басқан жерден табаның да,
Бар еді асқар таудай талабың да.
Ғұмырың бек өлшеулі қысқа болды,
Көз тиіп Уəйіскенің базарында.
Қазаңды естіген жұрт қайғырысып,
Сынығып кетіп қалды ажары да.
ІІ
Тұлпар еді туды алған,
Ақ күміс еді ажары,
Сары алтынмен буланған.
Түлкідей жылмаң дүние,
Құтылды-ау талай қуғаннан.
Бұл күндері айырылдық,
Арғымақ асыл буданнан.
Ақсұңқар ұшты қолымнан,
Құладын менен қуды алған.
Молдағали армансыз,
Артында екі ұл қалған.
Əжіғали інісін,
Бұқара жұрты құлданған.
Асылдан алған аруы
Бұл да арманмен қалулы.
Қос балапан қолында,
Отыр екен бағулы.
Тоқтамыс еді арғы атаң,
Туғаннан қыдыр дарулы.
Еліңнің қамын ерте ойлап,
Ақылменен қамданған.
Қалам алып, хат жазса,
Көрген жандар таңданған.
Асылы қара болғанмен,
Кем бе еді сұлтан, хандардан.
Халықтың бақыты қайтқан күн,
Айырылдық сондай жандардан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу