22.07.2024
  215


Автор: Ермұханбет Қуандық

БІЗДІ ТАҒДЫР ТАБЫСТЫРДЫ

Мен, туыстары көп, тату, көңілді отбасында туып өстім. Әлем маған жайдары, шуақты, мейірімді болып көрінетін. Біз ағайынды үшеу едік. Талғат ағам жас күнінен оқуға өте зерек, алғыр бол-ды. «Менің балам кіп-кішкентай болып, білмейтіні жоқ» деп, әкем мақтанып отыратын. Менен кейінгі Жанар сіңлім әкемнің сүйік-ті, ерке қызы болды. Есімде, кешке папам бәрімізді залға жинап, өзі оқыған кітаптарының оқиғаларын әңгімелеп айтқан кезде, біз қызығып тыңдайтынбыз. Бірде, дастарқан басында: «Менің атым-ды неге Зура деп қойдыңыздар?..» деп сұрағанымда, мамам: «Жас кезімізде, біздің ауылда, Зура деген жасы үлкен, өте ақылды апа болды. Бүкіл ауыл адамдары сол кісінің алдын кесіп өтпейтін. Ақыл-кеңес сұрайтын, өте құрметті кісі еді. Сол сияқты ақылды әрі қадірлі болсын деп ырымдап, сені сол кісінің атымен атадық» деген...


Әкем Миятбек Әріпбайұлы, 1939 жылы Түлкібас ауданында туған. Ташкент университетін инженер мамандығы бойынша бі-тірген соң, оны жолдамамен Целиноградқа жіберген. Сол жерде анаммен кездесіп, үйленіп, біраз жыл сонда тұрған. Ағам және мен екеуіміз де сол жақта Жақсы деген ауылда дүниеге келгенбіз. Анам Рыскүл Нұрғалиқызы, 1945 жылғы. Нағашыларымыздың ұр-пақтары Ақмола облысының Анар стансысында әлі де тұрады.


Әкем мен анам 3–4 жыл жұмыс істеген соң, өз еліне, Шым-кентке жас маман болып келеді. Әкем, негізі, жастайынан оқу үз-дігі болған. Жоғарғы оқу орнын да қызыл дипломмен бітірген. Өз ісіне жетік, білікті маман болады. Әкемнің бойы екі метрге жақын, зор денелі кісі еді. 1972–1980 жылдары әкеміз облыстық автомо-биль өндісінде бас инженер, онан кейін Шымкенттегі таксопарк директоры болып, лауазымды қызметтер атқарады.


 


Мамам да өте сауатты, өз ісіне берілген, мәдениетті адам бол-ды. Анамыз облисполкомда бас бухгалтер болып жұмыс істейтін. 80-жылдары ма, Д.А. Қонаев келіп, облисполкомдағы біраз адам-дарды орден-медальдармен марапаттайды. Солардың арасында ма-мам да болады. Ол медалі әлі бар. «За заслуги лет» деген болуы ке-рек... Есімде қалғаны, сол күні мамам алып-ұшып, есіктен ентігіп кірді де: «Балалар, келіңдер, Қонаевтың өзі марапаттап, қолымды алды, сендерге де жұғысты болсын!..» – деді. Мамамның алдынан мен шығып қалыппын. Екі алақанымен менің қолымды сипалап, елжіреп тұрып, мамам маған: «Өмірде жолың ашылсын, қызым!..» дегендей тілек айтқан. Ол кезде бізге күлкілі сияқты көрінген... Оның да бір жақсылық ырым екенін енді ғана түсініп жатырмыз.


Өкінішке қарай, сол тамаша күндеріміз тым ерте үзілді... 1984 жылы әкеміз ауруханаға түседі. Өте жылдам арықтап кетті. Осы күні ойласам, өкпе рагы болған сияқты. Алла Тағаланың жазған тағдырын өзгерте алмайсың, әкем ауыр науқастанды. Содан 1986 жылдың маусым айында әкемізден айырылып қалдық. Анам өз жұмысын жалғастырып, үшеуімізді жеткіземін деп сүйрелеп жүргенінде, ағамның әскер қатарына алынатын уақыты да келді. Талғат 1984–1986 жылдары әскерде болып қайтты.


Мен ҚазМУ-ге оқуға түсер қарсаңда, сол кезеңнің өлшемімен алғанда, жақсы мамандық ашылады, «КОКП тарихы» деген. Жо-лым болып оқуға түстім. Бір жағы, бұрын үйден ұзап шықпаған-дықтан, үлкен қалада жалғызсырағандікі болса, екінші жағынан, әкемнің қатты ауырып, ауыр науқасқа душар болғанын уайым-дадым...не керек, бірінші курс маған қиын соқты. Алайда, аса ауыр болса да, бар күш-жігеріммен намысқа тырысып, оқуыма үлгеріп кеттім. Себебі, менің осы оқуға түсуімді сүйікті әкем қалаған еді... Екінші курста юрфакта оқитын жігітпен танысқам. Көп өтпей,


ол «үйленейік» деген ұсыныс айтты. Шымкентке келіп, анаммен ақылдастым. Таяуда қайтыс болған әкеміздің жылы да өткізілме-геніне қарамастан, анам: «Бақытты бол, қызым», – деп, батасын беріп, шығарып салды. Кейінірек ойлаймын, сонда анам өзінің де ұзақ өмір сүрмейтінін сезгендей болды ма екен деп...


 


Сөйтіп, 1986 жылы қазан айында мен тұрмысқа шықтым. Біз Алматыда қайын ата-енеммен бірге тұра бастадық, жақсы кісілер екен, олар мені туған қызындай, жылы қабылдады. Келесі жылы тұңғыш қызым Әлима дүниеге келді. Нәрестемізді қырқынан шығаруға дайындалып жатқанда, аяқастынан анам жазатайым тұр-мыстық газбен уланып, дүниеден өтті. Алла Тағала анамызға бар болғаны 42 жыл өмір берді... Біз, ағайынды үшеуіміз, жетім қалдық. «Алланың маңдайға жазған ғұмыры қанша болса, пендесі сон-


ша ғана өмір сүреді» дейді ғой, бәрінен де менің жаныма қатты батқаны – өзімнен үлкен ағамның мезгілсіз қазасы болуы. Ағам 23-ақпанда дүниеге келген. Ол кезде бұл – әскери-теңіз флоты күні деп аталатын мереке күн. Папам ұлын «атақты ержүрек ұшқыш Талғат Бигелдиновтей батыр болсын» деп, Талғат деп атайды. Талғат та папам сияқты, ашық-жарқын, ақкөңіл болатын. Әке-ше-шеміз дүниеден кеткен соң, біртүрлі, өзін жоғалтып алғандай боп жүрді... Ол ҚазМУ-дың заң факультетіне түсіп, оқып жүргенінде, бірінші курстан кейін әскерге алып кетті. Одан келген соң, екінші курсқа қайта қабылданып, оқуын жалғастырып жүргенде, көлік апатынан көз жұмды. 1990 жылы жетінші наурыз күні қайтыс бол-ды. Небәрі жиырма бес жасында, қыршын кетті...


Иә, бәрі де бір Жаратушының еркімен болатынына мойын-сұнғаннан басқа шарамыз жоқ еді. Осылайша, әке-шешенің аялы алақанында, не ішем, не кием демей, бұла өскен екі қыз – сіңлім екеуіміз, жарық дүниедегі ең жанашыр қамқор жандарымыздан айырылып, қорғансыз қалғандай болдық...


Мектеп бітірген соң, Жанар Нархоз институтына түсіп, сту-дент кезде менің қолымда болды. 1992 жылы менің ұлым Алдияр дүниеге келгенде, Жанардың маған көп көмегі болды. Институт-тың соңғы курсында Алматының бір жігітімен танысып, тұрмысқа да шықты. Қазір – үш баланың анасы, жақсы жар. Алматыда тұрып жатыр. Небәрі 16-17 жасында әке-шешемізден бірдей айырылып қалған соң ба, Жанар маған қатты бауыр басып кеткен. Өте жақын, мені анасындай көреді. Екеуміз татумыз, бәрінен бірге өткенбіз. Бүгінгі таңда туыстардан анамыздың сіңлісі – Батеш апамыз бар, Алматыда тұрып жатыр, Құдай оған денсаулық, ұзақ өмір сый-ласын!..


 


Талғат ағамыз бен Раушан жеңгемізден Мират есімді жалғыз бала қалған. Ол да өсіп, жігіт болды. ҚазМУ-дың журфагін бітір-ген. Осы күні Алматыда, «Гакку» деген телеарнада жетекші ма-ман, режиссер болып істеп жүр...


Қазақтың «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген ғажап сөзі бар. Ел-жұртымызға жақсы танымал Мүсілім Дайырбеков аға – әкеміздің өте жақын сыйласқан, тату досы болған. Ол кісі оқта-текте біздің жай-жағдайымызды сұрап, хабарласып жүретін. Бірде, кезекті бір сөйлескенімізде: «Зура, айналайын, қазір менің құрылыс компаниям бар. Жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Құдай қаласа, Миратқа бір пәтер сатып алып берсем деген ойым бар» де-ген болатын. Мират ол кезде Алматыда пәтер жалдап, жұмыс іс-теп, өз нанын өзі тауып, күнін көріп жүрген бала ғой. Арада бірер жыл өткенде, 2010 жылы, Мүсілім аға сөзінде тұрып, пәтер алып, оны толық тазалатып, жөндеуден өткізіп, сол үйге Миратты кір-гізді. Өмірде, сирек те болса, осындай жақсы адамдар бар. «Алла разы болсын, Сізге, Мүсілім аға, ұрпағына үлкен жақсылық жа-сап, әкеміздің әруағын тебіренттіңіз!» – деп, алғыс айттық. Қазір жасы сексеннен асып қалса да, әлі күнге дейін телефон шалып, жағдайымызды сұрап, әкелік қамқор көңілін танытып тұрады. Қайырымы мол, кісілікті, текті жан – Мүсілім ағамыз жүз жа-сасын!..


 


1984 жылы оқуға түсе сала, ауылшаруашылық жұмысына бар-дық. Біздің топта 25 студент болса, соның жиырмасы – қыздар. Және бәріміз мектеп қабырғасынан кеше шыққан жаспыз. Ал бес ұлдың екі-үшеуі – ересек, әскер қатарында болып келген естияр жігіттер. Соның бірі – Ермұхан.


Ерекең алғашында маған үлкен кісі болып көрінді. Егістік басында костюммен помидор жинап жүрген Ерекеңді көріп: «Мына жігіт жұмысқа костюм-шалбармен шығады екен, дәл бір колхоз председателі сияқты», – деп күліп жүрдік. Кейін білдік,киімдерін шабаданымен ұрлатып алыпты да, үстіндегі киімімен қалыпты. Ол кезде оны білмедік.


Мен 1-ші курста, әуелі, туысқандардың үйінде, сосын пәтер жалдап, үй иесімен бірге пәтерде тұрып оқыдым.


Қыздар арасында әңгімелер болмай тұрмайды ғой, группалас қыздарым күліп: «Сен Ермұханға ұнайсың», – деп айтатын. Бі-рінші курстың көктемінде болу керек, Ерекең маған өлеңмен хат жазған. Алып оқыдым, неге екенін білмеймін, аса мән бермедім...


Бір күні группаға кіріп: «Қыздар, жігіттер! Алдағы демалыста араларыңда біреу Шымкентке барады ма?» – деп сұрадым. Ерекең бірден: «Мен барам. Не болды?» – деді. «Мен бір заттарымды бе-ріп жіберейін деп ем», – деймін. Ол: «Жарайды», – деді. Сонымен, киімдерімді беріп жібергенмін.Теміржол вокзалы қасында, тоғыз қабатты биік үйде тұратынбыз. Сол барғанында Ерекең біздің үйді көріп, мамаммен, Жанар сіңліммен танысқан. Осыдан кейін ол: «Мен бұл қызбен тең емеспін», – деп, өзінше шешім қабылдаған екен. Ал мен оның өзіме деген сондай көңіл-сезімінен мүлдем бей-хабармын.


Тағы бірде, сабақта отырғанда, Ерекең қасымыздан өтіп бара жатып: «Зура, мынау саған», – деп, қолыма тағы бір парақ қағаз ұстата салды да, үндемей кетіп қалды. Сол хаттың соңында: «Сен менің бұйырмаған ақ бақытымсың» деген бір сөз есімде қалыпты. Осы сөздерімен менімен қоштаскандай болыпты. Қасымдағы кыз-дардың: «Мына жігіт саған шынымен ғашық болыпты ғой», – деп күлгендері есімде.


Ұмытпасам, 1985 жылы болуы керек, бірде, бәріміз сабақта мұғалімді күтіп отырғанбіз. Біраз уақыт өтсе де, мұғаліміміз кел-меді. «Болды, енді сабақ болмайды, тұрып кетейік», – деп, қыздар ұсыныс айта бастады. Сонда тобымыздағы үлкен жігіттер – Әбді-рахман, Ермұхандар тұрып: «Жоқ, отырыңдар, ол мұғалім келмесе, басқа біреуін жібереді. Мен кафедраға барып айтам», – деп, қыз-дарды бөгеп жатты. «Ой, айтпай-ақ қойыңдаршы, демалайық та», – деп қыздар шуладық. Кейбір батылдау қыздар шығып кетейін десе, бұлар есіктің аузында тұрып алған, жібермеді. Сол кезде қыздар маған: «Зура, сен барып айтшы, Ермұхан сені тыңдайды», – дейді.


 


«Мені неге тыңдайды?» – деп күлем. Содан қыздарды жақтаймын деп, мен де өзімше батылданып, қасына барып: «Ермухан, тебе надо, тогда жди, қыздардың жұмыстары бар, жібер!» – дедім. Мой-нымда ұзын ақ шарф болатын. Ерекең сол шарфты ұстап, көзіме карап тұрып қалды. Мен де қорықпай, қарсы алдында оның көзіне тік қарап тұрмын. Ішімнен «Бұл кісі маған ештеңе істемейді», – деп ойлап қоям. Содан: «Да-ну вас, что хотите, то и делайте!» – деп, өзі де кетіп қалды. «Егер сол кезде менің қаншалықты толқығанымды білсең, ғой...» деп кейін маған айтқаны бар.


Екінші курста мен тұрмысқа шығып кеттім. Тура қысқы сес-сияда, 1987 жылы мамам қайтыс болды. Оның үстіне, кішкентай қызым бар. Жөнді дайындала алмағандықтан, емтихан тапсыру барысында тағы қиналдым. Сонда Ерекең жүгіріп жүріп, «шпар-галка» тасып, көмектескені бар...


1986 жылы желтоқсанда мен отбасылы болатынмын. Бір күні таңертең сабаққа бара жатып, Гоголь көшесімен қаптап келе жат-қан жастарды көрдім. «Шығыңдар, бәрің көшеге шығыңдар!..» деп бара жатты. «Бұлар желтоқсан айы болған соң, жаңа жылға дайын-далып жатыр ма?..» – деп ойладым да, өз жөніммен жүре бердім. ҚазМУ-ға келсем, «Сабақ бола ма, болмай ма?..» – деп, қыздар шулап жүр екен. Не оқиға екеніне ол кезде де жете түсінбедім. Группалас кыздар: «Кесіріміз үлкендерге тимесін, – деген оймен, – ешқайда шықпаймыз» – деп, аудиторияда отырдық.


Қысқы сессиядан кейін, 1987 жылдың басында «Ерекең ұстал-ды» деген хабар жетті. Мен активист болып комсомолда, профсо-юзда жұмыс істегем. Басшылықтан келіп: «Группаластарың осын-дай оқиғаға қатынасыпты. Қалай ойлайсыңдар?..» деген мәселе-мен жиналыс өткізді. Бірақ Ерекең туралы ешкім жаман сөз айтқан жоқ. Өйткені ол өзі де қоғам жұмыстарына қатысатын, әскерде бо-лып келген, активист болды. Жаман жағын көрсеткен адам емес. «Мүмкін кездейсоқ жағдайлар болған шығар» деген сөздер айтыл-ды. Комсомол комитетінен келген өкілдер: «Сенің группаңнан не-месе тарих факультетінен алаңға барған кімді көрдің?» , – деп, ме-нен оңашалап та сұрады. Мен: «Ештеме білмеймін» , – деп жауап бердім. Шынында, өзім бармаған соң, қалай көрмекпін?...


 


Ал кейінерек жатақханада тұратын қыздар Ерекең шын мәнін-де алаңда болған екен деп айтты. Ол үйленген екен, ұлы бар екен деп естігенде: «Обал болды ғой» , – деп ойладық...


 


Арада, бір-екі жыл өткен соң, 1989 жылдың көктем кезін-де, диплом жазып жатқанбыз, группалас досым телефон соқты. «Зура, Ермұхан шығыпты. Енді оқуға қайта қабылдануы үшін, оған мінездеме керек екен. Біз дайындап, қол жинап жатырмыз. Саған барсақ, қол қойып бересің бе?» – деді. «Әрине, келіңдер», – дедім. «Онда, жарты сағаттан соң далаға шық, үйіңе келеміз», – деді. Сонда, бір көргеннен байқадым, Ерекеңде өзгеріс жоқ, тура бұрынғысындай, ыржың-ыржың күледі. Мен ішімнен: «Осы жігіт мені көрсе, неге күле береді», – деп ойладым. «Сәлем, как дела?», – десем, «Хорошо хорошо», – деп күліп қойды. Қолымды қойған қағазды алып кетті. «По моему он до сих пор в тебя влюблен», – деп группалас дос қызым күлді. «Ты че, сума сошла, он семейный, я семейная», – дедім де қойдым...


Біз – біраз қыздар, тұрмысқа шыққан соң да, дос-жол-дастығымызды жалғастырып, отбасымызбен, кейін келе ұл-қыз-дарымызбен жақын араласып жүрдік. Университетті бітіргенімізге 10 жыл болғанда, бір ресторанда, оншақты қыздар басқостық. Өт-кен-кеткенді еске алып отырып, сол кезде де: «Ермұхан саған әлі күнге хат жазбай ма?» – деп қыздар күліп, біраз әңгіме болған.


2000 жылдары «екінші мамандық алсам» деген оймен, оның үстіне, психолог мамандығына қызығып, Қайнар университетінің Психология факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Сол кездері күйеуіммен арамызда түсініспеушілік болып жатқан. Ауыр сәттер көп болып, ақыры болмаған соң, ажырасуға сотқа арыз тапсырғам. Өзім жұмыс істеп жүріп, кешке қарай университетте оқыдым. Сөйтіп, қиындықпен, екінші дипломымды алдым. Бұл мамандық менің көптеген өмірлік жағдайларға деген көзқарасымды өзгерту-ге көмектесті.


 


Екінші мамандығым бойынша дипломым қолыма тиіп, «биз-нес-психолог болам» деп жүргенде, достарым тарапынан сауда орталығында жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Жаңа салынған сауда орталығы маған қызық көрінді. Тәуекел етіп, 2004 жылы сол жерге менеджер болып жұмысқа кірістім. Сол жылдың соңына қарай ди-ректор қызметіне көтерілдім. Ол кезде ажырасып, балаларыммен бірге бөлек тұрып жатқам. Тұрақты еңбекақым болды.


Бірде бір құжаттарды біреулер арқылы Шымкентке беріп жіберейін деп вокзалда жүрсем, күтпеген жерден Ермұханмен ұшырасып қалдым. «Ой, сәлем, халің қалай?» – десем, сол, баяғы-ша күліп: «Әріпбаева, әлі күнге сен менің түсіме кіріп жүрсің», – дейді. «Ой, қойшы, өтірік соқпай», – деп, мен де күлгенмін...


2007 жылдары бір шетелдік компания Қазақстанға кірді. Аме-рикалық коммерциялық, жылжымайтын мүлік бойынша риэл-торлық компания, Москвада орталық офисі бар екен. Менің біраз жылдық тәжірибеме қарап, өздері жақсы ұсыныс білдірген соң, сол компанияға бардым. Бірақ жұмыстың бәрі ағылшын тілінде жүрді. Шетелдік компания болған соң, олар толық қайтарымды талап етеді. Таңнан кешке дейін жұмыс істейсің. Екі баланың күті-мі, сабақтары бар... Оның үстіне, несиеге үй алғанмын. Қызым да оқуға түсіп, бірінші курста оқып жатқан. Сол кредитті жабу үшін де уақытпен санаспай жанталаса жұмыс істеп, сүрініп-жығылып жүргем...


Ерекең бірде хабарласқанда, «Не істеп жүрсің?» – деп сұра-ғанмын. Сонда ол: «Үй салып жатырмын. Жекеменшік үй салу – баяғыдан арманым» деген. Ақпан айы болатын. Мен де: «Кредитке пәтер алдым, жөндеу жұмыстарын жасап жатырмын. Қазір күн әлі суықтау. Көктемде көшетін шығармын», – деп өз жаңалықтарымды айтып жатырмын. Сөйтсем, «Өз үйің болған соң, ол саған бәрібір жылы көрінеді.Үйің дайын болса, көше берсеңші», – деп, маған ақылын айтты. Содан, расында, еденге жатсақ та өз үйіміз ғой деп, шабаданмен көшіп кеткенбіз. Ешқандай жиһаз жоқ... 2007 жылы көктемде Қытайға барып, үйіме жиһаз алдым. Бір күні, аяқастынан логистикалық компаниядан телефон шалып тұр. «Сіздің мебеліңіз келді. Алып кетпесеңіз, процент жүреді», – дейді. Оны ала қоятын дайын ақшам жоқ, уақытынан ерте келіп тұр. Жалақымды әлі ал-мағам. Кімнен қарыз сұраймын деп қиналғанда, Ермұхан есіме түсті. Телефон шалып, жағдайымды айтып, қарыз сұрадым. Ол маған табанда: «Жарайды, бүгін сен жұмыстан шыққан уақыт-та алып барамын», – деді. Жұмыстан кейін ол шынымен ақшаны әкеліп тұр. «Бір-екі аптадан соң, айлығымды алам, сонда қайта-рам», – дедім. «Жақсы, асықпа», – деді де қойды. Екі жетіден соң, қарызымды берейін деп, телефон арқылы шақырып алдым.


Жаз шығып келе жатқан кез, күн жылы. Біраз жаяу жүріп сөй-лесіп, студенттік өмірімізді еске түсірдік.


Оныншы тамыз менің туған күнімде жұмыстағы әріптестерім құттықтады. Жұмыстан кейін сыртқа шықсам, Ермұхан тосып тұр екен, қолында гүл. Екеуіміз кафеге барып, сөйлесіп отырдық. Сол кезде ол менен:


– Сен неге жиһаз тасып жүрсің, күйеуің қайда? – деп, сонша жылда бірінші рет сұрады. Айырылысып кеткенімізді сонда, ашық айттым. Ол қатты таңғалып:


– Қашан?!.. – дейді.


– Ой, біраз уақыт болды, – деймін . Ол:


– Бұрын неге айтпадың? – дейді қадалып. Мен айтам:


– Бұндай нәрсені елдің бәріне айта бермейсің. Бұл қуанышты нәрсе емес қой, – десем,


– Солай ма?!.. – деп жатыр одан сайын таңырқап.


Сөйтсем, оның ойы басқа екен... Содан бастап әрнәрсені сыл-тауратып жиі телефон шалатын болды. Бірдеме сұраған болады. «Сенің консультацияң керек, тағы бірдеме» деп. Айтқандай, сол жолы, кафеде отырғанымызда, Ермұхан менің туған күніме ар-найы алған сыйлығын берді. Керемет алтын алқа алыпты. Мына-дай қымбат сыйлық ұсынады деп мен де күтпегем, ыңғайсызданып қалдым. Ерекең дереу, әңгімені бұрып, маған жеңіл шарап құйып жатқанда, қолы дірілдеп жатқанын байқадым. Маған, бір түр-лі, күлкілі болды... «Жас балаға ұқсап, неменеге қолы дірілдейді мына жігіттің», – деп ойлаймын.


Сол жолы екеуіміз еркін отырып, өмір туралы сөйлестік... Шынымды айтсам, жақын жолдас, қамқоршы жан ретінде жақын көре бастағанымды сездім. Өйткені көп нәрсені түсініп, тың-дайды. Жақсы-жақсы ақылын айтады. Сенімім қалыптасты. Басқа ешкімге айтпаған нәрселерімді айтатынмын. Өйткені әкемді біле-ді. Кей-кейде басымдағы қиыншылықтарға торығып, көңілім түсіп кеткенде:


– Өй, мұның қалай? Сен Әріпбаевтың қызы емессің бе?! – деп, әзілдеп, күш беретін...


Сөйтіп-сөйтіп, жиі араласып, жақын сөйлесіп кеттік. Біршама көріспей қалсақ, іздесетін болдық. Ол да ажырасып, бөлек тұрып жатқанына біршама уақыт өткен екен. Содан бір күні Ерекең:


– Зура, бір-бірімізді көптен білеміз. Екеуіміз де өмірдің біраз бұралаңын басымыздан кештік. Менің саған деген көңілімнің со-нау ертеден ерекше екенін өзің де сезетін боларсың. Егер, мақұл десең, жүрегім сені қалайды, – деп, көңілін білдірді.


Қызым студент. Балам да мектеп бітірейін деп жатқан.


– Егер шынайы сезім болса, шын ойың болса, онда балаларға айтайық, бірге тұрайық, – дедім. Көп ұзамай, мені өз үйіне көшіріп алды. Сөйтіп, «екі жарты – бір бүтін», бір отбасы болдық...


Сол жылы Ерекең:


– Шымкентте бір жұмыс ашылып жатыр. Мен барып-келіп тұрам, – деді. Біз Олжас кайным екеуміз үйде қалатын болдық. Ол біраз уақыт Шымкентке барып-қайтып жүрді. Жас емеспіз, жағ-дайға екеуміз де түсініп қараймыз. Дегенмен, Ерекеңнің де біраз мінезін жақыннан көре бастадым. Шымкентке барып қайтса, кейде мүлдем басқа адам болып келеді. Сонда ішімнен «бұларды да түсі-нуіміз керек қой» деп ойлаймын...


Соңырақ – 2010 жылы, Шымкентке көшіп келгеннен кейін, Ерекеңнің осындағы жолдастарымен танысып, араластық. Олар да мені сынап қарайтындарын байқадым. Бірде қонаққа шақырып, үйде күттім, айт мейрамы болатын. Әйелдерімен бірнеше адам болды. Сонда Ерекеңнің бір жолдасының сөйлеген сөзі есімде қал-ды.


– Зура, бүгін – айт мерекесі. Адамдар бір-бірін құттықтасып, қателіктері болса, кешірісетін ұлық мейрам, деді ол. – Ерекең маған: «Өмірімде осындай өзгеріс болып жатыр, «бірінші махаббатыма кездесіп, соған қосылсам ба?» деген ойым бар», – деп, алғаш сен туралы айтқанда: «Ереке, оның дұрыс емес. Сен оны сүйге-ніңмен, әйел, жар ретінде білмейсің ғой, әрі екі баласымен... Мой-ныңа масыл болады, – деп, мен тоқтатқан едім... Енді сені көріп, жақыннан танысқанда: «Ереке, сен мені кешір, мұндай әйелдің жүрегін жаулап, сеніміне ие болу үшін – шындап күресу керек», – деп, күлдіргені бар.


– Болғанды жасырмай, ашық айтып отырған сізге рақмет. Бәсе, Ерекең Шымкентке келіп-қайтқан сайын көңіл күйі өзгеріп, басқа адам боп қайтушы еді, құлағын бұрап жіберетін сіздер екен ғой, – деп, мен де күлдім...


Ойлап отырсаң, сырт көзге өз отбасымен кетіскен ер адамның екі балалы әйелге қосылып жатуы – ағайын-туыстары мен бауыр-лары үшін де, дос-жолдастары үшін де оңайлықпен түсініп кететін жағдай емес екені де рас...


Сондықтан, осы қадамға барарда, ойласып, Ерекеңмен ке-ліскенбіз. «Екеуміз де осыған жеткенше сан қилы өткелектерден өттік. Сенісіп қосылғаннан кейін, қандай бір түсініспестік жағдай болып жатса, ұрыспай отырып, ашық сөйлесейік. Екі адам жасы келгенде, әйел немесе күйеу болу үшін ғана емес, қалған өмірім-де жарастықты, бақытты отбасы болайын деп қосылады. Сырттан үйге келгенде, әдемі әңгімелесіп, балалардың қылығын қызықтап, солардың бақытты келешегі туралы сөз қылып, жарқын өмір сүру-ді мақсат етуіміз керек» деп...


Тәуекел етіп, солай бастадық. Дайын тұрған оңай жол жоқ. Ал өмір болған соң, бәрі болады. Қиыншылықтар да, күтпеген кедер-гілер де дегендей. Соның бәрінен ақырын-ақырын жол тауып, қа-зір жеңілдеп келе жатырмыз деп ойлаймын. Кез келген отбасылық қарым-қатынас белгілі бір дамудан өтеді ғой. Рас, дағдарыс та болады. Одан да өту керек. Ол дағдарыс, қиыншылықтар не үшін беріледі? Сол қиыншылық үстінде не сен – өсесің, немесе, кері кету жолына түсесің. Құдайға шүкір, біз бірлесе, түсінісе күресіп, бірте-бірте ілгерілеп келеміз!..


Менің Шымкентке келуім де үлкен сынақ болды. Бұл қалада мен ең жақын адамдарымды жерледім, ағамның жылын өткізген соң, іштей өзіме «бұл қалаға енді қайтып келмеспін» деген едім. Аяулы әке-шешемнің, сүйікті бауырымның мезгілсіз қазаларына байланысты жас жүрегімді тілгілеген қайғы-қасіретті еске салатын осы көшелерді, үйлерді, таныс, туыс адамдарды күнделікті көруді ауырсындым...


«Бірақ адамның қалаған еркі емес, құдіреті күшті Жарату-шының дегені болады» деген. Құдай менің пенделік еркімнен тыс тағдыр сыйлады. Ауыр да болса, өткенді қайта сезінуді, әу баста маңдайыма жазылған тағдырымды мойындатты. Мен өзім ойнап өскен, мектепке барған көшелермен жүрдім, көзімнен бұлбұл ұшқан бақытты балалық бал дәуренімді кешкен бау-бақшаны ара-ладым, ата-анамыздың ыстық құшағында болған үйімізді көрдім!.. Соның бәрінде Ерекең қасымда болып, қолымды ұстап, қолтығым-нан демеп, менімен бірге жүрді...


Иә, біз үшін ештеңе оңай болған жоқ. Кезінде бізде, қаржы қиындығынан бөлек, моральдық-психологиялық проблемалар да көп болды. Негізі, әке-шешенің ажырасуын балалар өзінше қа-былдайды ғой. Ерекең екеуіміз некеге тұрғанда «балаларды бөліс-пейміз» деп уәде берген едік. Қазір екі жақтағы балалардың бәрі отбасын құрды. Үлкен ұлымыз – Жақсылық Әсел есімді келінмен, Керімжан баламыз Заринамен отау құрды, ал Алдияр Индира келі-німізбен көзайым етіп қуантты. Әлима да бір үй болды. Осылайша, үлкен шаңырақ болып жатырмыз. Келіндермен де жайымен тіл та-бысып келеміз, шүкір.


Алғашқы немереміз дүниеге келгенде, қатты қуанып, ата-ене болып, келінімізді қалжалап күттік, шақалақты бірінші күннен өзім шомылдырып, құндақтап, қырқынан шығарып бердім. Сонда келініміз: «Сізге рақмет, көмегіңіз көп тиді. Ене ретінде әр нәрсе-нің жолын жасап, көрсетіп жатырсыз», – деп ризалығын білдір-генінің өзі не тұрады?!. Райымбегіміздің артынан Сафиятуылды. Одан кейін Елхан немереміз келді. Тәубе, немерелерімізді бірінен соң бірін сүйіп, ата-әже атанып, қуанышымызға қуаныш қосылу-да!..


 


Бірге оқыған студенттік жылдарда, шынымды айтсам, мен Ерекеңді, тіпті де білмейді екенмін... Осы күндері сөйлесіп отырғанымызда, ішімдегі нәрселерді айтам. Ақыл-кеңес сұраймын, ол өз ойын айтады. Маған сонда ол басқа қырынан көрінеді. Сон-дай кезде: «Қандай ақылдысың, жаным. Біз бірге оқып жүргенде сен мүлде ашылмағансың ғой!» – деймін, таңданысымды жасыра алмай. Негізі, абақтыда отырып шыққан соң, көп адамдар сынып қалады. Кейбіреулер агрессиямен шығады. Өкініш болады деген-дей...


Ерекеңнің өмірге деген өкпе-ренішін мен бірде-бір байқаған жоқпын. Қайта, керісінше, адамдарға көмектескісі, жақсылық жа-сағысы кеп тұрады. Әдемі әзіл-қалжыңы бар, адамгершілігі биік... Осыларды байқаған соң, кейде жайлап сыр тартамын. Ол сонда: «Ана жақта отырғанда мен бос отырған жоқпын. Түрлі кітаптар оқып, өз бетімше іздендім. Өзімді жоғалтпауға ұмтылдым. Адам, қоғам, мемлекет, тарих, саясат туралы еңбектерді, өзіміздің және шетелдік көркем әдебиеттерді де, қолыма түскенін оқи бердім», – дейді. Және айтады: «Сол жақта отырғанда есіме алдым. Сен қа-былдау комиссиясында отырғанда, үнемі қолыңнан шетел клас-сиктерінің әдебиеттері түспейтін. Көп оқушы едің ғой, сол кітап-тардың бәрін есіме алып, қолым жеткенін оқып шықтым», – дейді. Екеуіміз оңтүстікке келгенде, Ерекеңнің жұмысы жақсы жүріп кетті, береке де келіп жатты. Негізі, ақша тауып, табысқа кенелу де адамдарға сынақ, көп адамдар оны көтере алмайды. Бірақ екеуміз


бұны да өттік. Өйткені, Ерекеңнің ниеті дұрыс болды. Ол:


– Әкеміздің кезінде салынған үй ескіріп қалыпты, – деп, ауыл-дағы қарашанырақ үйді қайта көтерді.


– Ауылдағы мешіттің құрылыс жұмысы тоқтап қалыпты, – деп, оған да көмек көрсетті. «Иманды адамдар көп болсын, жастардың да тәрбиесіне жақсы» деген ниетпен.


Қаладағы бір балалар үйін қамқорлығымызға алдық. Жыл сайынғы балалар мерекесі, Наурыз, Құрбан айт күндері, басқа да жағдайларға байланысты, міндетті түрде өзіміздің сый-сияпатымызды жасап, көмегімізді көрсетіп тұрамыз. Менің ойым-ша, ер азаматтың іскерлігімен, ізгі идеясымен жарқылдап көрінуі маңызды! Ерекең, кейде, ақша жоқ кезде де іске асырғысы келетін жаңа ойларымен бөлісіп отырады: «Осылай етсек, сен қалай ой-лайсың? – дейді. – Сен дұрыс деп санасаң, солай етейік», – деймін... Ол не туралы айтса да, сондай энергиямен, беріліп, сенім-


мен айтады. Кейде, жасалған істің нәтижесі біз ойлағандай бол-май шығады. «Бекер болыпты!..» деп, өзі де өкінетін кездер бо-лады. «Сен мені неге тоқтатпадың? – дейді маған. – Мен қайдан білейін?..» – деп қоямын. Бірақ артынан ойлап отырсақ, ол да – тәжірибе. Онсыз тағы болмайды. Құдайға шүкір, сосын тағы да жолымыз ашылады. Ең бастысы – бір-бірімізді дұрыс түсіну. Түсі-нісу. Басқасының бәрі кезегімен өте береді...


Ерекең, мәселен, тарихта болған әр нәрсеге терең қарайды. Соның бәріне мән беріп, сараптап отырып, бүгінмен бай-ланыстырып айтқанда, мен оған «Осы тарих факультетінің дип-ломына, тек сен ғана лайықтысың», – деп айтам.


Ерекеңнен бірдеме сұрай қалсаң, сол туралы таратып жазылған кітапты ерінбей іздеп табады. Оған сол фактіні растауы керек. Ол заңгер маманы болмаса да, өз бетімен құқық саласына терең үңіл-ген, көп оқып-тоқыған. Конституцияның, азаматтық-құқықтық за-ңдардың баптарымен, бәрін рет-ретімен түсіндіріп сөйлей біледі. Сонда мен: «Кей адамдар өзінің екінші мамандыққа деген қызығу-шылығын, бейімін есейе келе, жасы ұлғая келе түсіне бастауы мүмкін. Ереке, сенің де заңгер мамандығына мықты негізің бар. Сен сол саланы оқып алсаңшы», – деймін. Ол ұялады. «ҚазМУ-да, сендермен оқығанда, орыс тіліне шорқақтығыма ұялушы едім. Араға жылдар салып, жасым ұлғайғанда, жастардың арасында тағы ұялып отырам ба?..» – деп қалжыңдайды.


Екі-үш жыл бұрын екеуміз кешке қарай серуендеп келе жат-сақ, алдымыздағы тротуардың шеті босап қалыпты. Кеш батып, көз байлана бастаған кез. Алдымызда еңгезердей ер адам келе жа-тқан. Бізге төрт-бес қадамдай қалғанда, ол еңкейді де жолдан бір нәрсе алды. Байқасам, тротуардың босаған тастарын алып, қал-тасына салып жатыр. Дәл біздің қасымыздан өте бергенде, әлгі адамға Ерекең:


 


– Ал, ал, ұялмай, көбірек ал! Бәріміз осылай тасып әкетейік, – деп айтты. Анау еркек жүгіріп кетіп қалды. Мен ішімнен: «Ерекең-нің айдаладағы біреуде несі бар, неге тиіседі?» – деп ойладым. Бұл – менің сол сәттегі ойым. Кейін, артынан ойланып қарасам, «мұның маған қатысы жоқ» дегенге саятын – менікі дұрыс емес екен. Сол, жаңа төселген аяқжол тастарынан әрқайсысымыз бір-бірден тасып әкете берсек, қала көшелерінде түк қалмайды ғой. Сосын барып: «Ереке, сен дұрыс ойлайсың, дұрыс істейсің», – дедім. Ойлап қа-расақ, шынында, қазір қоғамда «әркім өзіне және өзі үшін» дегенге саятын – ел ертеңіне, ұрпақ болашағына аса қатерлі эгоистік ұғым, түсінік бел алып кетті. Ерекең соның бәрін жүрегімен ойлайды. Осындай, күнделікті өмірде, көз алдымда көрініп қалатын оның кең ойлайтын адами, азаматтық қасиеттері мен бойындағы күшті энергиясына қарап, қайран қалдырады. Маған да ой салады...


Қандай бір шаруасымен қай мекемеге кірсе де, бірдеме дұрыс істелмей жатса – бөлімнің атауы, немесе, қазақша аударылған бір сөз дұрыс жазылмаған болса, үнсіз қалмайды. Соған жаны ауырып, арнайы барған жұмысын қоя тұрып, әуелі міндетті түрде жаңағы қателіктерді дұрыс жазып, көрсетіп кетеді, ерінбейді. Тиісті жері-не жеткізіп, түзеттірмейінше тоқтамайды. Бірде Алматыдан Шым-кентке пойызға отырғанбыз. Вагон ішіндегі электронды тақтаның жүгіртпе жолдарында қазақша қала атаулары дұрыс жазылмапты. Жолдан шаршап, келгенімізге қарамай, «пойыздың бастығына ба-руым керек», – деп, оны күтіп, соның бәрін ерінбей жазып қалдыр-ды. Одан бірнеше күн бойы хабарласып, ақыры оң жауабын алды... Біздің Үсіпхан жолдасымыздың үлкен баласы әкесіне алғаш «үйленем» деген ниетін айтады. «Балам үйленгісі келетін қызын айтқанда, біршама тосылып, «той жасаймын ба, жасамаймын ба?» деп, екі ойлы боп, біраз жанашыр ағайындар мен жолдастарға хабарласып, ақылдастым», – дейді ол. Өйткені ұлының әкелетін қызының ұлты – орыс, есімі Виктория екен. Жастар ұзақ уақыт бір-бірін жақсы біледі, ұнатады. Бізді де тойға шақырған, сонда жолдасымыздын өзі сөйлегенде айтып жатыр. Сонда Үсіпхан: «Өзі де, сөзі де салмақты бір жолдасым бар еді, соны тыңдайын деп, Шымкентке, Ермұхан досыма телефон шалып, осындай-осындай жағдай, дегенде, ол менің көңілімді орнықтырды», – деді. Сонда Ермұхан: «Сен қуануың керек, өйткені, ұлың басқа ұлттан әйел алып, оны мұсылман етіп отыр. Екіншіден, өзіңе тартқан ұл бол-са, Құдай қаласа, қазақтың санын ғана арттырып қоймай, сапасын да жаңартады. Сондықтан, сен ағайының мен дос-жолдастарың алдында ұялмай, қайта, мақтануың керек!..» – депті. «Содан өз-өзіме келіп, балам мен келініме шын жүректен қуанып, той жа-сап жатырмын, рақмет саған, Ермұхан!» – деп, көпшілік алдында алғысын айтты.


Қалай дегенде де, тарихтан білеміз, осы біз басымыздан кешіп отырған, қоғамдық жүйелер ауысып жатқан аралық өтпелі кезең, өзінің барлық қайшылықтарымен ерекшеленеді. Меніңше, бұл – өте күрделі де қызық кезең. «Ереке, осындай кезеңнің көзі тірі куә-гері ғана емес, белгілі деңгейде, кейіпкері ретінде де, өзің қатысқан тарихи Желтоқсан оқиғасы туралы сенің көзқарасың, ойларың ке-лешекте немерелерің үшін, жалпы жас буын ұрпақ үшін маңызды болады, сен басыңнан кешкендеріңді жүйелеп жазсаңшы», – деп те мазалап қоям...


Мен, негізі, бір көргеннен ғашық болатын адам санатынан емеспін. Алдымен, адамның ішіне үңілетін сияқтымын. Ерекеңе тұрмысқа шыққанда, ең жақын адам ретінде, сеніммен қарадым. Қамқоршым ретінде қабылдадым. «Осы адам өмір-бақи жаным-да болса» деген сезіммен, сондай ниетпен қосылдым. Екеуіміз кез келген нәрсені сөйлескенде түсінісеміз. Ойлап отырсам, осы күні Ерекеңе соншалықты бауыр басып қалыппын. Маған қазір Ерекең болмаса, ештеме қызық емес. Бұл сезім бәрінен де күшті. Менің-ше, махаббат деген осы шығар!..


Екеуіміз басқосқан соң Ерекең: «Сендер оқуды бітіріп кеткен-нен кейін, бір курстасымызбен кездесіп, сөйлесіп қалдым. Сонда соның аузынан «Зураны саябақта бөпесімен қыдырып жүргенін көрдім» деген сөзді естіп, сол саябақ сенің үйіңнің маңында екенін түсіндім», – дейді. Жаным жай таппай, сені қатты көргім келді. Бір көрсем деген үміт-аңсармен сол саябаққа сан рет бардым. Мүмкін, кішкентайыңмен серуендеуге шығып қаларсын деп, сағаттап күте-тінмін», – деді. Оның бұл әңгімесі көзіме жас келтіріп, жүрегімді терең қозғады!..


 


Бірақ отбасын тек жанып тұрған жалаң сезіммен ғана ұстап тұруға болмайды. Сезімді сақтап қалу, көп нәрсеге көз жұмып қа-рау деген – басқа нәрсе. Бұрын екеуміз «қызылды-жасыл» әлемде жүрсек, енді немерелі ата-ене болып жатырмыз. Балаларға да от-басылық өмірдің, ерлі-зайыпты өмірдің, ондағы қарым-қатынас-тың қандай болу керек екенін өзіміз көрсетіп жүрміз. Демек, қазір де біз үшін – жаңа этап, жаңа кезең. Жауапкершілігіміз артпаса, кеміген жоқ.


Мен мұнда көп ағайынды үлкен отбасыға келін болып кел-дім. Бастапқыда жаңа ортаға кірігу, ортақ тіл табысу да оңай бо-лған жоқ. Мысалы, әулетке келін болып келгенде, мен қырықтан асып кеткем. Шымкент болған соң, елдің бәрі біледі, қазақшылық дәстүр көбірек сақталған. «Сәлем саласың ба, салмайсың ба?» де-ген сұрақтар да болды. Сонда:


– Ереке, сен қалай ойлайсың? – деп сұрадым.


– Мен үшін бұл маңызды емес, – деді ол. Бұрын да сәлем салмағам. Енді, қырықтан асқанда сәлем салып тұру да біртүрлі, ыңғайсыз көрінетіндей болды. Сол оймен:


– Ереке, егер сен ренжімейтін болсаң, сәлем жасамай-ақ қо-яйыншы, маған бұл күлкілі көрінеді, – деп едім:


– Жарайды, – деді де қойды. Туысқандар онша көңіл аудар-маған сияқты болды. Сөйтіп, сәлем салмай жүрдім. Біраз уақыт өтті. Бірде, әулеттегі жеңешемнен:


– Жеңеше, сіздер сәлем салмайсыздар. Сонда келіндер қай кезден бастап сәлем салмайды? – деп сұрадым. Жеңешелеріміздің жолдастары, яғни қайынағаларымыз өмірден ертерек өтіп кеткен.


– Жұбайың қайтыс боп, жесір болғанда сәлем салудың керегі жоқ, – дегенді айтты...


Содан ойланып, «қателігімді түзетуім керек» деп шештім. Сөй-тіп, келін боп түскеніме біраз жыл өткен болса да, осы жақыннан бастап, сәлем салуды бастадым. Аға-жеңгелеріміз риза болып, бәрі алғыстарын айтып, батасын беріп жатады. Осылай, өз-өзіме үңі-ліп, көп нәрсеге басқаша қарап жатырмын. Уақыт ілгері жылжыған сайын, ұрпағымыздың алдындағы қарыз-парыздарымыз терең ой-лануға, көп нәрсені қайта түсінуге мәжбүр етуде...


 


 


Негізі, «баланың өмір жолы әу бастан пешенесіне жазылып туады» деген бар. Демек, әрбір адамның мінез-құлқы да өзімен бір-ге туылады. Осындағы Бадам елді мекенінде бізге қарасты әулет-тің үлкен қарашаңырағын ұстап отырған Күлбибі апамыз болған. Мен келін болып келгенде, сол апамыз 83 жаста екен. Мен кіріп сәлем бердім. Сонда жарықтық, сол апамыз:


– Аа, айналайын, бақытты бол!.. Мына Ермұханның кінді-гін өзім кескенмін, – деді. – Бала туылып жатқанда «баланы сен аласың» деп, маған табыстады... Уақыты жетіп, бала келді жарық дүниеге. Қолыма алдым, кіндікті кеспей тұрып, шайқасам, жыла-майды. Қорқып кеттім. Ойбуй, қайныма енді не бетімді айтам деп... Содан, тез есімді жиып, құйрығынан екі-үш рет шарт-шұрт шапа-лақтағанымда барып, «іңгәлап!» – шар еткен даусы шықты. Менің де маңдайымнан қара тер бұрқ етіп, «үһ!..» деп жеңілдедім, – дей-ді. – Сонда, Құдай аузыма салды ма: «Әй, бұл бала, аман болса, елді өзіне қаратқызатын бала болады екен!..» деп күлдім, – дейді.


Жарықтық, сол апамыздың сөзінің жаны бар ма деп ойлаймын. Әдетте, кең ойлап, кесіп-пішіп байламын бір-ақ айтатын Ерекең-нің кім-кіммен де сөзі жараспай, ойындағысы болмай қалса, есікті жауып, жүре беретін шарт мінезі де бар...


 


Өмірде қиындықтармен бірге Алланың хикметі қатар жүреді. Соны аңдай білуіміз керек. Мен мұны анық түсінетін жағдайды басымнан кештім.


2016 жылдың күзінде біз күтпеген жағдай болып, жақын адамдармен арамызда ауыр айыптаулар, шағым-арыздар жүрген қақтығыс орын алды. Арқадан пышақ ұрғандай болған осы оқыс оқиғадан соң, мен қатты жабырқап, денсаулығым күрт нашарлады. Бар дүниеден баз кешкендей, бәрінен қашқым келді. Ерекеңе мені бір санаторияға жіберіп, емдетуін өтіндім. Реті келіп, сол мақсат-пен бір күні пойызға отырдым. Купеде, жас шамасы алпыстан асқан бейтаныс бір апа отыр екен. Үлкен ұлына қонаққа бара жатқанын айтты. Купеде басқа ешкім жоқ. Жанымды ашу мен ыза мүжіп, өзімнен-өзім торығып отырған мен жолда мүлде сөйлегім келмеді. Бірақ әлгі апа ананы-мынаны сөз қылып, менің көңіл күйімді аулап, әңгіме бастады. Өзінің біраздан бері намаз оқи бастағанын, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың өмірі туралы қызықты кітап оқығанын айтты. Қазір пайғамбарымыздың сүйікті әйелі Айша ту-ралы оқып жатыр екен. Айша күйеуін, яғни «пайғамбарымызды алдады» деп айыпталыпты және айналадағылардың бәрі ол туралы өсек таратады. Бұған, тіпті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)-ның өзі күмән келтіре бастайды...


Әлігі апаның бұл әңгімені ынты-шынтысымен, беріліп айтқаны соншалық, мен өзімнің жанымды жеген қиналысымды ұмытып, сондай бір қызығушылықпен тыңдадым. Көп ұзамай, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) Айшаның кінәсіздігі туралы аян көріпті. Сосын, ол Айшаның ата-анасының үйіне келіп: «Құдіреті күшті Құдай сенің кінәсіздігіңді аян етті. Сен ақталдың», – деп айтады. Сонда Айшаның әкесі қуаныштан айғайлап: «Қызым, бар, пайғам-бар Мұхаммедке рақметіңді білдір, ол сені ақтады» дегенде, Айша: «Күйеуім күмәнданған кезде, маған сенетін Аллаға шүкір етемін», – деп жауап берді дейді. Бұл тақырып Айшаға жала жабу туралы деп аталады екен.


Сол түні мен пойызда ұзақ түн ұйықтай алмадым. Болғанның барлығы бір Алланың Құдіретімен болатынын, бейкүнә адамдарға ақтау-ақталу қажет емес екенін түсіндім. Тек бір Алла сені ақтап, бәрін орнына қояды екен. Өмір туралы түсінігімді өзгерткен сол апамен дәл сондай ауыр ахуалдың үстінде кездескеніме қатты қуандым. Мен содан былай өз ойымды түзеп, адамдарға ренжуді қойдым. Содан былай, жағдай бірден өзгеріп, қалпына келіп, өмі-рім жеңілдей бастады.


Өмірде кездейсоқ нәрсе болмайды. Біз Ерекеңмен екеуіміздің соншама сынақтардан кейін қайта кездесіп, бір шаңырақта та-бысуымыз да – сол, құдіреті шексіз Жаратқанның жарылқауы, ал-дын ала маңдайымызға жазған тағдырымыз деп білемін. Тағдырым Ерекеңнің қасында менің ойымды түбегейлі өзгертті. Жаныма жақын ер азаматыммен бірге, өміріме ризалықпен, адамдарға кеші-рімді болып, сыйластықпен өмір сүруді үйрендім. Жаратушыдан, екеуіміздің бақытымызды баянды қылып, қуаныш-қызығымызды ұзағынан сүйіндірсін деп тілеймін!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу