Әңгімелер ✍️
Жанымның шуағы – асыл анам
Біздің кішкентайымыздан анамыздың денсаулығы болмағанын білемін. Еміс-еміс есімде қалған бір көріністерде, үйде жүрген біз-ге, өңшең кішкентайларға, кім айтқанын қайдам, «Шешелерің ор-талықтағы ауруханадан шығып, ауылға келе жатыр» деген хабар тиді. Бөлімшедегі біздің ауыл мен совхоз орталығы – Бөржардың арасы ол кезде өте қашық көрінетін. Мен – үлкенімін, құйын-пе-рен жүгіріп, бәрінің алдында келем, соңымда екі інім, қарындасым бар. Ауылдың сыртындағы елсіз адырға шықтық. Одан, борпыл-даған топырақты айдау жол үстіне дейін жайылып өсіп кеткен жантақ, шошқа тікенектерге қарамастан, Бөржарға қарай жалаң аяқ-жалаң бас, алақайлап шаңдатып, шапқылап келе жатқанымыз көз алдымда...
Анамыз жарықтық, он екі құрсақ көтерген екен. Өзі бала жасынан аштықтың зардабын шеккен, әке-шешеден ерте айырылып, жетім өскен. Өсіп-өнген үлкен бір әулеттен бір ағасы, бір әпкесі – үшеуі ғана тірі қалған құсайды. Онда да үшеуі ағайын-ды үш кісіден... 1944 жылы 19 жастағы шешемізді әкеміз сол әпке-сінің қолынан алған. Өзі күліп айтып отыратын, «әкелеріңе өзім келгенмін» деп. Соған қарағанда, балалы-шағалы әпке-жездесі-нің үйіндегі өмірі де оңай соқпаған сияқты. Әкем алдын ала уағ-даласқанда, келетін күнін айтып, келісіп кетеді. Ат-көлік тапшы, әкеміз баратын ат іздеп, әрі-бері жүгіріп жүргенде, шешеміз, қо-лындағы түйіншегімен Шымыр аулынан ел ұйқыдан оянбай, алаң-елеңде ерте шығып кетіп, арадағы қыр-белестерді жалғыз-жаяу асып, біздің Темір аулының үстіне жетіп қалса керек...
Есейе келе, Жорабекқызы Үрліхан анамыздың жанкештілігін көп көрдік қой... Өзі талдырмаш бойлы, жұқалтаң ғана, нәрән-жулеу кісі еді. Ашуы жоқ, өте момын. Ұрып-соғу былай тұрсын, біздің бірде-біреуімізге сол шешеміз жарықтық, дауыс көтеріп, ұр-сып көрген емес. «Әй!..» дейтін де қоятын.
Алғашқы туған қызын үлкен енесі бауырына салып алған. Қырқынан шығар-шықпаста берген-ау, «емшегім сыздап тұра-тын, бірақ барып емізуге қорқатынмын әкеңнен» дейтін. Екінші қызы – Рахимаш әпкемізді босанған бойда, Гүлзада әжеміз асырап алады. Үлкені – Түзукүл әпкем әкемнің көшірмесі-дағы, Рахи-маш әпкем – тура шешем менің! Ол кісіні көрсем, анамды көр-гендей болам осы күнге дейін. Бәрімізді «колхоздың жұмысында жүріп, мақталықта туғанмын» деп отыратын. Ең кіші інім Айтмұ-хамбетті ғана үйде босанғанын білем, 1969 жылдың қаңтар айы болатын. Анам – ата-енесін баққан, күйеуінің бабын тапқан, көп бала туып-өсіре жүріп, колхоздың жұмысынан да қалмаған. «Біз-дің байымыз әкелерің емес, колхоздың біргәдірі болды», – дейтін. «Таңертең жұмысқа сәл кешіксең, атпен шауып келіп, қамшымен тартып-тартып жібереді. Пәленшенің қатынысың ба, бала-шағаң бар ма?.. жұмысы жоқ», – дейді. Кешке, ымырт түсе шаршап-шал-дығып жұмыстан қайтып келе жатады. Жамырап алдынан жүгіріп шығамыз. Менен басқасының бәрі «жеңеше» дейді, мен ғана «апа» дейтінмін ол кісіні. Көп сырқаттанды, ауырушаң болды...
Анамды жанкешті деуімнің тағы бір себебі, ең үлкен ағамыз Әбдімәлік көкем Целиноградта оқып жүрген кезінде істі бол-ды. Сонда сол жаққа сотқа бару керек болады. Өмірі үйден ұзап шықпаған, самолетке отырып көрмеген кісі. «Жүрегім тарсыл-дап, қанша қорқып тұрсам да, балам үшін отырдым», – дейтін. «Құрысын!.. Целиноград дегенің бұрқыраған боранды, үскірік аязды, ақ қар-көк мұзды жер екен!..» – дейтін...
Содан, арада жылдар өткенде, мен істі болдым. Тергеу жүріп жатқанда екі ағаммен жетектесіп маған да келді. Сонда, бірінші кездестіру болғанда, шешемнің бетіне қарауға менде бет жоқ бол-ды! Қазір ғой, қанша жыл өткенде, «батырмыз», «пәлен-түгенбіз!» деп жүргеніміз. Ол кезде, заман басқа, түсінік-таным бөлек. Бір ауылда, бір үйден жоғарғы оқу орнында екі бала оқып, екеуі де істі болды деген... «Ата-анамның бетіне салық болдым-ау, үміт-се-німін ақтай алмадым-ау» деп, өзіңді айыпты сезіну деген қандай ауыр?!.. 1987 жылдың мамыр айында, сот болды. Үш күн бойы жүрді сот. Содан, үкім оқылды. Менің екі көзім анамда… Маған «5 жыл беріледі» деген үкім оқылғанда, шешем сол жерде құлайтын шығар деп ойлағам... Мықты екен анам! Қасындағы бауырларым түсіндірген болар, үкім оқылып болған соң, сүйретіліп орнынан тұрды да, темір тордың ішіндегі маған қарай жүрді. Өзі арық адам, бет-жүзінде қан-сөл жоқ, жағы суалған, екі көзі шүңірейіп, іші-не кіріп кеткен. Боп-боз жүзіндегі шет-шеті қызарыңқы, момақан қара қоңыр көз-жанарынан аналық мейірімін төгіп, анадайдан үн-сіз айналып-толғанып, қасыма жақындап келді де, нық дауыспен:
– Қобалжыма, қарағым, балам! Алдыңда екі ағаң бар, артыңда екі інің бар. Амандықпен көрісуге жазсын. Қайтейін, бір Құдайға тапсырдым! – деді. Деді де, ақырын бұрылып шығып кетті...
Мен «дауыс салып жылайды, есінен танып құлайды» деп үрей-леніп күткен – қайран Анам, қайсар анам менің!.. Еңсесін тік ұстап есікке беттеген анамның тұрымтайдай тұрқынан басқа ешкім-ді-ештемені көрмей, естімей, екі құлағым шыңылдап, алқымыма тығылған ащы өксігімді талмап, сілейіп тұрдым да қалдым!.. Осы күні оңашада ойлаймын: Ер-азамат басымызбен біз сөйтіп айта аламыз ба, балаларымызға?.. Әй, айта алмаймыз!..
Жаңылмасам, мен алтыншы класс оқып жүргенде болуы керек, үнемі қабағы сұсты жүретін әкем жарықтық, бір күні, жүзі сондай жылы. Дүкеннен үйге қорап-қорап конфет, печенье, киім-кешектік түрлі маталар әкеліп, анама жұмсақ сөйлеп, әбігер боп жүр. Анам да мәз-мейрам, сандықтарын ақтарып, әдемі көйлек-орамалдарын ауыстырып киіп, бізді де жуындырып, жолға дайындап, әлек боп қалды. Әкем айтып келген құсайды, апамның Қараспанда тұра-тын Кеңес дейтін бауырының үйіне тойға барамыз деп. Ол кісіні білеміз, дәрігер еді. Анам қатты ауырып, науқастанып қалғанда, өзі ғана білетін қажетті дәрі-дәрмегін әкеп беріп, ем-домын жа-сап, қамқор боп жүретін. Арқа сүйер жалғыз бауыры ғой... Со-дан, бір кезде, қоңсы отыратын ағайын-туғандардың үлкендері бір қора боп жиналып келді де, балаларды үйден шығарып жібе-ріп, шешемізді орталарына алып, әңгіме айта бастаған... Анамыз зар еңіреп, боздап жылап қоя берді. Бұрын-соңды естіп-көрмеген сұмдық аңыраудан арқа-басымыз шымырлап, үрпиісіп, әпкелері-міз де сыңсып, біз де қыңқылдай бастадық. Сөйтсек, анамыздың жалғыз бауыры, Кеңес нағашымыздың қаралы хабары жеткен екен. Өзі жалғызілікті, туған әке-шешесін де білмей, ерте жетім қалып, ағайын қолында өсіп-жетілген мұңлық анамызды ойсыра-тып кеткен ауыр қайғысын сезінген әкеміз, жаманат хабарды өзі естірте алмай, ағайындарға құлаққағыс қылып, анамды аяп-аялап, қиналып жүр екен ғой, сонда...
Анамның маған ренішті болған кездері де болды. Есімде қалған сондай жағдайдың бірі – мен 5-курсты бітіріп, диплом алып жатқан кезде, «көп болды көрмегелі, иісін сағындым, неме-ремді әкеп берсеңші» деген соң, әйелімді баламмен ауылға апарып тастап, өзім Алматыда шаруаларыммен жүрдім. Аз уақыттан кейін, айналып келгенімде «Маған көрсетпегенің осы ма еді, мынаны ме-нің қасыма неге тастап кеттің?!» деген сөзді, шешем зілмен, қатты қапа болып айтты. Бірақ не болып-не қойғанын жақ ашып сөз қыл-мады. Мен де ежіктеп сұрамадым. Сол үндемеген күйі әйел-балам-ды алып қайттым да, үйге кіргізбей, әке-шешесінің үйіне апарып тастадым. Араларында не болғанын білмедім. Менің алдымда үне-мі өзі қорғаштап жүретін әйелімнің сол жолы анамның көңілін қат-ты қалдырғанын сездім.
Өмірінің соңына қарай қатты сырқаттанып, төсек тартып жа-тып қалғанда, Алматыдағы бар шаруамды тастап, ауылға келдім. Қас-қабағына қарап қасында жаттым. Анам біреулерден естіген бе, «Шаян жақта бір атышулы емші бар екен, соған көрсетсең қай-теді?» – деп қалды. Ол кісіге алып келіп қараттым. «Боз биенің қымызы шипа болады екен» дегенді естіп, боз бие сатып алып, сау-мал-қымызымен күттік. Жаратқанның өлшеп берген уақыты жетіп, пәни дүниеден татар дәм-ырыздығы таусылған күні, шүкір-тәубе-сімен, көп қиналмай, көз алдымызда бақилыққа аттанды. Аз ба, көп пе, Жаратқанның пешенесіне жазған – 69 жасын жасады. 1994 жылдың 24-мамыры – ащылы-тұщылы пәни дүниемен қоштасқан күн болды. Алыс-жақын ағайын-туған, жегжаттар бар, ауылдас, көрші-көлем, сыйластар бар, өзінің үлкен-кіші ұрпағы бар де-гендей, дәстүрлі ата-баба жолымен жөнелттік. Жетісін, қырқын атқарып бір-ақ қайттым...
P.S. Анама қатысты естен кетпес дүниелер көп қой. Қайсыбі-рін айтып тауысарсың... Бірақ ерекше толғандыратын бірер жағдайдың жөні бөлектеу...
Соның бірі, мен алғаш үйленіп, әйелімді үйге әкелгенде, қалыптасқан дәстүр бойынша, біздің жақ хабаршы жіберіп, ол жақтан аға-жеңгесі қуғыншы боп келеді. Сонда сол туыс жең-гесі қыздың анасының: «Сіздерде бала баршылық көрінеді. Бізде жалғыз қыз. Сондықтан, күйеу баланы қосып, екеуін бізге бер-сеңіздер...» деген «ерекше» сәлемін анама оңаша жеткізеді. Өмір бойы әкеміздің атын атамай өткен анам жарықтық сонда: «Әлі жүз көріспеген құдағиға сөз түсінер кісі болса, дұғай сәлем айта барыңыз. Біріншіден, бала туып, өсіріп жеткізу – ойыншық емес. Құдай өзі берген ұл-қыздарымды көпсінте көрмесін, әрбірінің өз орны, пешенесіне жазған өмір-тағдыры, несібесі бар. Екіншіден, егер де Сәбдікерімнің (әкем Әбдікерімді айтады) ұрқы екені рас болса, бұл жағдайды балам өзі шешуге тиіс. Оның қабылдаған шешіміне мен қарсы болмаймын!..» – деп жауап берген ғой. Есіл-дерті, бар тілек-ниеті – «Осылар жарасып, үй-отан боп кетсе екен» деген ой ғой, осы жағдайды өмірінің соңғы күндеріне дейін көкірегінде құпия ұстап келіпті, қайран анам!.. Ұзақ жылдар бойы біресе ажырасып, біресе қайта қосылып жүрген күйімізге күйіне отырып: «Байғұс балам, сенің де әбден басыңды қатырды-ау», – деп, бақилық боларының алдында ғана айтқан еді...
Екінші бір оқиға, менің балалығым ба, әлде шамадан тыс ырымшыл болдым ба... 1989 жылы дүниеден кеткен соң, әкем-нің басына тас қояйын дедім. Ол кезде ауылды жерде ондай іс некен-саяқ. Қаладан іздеп жүріп, қара гранит тас тауып жаз-дырып, дайындаттым да шешеме барып айттым. Шешем сонда: «Үйге әкеліп, маған көрсетсейші оны» деген еді. Үйге апарғанды ішімнен жаман ырымға балап, қаладан бірден бейіттің басына алып барып, екі-үш ер-азамат ағайындармен орнатып қайттық. Сол өтінішін орындамай, шешеме көрсетпегенім бекер болды-ау деп, кейін соған өкініште қалдым. Біздің жақта әйел адам бейіт басына бармайды ғой. Сол күйі әкемнің басына қойған тасты ше-шем көре алмай кетті. Артынан анам қайтқанда, әкемнің қасына жерледік. Екеуінің белгі тасы бірдей болсын деп, ол кісінің басына да сондай тас қойдым...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter