22.07.2024
  26


Автор: Ермұханбет Қуандық

Ауылым, аталарым...

Ықылас Темір – кішкентай ғана Бөржар өзені бойына қоныс тепкен шағын ауыл. Ордабасы ауданының Бөржар ауылдық окру-гінің бір бөлімшесі. Бастауын осыдан, небәрі, 15 шақырым ша-масы шығыс беткейдегі шағын қайнар-бастаулардан алып, сай та-бандарын қуалай ағатын Бөржар өзені сырт көзге арық суындай ғана боп көрінеді. Сол тұрқымен-ақ ол – жоғарыдағы үлкен елді мекен Ұялыжарды, біздің ауыл мен төмендегі Теспе ауылдарының мал-жанын, тақта-тақта суармалы егістіктерін, үй айналасындағы бау-шарбақтарына шейін қысы-жазы қажетті сумен қамтамасыз етіп келе жатқан берекелі өзен. Қарашаңырақ – әулетімізден есім-дері бізге мәлім екі-үш аталарымыздың келте шежіре-тарихы да осы алақандай ауылмен кіндіктес сияқты. Еміс-еміс құлағымызға тиген ескі әңгіме желісі бойынша, тау жақтағы Темірлерден енші алмай бөлініп шыққан Ықылас-Ырсай аталарымыз, шамамен, 19-ғасырдың орта тұсында осында келіп орныққан. Атадан өсіп-өнген ұрпақтарының ұзын-саны бүгінде 200 түтіннен асып жығылады.


Өз заманында бақуатты бай, дәулетті кісі болған Арғынбай бабамыздың ауылын оқыстан орыстың мылтықты әскері шауып, шоқпар-сойылмен қарсы шыққан ересек 4-5 баласымен қосып бай атамыздың өзін де атып-шауып өлтіріп, үйелменімен қырып, малын талан-тараж етіп айдап әкетеді. Бұл – шамамен, өткен ғасырдың басында болған оқиға. Сол қырғыннан ғайыптан-тайып жалғыз кенже ұл – Қуандық пен жеңгесі Жұпар (Арғынбайдың үл-кен баласы Орынбектің әйелі) екеуі ғана тірі қалады. Қараспандағы қыпшақтардың қызы – Жұпар жеңгесі ақыл-парасаты мол кісі құ-сайды. Бір әулеттен тұқым қалмай құрып кете ме, мынау жалғыз жетімектің жайы қалай болады деп уайымдап, өзі бас-көз боп қарайласады. Қайнысы есейіп, буыны бекіп, жігіт болған соң, дәстүр бойынша «әмеңгерім» деп, некелесіп қосылады. Міне, сол әжеміз атамызға Әбдірайым (1920 ж.т.), Әбдіқайым (1922 ж.т.) және біздің әкеміз Әбдікерім (1926 ж.т.) атты үш ұл тауып береді.


1939 жылы қызыл әскер қатарына алынған Әбдірайым «әне-мі-не елге қайтамын» деп жүргенде, фашистік Германия соғыс ашып, алғашқылардың қатарында Украина жерінде майданға кіреді. Содан арада 5-6 ай өткенде хабар-ошарсыз кетеді. Соғыс қызып жатқан 1942–43 жылдары, елдегі Қуандық атамыз бен екінші ұлы Әбдіқайымды да бірінен кейін бірін – әкелі-балалы екеуін де май-данға алып кетеді. Аяғынан жарақат алған Қуандық атам бірер жылда қайтады да, Әбдіқайым атам соғыс біткеннен кейін де Ба-тыс Украинадағы бендерашылармен шайқасып, елге 1947 жылы бірақ оралады.


Оқ пен оттың ортасынан аман келген қайратты, еті тірі Әб-діқайым атам, есепші-бухгалтерлік курс оқып тамамдаған соң үйле-ніп, Бадамда кооператив сатушысы болып істейді. Соғыстан кейін-гі ел еңсесін түзей алмай, жоқшылық қысып тұрған кез. Табандай бес жыл бойы ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жаумен ар-палысып келген арыстай азамат, ауыл адамдарының ауыр тұрмысын көріп қиналады. Қолынан келгенше көмек жасағысы келеді. Елді титықтатқан соғыс жеңіспен бітті, енді көп ұзамай, жағдай түзелер. «Ең болмаса, соған дейін аман жетсін» деген оймен, кооперативке түскен қат ауылшаруашылық заттары мен онша-мұнша азық-түлік-терден қарызға бере тұруын өтініп келген жоқ-жітік ағайын-туысқа, айналасындағы халі мүшкіл дос-жолдастарының отбасына қарай-ласқаным болсын деп, беттерін қайтармай, сұрағандарын беріп, қарасып жүреді. Бірақ соңында, тексеру келгенде, әлгі «қарызда-нушылардың» біразы тән алмай жалтарып, жұртқа «жақсылық жа-саймын» деп жүрген Әбдіқайым атамыздың мойнына біршама ақша «байланып», істі болады. 1955 жылы сол кезеңнің қатал сот үкімі бойынша, Әбдіқайым атамыз 25 жылға кесіліп кете барады.


Бала кезімізде Әбдіқайым атамыздың өз аузынан естуімізше, сол әкеткен бойы, алғашында Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма ГЭС-і құрылысының бірінші қазығын қағушылар қатарында бо-лыпты. Бірнеше жылдан соң, батыс өңірге ауыстырып, Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына апарып, үй құрылысы жұмыстарына жегеді. Тағы біраз жыл өткенде, 60-шы жылдардың бас кезеңі бо-луы керек, қайтып оңтүстікке әкеліп, Шардара суқоймасын салу жұмысына салады. Ол үйдегі Күлбибі апамыз – Арыс жақтың қызы. Қайын атасы Қуандық шалмен бірге Әбдіқайым атамыздың артынан іздеп барып, жолын тауып кездесіп тұрады екен. Он жыл-дан соң, жеңістің 20 жылдығына орай, сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Маленковтың «түрмеде отырған ҰОС-на қатысушылар-ды жедел босату» туралы пәрменімен, 1965 жылдың 8-мамыр күні Әбдіқайым атам бостандыққа шығады. Ағайын-туыспен аман-есен қауышып, отбасымен табысқаннан кейін дүниеге келген кенже ұлдары – Табысқан бауырымыз, қазір сол үлкен үйдің қа-рашаңырағын ұстап отыр. Әбдіқайым атам мен Күлбибі апам Ал-ланың жазған жасын жасап, бала-шағаларының алдында кезегімен көз жұмды.


Жоғарыда әңгіме болған Жұпар әжеміз жарықтық, Қуандық атамыз соғыстан жарақаттанып, бірақ жаны аман келгеніне қуанып, «жағдай солай болып, жастығында қыз алмап еді» деп, өзі таңдап Гүлзада әжемізге үйлендіреді. Бұл әжеміз де Жамбыл жақтағы үл-кен бір байдың қызы екен. Тағдыры да ұқсас, қайғылы-қасіретті. Оның да әке-шешесін тағы да сол орыстар қырып, мал-жанын та-лап алғанда, әлі балиғат жасына да толмаған, кішкентай Гүлзаданы жанашыр ағайындары, «әйтеуір аман қалсын» деген оймен, өтіп бара жатқан саудагерлерге қосып, Шымкентке қарай қашырып жі-береді екен. Содан біраз жыл талай тауқымет, мехнатты басынан кеше жүріп, Жұпар әжеміздің тікелей дәнекерлігімен, өзі тағдыр-лас Қуандық атамызға екінші жар болады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу