22.07.2024
  27


Автор: Ермұханбет Қуандық

Тәуекелмен ысылдық

 


 


Мен түрмеден босанып шыққан 1989–90 жылдары дүкендер-дің сөресі бос тұратын. Кім қайдан, не табады, сонымен күн көре-тін. Ол кез, нағыз «адамды аяғы тамақтандыратын кез» болды. Сосын, тамыр-таныстық... Кімде не бар дегендей, ол да біраз нәр-сені шешетін. «Ең жоқ-жұтаң» дейтін студенттердің арасынан да сондай «таныстықтың» күшімен көп нәрсені сатып алуға болатын.


 


Төртінші курста жүрген кезімде, «ақша» дегеннің адам тағдырына тигізер үлкен ықпалын аңдадым. Оның үстіне, үйдегілердің басы-на батпандап қиындық тудырып, моральдық та, материалдық та ауыр салмақ түсірдім. Олардың алдындағы перзенттік-бауырлық қарыздарымды бұ дүниеде қалай қайтармақпын?!.. Жатсам-тұрсам жаныма тыныштық бермеген осындай он-сан ойлардың қамшыла-уымен, бұрынғыдай күзетшілік, жүк түсіру секілді жұмыстарды қойып, тәуекел етіп, оқуыммен қатар ұсақ-түйек сауда тіршілігін жүргізуді қолға алдым. «Коммерция, коммерсант» деген сөздер еміс-еміс құлаққа тие бастаған. Оны бір жерден арзанырақ зат алып, екінші бір жерге арзымайтын тиын-тебен қосып сату деп түсінеміз. Бірақ арақ-шарап, темекі сатқаным жоқ. Оңтүстіктің мақтасы мен жүнін де саудаласып жүрдім...


Жатпай-тұрмай, жанталаса жүріп тапқан табысымның пәтер-пұлдан, тамағымыз бен киім-кешегімізден артылғанын шашпай-төкпей жинап жүріп, бір жыл шамасында, тұтынылған «Жигули» жеңіл мәшинесін сатып алдым. «Өзім мінейін деп емес, сырқат шешемнің қажетіне жарасын деп, ауыл арасында қонаққа барған-да бауырларым мінгізіп, анамның мерейін көтеріп жүрсін» деген ойдың жетегімен жасап жүрмін ғой. Сөйтіп, өзімше күтпеген жер-ден бір мәз-мейрам болсын деп, ауылға, үйге алып бармаймын ба?.. Сөйтсем, шешем, қуану былай тұрсын, ойбайын салып жүр ғой: «Мұны қайдан тауып келдің? Апарып таста, тағы да сотталып кетесің, құрт бәлені!..» – деп. Құшақтап, күліп, бар құжаттарын ағамның атына аударып, үйде қалдырып кеттім. Арада бір жыл өткенде, сол мәшинені өзім алып кеттім. Неге десеңіз, үлкен-кі-ші бауырларымның біреуі де қызығып, рульге отырмаған. Бәлкім, «шешемнің әлгі көңіл күйі оларда да болды ма?» деп ойлаймын...


Мен алғаш түрмеден шығып келген соң, «Алматыға оқуға қай-та барам» дегенімде, ауылдан жырақ кетіп оқыған балалары ке-зек-кезек сотты болып, соңдарынан шапқылап, әбден қосүрей боп қалған анам жарықтық: «Әй, балам, оқысаң, осы Шымкентте-ақ оқышы!..» – деп, көпке дейін үйден шығармай жүрді. Бір-екі айдай ағаларымды ортаға салып жүріп, әзер келісімін алғанмын. Келісімін бергенде де: «Осы, газет-телебізірге шығып, елдің көзіне көрі-не бермеші, балам!..» деген өтініш-талабын тағы аманаттаған...


Иә, сонда бауырларымнан естіп білдім, мен отырған екі жыл бойы анам үйден аттап шықпапты!.. Алыс-жақын ағайын-туыстың той-томалағын, ас-садақасын айтпағанда, өзіміздің алақандай ауыл ішінде жайылып жатқан шілдехана секілді шағын дастарқан мәзірлеріне де бас сұқпаған. «Үлкені ондай болып еді, енді мынау-сы өкіметке қарсы шығып, бұл да сотталып, түрмеде жатыр...» де-ген сыпсың сөздер құлағына жетіп, жүрегінен өтіп кеткен болса керек! Айдың-күннің аманында ел-жұрт алдында жүзін пәс етіп, жүрегіне қайғы жүктедім-ау деп, анамды уайымдағанда, менің де жанымның шырқырайтыны сол еді...


Сол жылдары жаңа-жаңа құлақтары қылтиып шыға бастаған «коммекс-клуб» деген сияқты «пирамидаларды» алғаш жасау-шылар да біз, сол жылдардағы студенттер болдық. Қайдан екенін білмеймін Жанысбеков Мұрат пен Сматаев Алмаз екеуі алып келген идеялар. Сөйтіп, ең алғаш «коммекс-клубтың» қоржынына 25 сом-нан жиналған ақшалар біздің ҚазМУ қалашығынан басталған бо-латын. Сол кезде менің отырып шыққаным үшін алған 3 мың сомға жуық ақшам болатын. Екеуі, маған келіп, «ойынның» құрылымын, шарттарын түсіндірді. Содан университет кәсіподағынан рұқсат алып, жұмысты бастап кеттік. Рас, уақыты келгенде, ол жабылды, біраз ақша жиналды...


Одан әрі «жабайы» нарықтың ырқымен тәуекелге бел буып, немен айналыспадық!.. Ұтқан да, ұтылған да кездеріміз болды. Есесіне, ысылдық, тәжірибе толыстырдық. Қай жерде батыл, қай жерде сақ қимылдауды үйрендік. Киім, аяқкиімдермен де сауда жа-сап көрдік. Кішкентай киоскі-дүкендер ашыла бастады. Күн көріс, тіршіліктің қолға түскенінің бәрін де істедік. Тепсе темір үзетін үш-төрт жігіт бірігіп, ЖШС да аштық. Тәуекелмен үлкен көлемде несие де алдық. Дөңгелентіп жұмыс жүргіздік.


Дегенмен, жүйеге түсіп, салмақты жұмыс істей бастағаны-мыз – екі мыңыншы жылдардан кейін еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу