22.07.2024
  54


Автор: Ермұханбет Қуандық

Үкіметтік ақтау Комиссиясында

Ақиқатында, алғашында, Мұхтар ағамыз «бұлар отырып кел-ген» деп, бізден шамалы қорқақтағандай, өзі жетекшілік ететін Парламенттік Комиссия құрамына енгізуге құлық таныта қоймаған. Нұғыманова Әмина дейтін пайым-парасаты мол, белсенді қайрат-кер апамыз бізбен жақын араласатын. Біз туралы Шахановқа ай-тып, жұмыс істей алатынымызды дәлелдеп: «Мұхтар айналайын, сен осы жігіттерді қасыңа ал, бірге жұмыс жасаңдар», – деп, ықпал еткен сол кісі болды. Кейін ағамыздың сенімді серігіне айналдық, дос боп кеттік. Міне, сол Әмина Нұғманова апамыздың арқасында, «Желтоқсан» қоғамдық-бірлестігіндегі, отырып келген бірнешеуіміз: Декелбаев Ерлан (секретариатта отырды), Нәлібаев Аманжол, Мүлкібаев Өткірхан және мен – Қуандықов Ермұхан-бет, Парламенттік Комиссияның құрамында М.Шахановтың қоғамдық көмекшісі болып жұмыс істедік. (Келіп-кетіп Шора Қарабаев та жүрді).


Комиссиядағы жұмыстың қиындығы сол, алғашқы кезеңде, куәгерлерді тауып, олардан: «1986-ның желтоқсанында алаңда болдым, осындай оқиғаларды көрдім», – деген қарапайым арыз жаздырып алудың өзі қиын болатын. Қорқыныш өтіп кеткендігі соншалық, адамдар «бәлеге қаламыз» деп, жазбайтын. Осы күнде ғой, тас лақтырсаң – Желтоқсан «қаһарманына» тиетіні...


Иә, Желтоқсан көтерілісіне байланысты қуғын көрген, зардап шеккен, немесе, қандай да бір оқиғаға куә болған азаматтардың куәліктерін қағазға түсіріп материал жинау – біз үшін үлкен қиын-дыққа түсті. Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарламалар бер-генімізбен, адамдарда әлі де үрей басым болатын. Бір күні маған күтпеген жерден Қазақ Энергетикалық институтының бір студенті «жоғалып» кеткені туралы «ұзынқұлақ» сыбыс жетті. Дереу ин-ститут жатақханасына барып, қарсы ұшырасқан бір қыз баладан ақырын сыр тартып сұрағаным сол еді, ол: «Иә, Сыпатаев Ербол деген студент болған, бірақ сол желтоқсан толқуы күндерінен кейін көрінбей кетті», – деп, оның курсы мен тобының нөміріне шейін айтып берді. Бұл нақты мәліметтерден соң мен бірден ин-ститут архивіне бардым. Таңғаларлығы сол, архивте Ербол Сыпа-таев жөнінде ешқандай дерек жоқ болып шықты!.. Із-түзсіз бәрі жойылған. Біршама дағдарып қалған мен одан шығып, факультет деканы Бұғыбаев деген кісіге кірдім де, Сыпатаев туралы қолымда бар деректерді тіке айттым. Бұғыбаев азамат екен, жасырып-жал-тарған жоқ. Күлбүлтелетпей, әңгіменің ашығын айтты.


– Нақты не болып-не қойғанынан бейхабармын, бірақ 1986 жылдың 17-желтоқсаны күні түнде Алматы қалалық партия ко-митетіне шұғыл шақыртылдым. Барсам, біздің ректор мен про-ректор Досым Сүлеев те сонда қабылдауда отыр екен. Менен бар сұрағандары: «Факультетіңде Сыпатаев Ербол деген студент бар ма? – деген сауал болды. «Егер де студенттік билетінде солай аты-жөні көрсетіліп жазылып тұрса, бар болғаны, студенттер көп болғандықтан, мен олардың бәрін аты-жөнімен біле бермеймін», – дедім. Басқа ешнәрсе айтылмады. Үшеуімізді де түнімен ұстап отырып, таң ата қайтарды, – деді. Бұғыбаев менің өтінішім бойын-ша, айтқанының бәрін хатқа түсіріп, жазып берді. Бір үлкен дерек-тің ұшығын ұстағаныма қуанып, енді проректорға, еліміздің әйгілі эстрадалық «Дос-Мұқасан» ансамблінің белді мүшесі – Досым Сүлеевке сенімді көңіл күймен кірдім. Бірақ өкінішке қарай, ол кісі менімен сөйлесуден бірден бас тартты.


– Сіздің осы институт ректорымен бірге 17-желтоқсан күні қалалық партия комитетінде болғаныңыз рас қой, – дедім мен де қоймай. Сөйтіп ем, халықтың сүйікті өнерпаз-ғалымы өзінің еште-ме білмейтінін, білгісі де келмейтінін айтып, айғайға басты да, ақыр соңында:


– Мені ондай әңгімеге араластырмаңыз! – деп, мені тастап, өз кабинетінен өзі тұра қашты.


Бәрібір де желтоқсан күндері «жұмбақ» жағдайда жоғалып кеткен Энергетика институтының студенті Сыпатаев Ербол туралы қолыма түскен бар дерек-мәлімет жазбаларды өзім құрамында жүрген М. Шахановтың Парламенттік Комиссиясына тапсырдым. Соның негізінде болар, одан әрі індетіп жұмыс жасаған Комиссия 1985 жылдан Алматы энергетика және байланыс институтының студенті (Панфилов ауданы, Еңбекші аулының тумасы), Сыпатаев Ербол Мұқажанұлының 18-желтоқсанда алаңда басынан алған соққыдан 1986 жылдың 23-желтоқсаны күні көз жұмғанын дәлел-деп шықты.


Міне, сол кездегі билік пен құзырлы органдар тарапынан бол-ған көптеген жымысқы әрекеттер мен қарсылықтарға қарамай, жатпай-тұрмай жасаған жұмыстарымыздың арқасында, көптеген оқиға куәгерлерін таптық. Бірақ есітіп, біліп тұрсақ та, ата-анасы мен тума-туыстарының үрейге берілген жасқаншақтығының, құзырлы органдар өкілдерінің алдын ала ұйымдастырған қитұрқы әрекеттерінің салдарынан, қайбір құрбан болғандар туралы деректерге қажет дәйектерді қолға түсіре алмаған өкінішті жағдайлар да болды. Жоғарыда айтылған Е. Сыпатаев туралы деректерді та-уып келген соң, Ішкі істер саласының бұрынғы офицері, ортамыз-дағы тәжірибелі ағамыз Аманжол Нәлібаев маған сеніммен қарай бастады ғой деймін, сол 1989 жылдың күзінде, ештеме айтпай, мені қасына ертіп, Оңтүстік облысқа бардық. Шардара қаласы автобе-кетінен түскен бойда, алдымыздан аудандық билік өкілдері мен РОВД және Қауіпсіздік комитеті басшылары бар топ күтіп алды. Олардың біздің келе жатқанымызды қайдан, қалай құлақтанған-дарын бір Құдай білсін.


– Сіздер іздеп келе жатқан қыздың желтоқсан оқиғасына ешқандай қатысы жоқ. Міне, мына кісі – туған әкесі, қайтыс бол-ған қыздың ауылда жүріп ауырып қайтқанына өз аузымен куәлік бере алады... – деп, орталарындағы егде жастағы кісіні көрсеткен-де барып, біздің мұнда не үшін келгенімізді бір-ақ білдім!.. Сонша жерден арнайы іздеп барғанымызда, аналардың мұншалық «опе-ративтілігіне» Аманжол ағамыз екеуіміздің бас шайқаумен құр қол қайтудан басқа шарамыз жоқ еді... Айтқандай, «әкесі» деп бізге көрсеткен кісінің де расымен «әкесі ме, жоқ па?» – оны да біл-мейміз. Ал ол қыздың толық аты-жөнінің кім екенін және ол ту-ралы алғашқы дереккөзді қайдан, кімнен алғанын Аманжол ағам маған сол күйі жақ ашып ештеме айтқан жоқ. Ондай құпияға ол кісі өте берік болатын.


Содан кейін келер жылдың көктемінде тағы да Оңтүстік-ке Аманжол ағам екеуіміз бірге сапарладық. Бұл жолы мен туып өскен Ордабасы (бұрынғы Бөген) ауданына қарасты, сол кездегі Қараспан совхозының Арыс ауданымен шектесіп жатқан шеткі бір кішкентай ғана ауылына бардық. Дерек іздеп барған қызымыздың аты-жөні – Моланазарова Кенжеғыз. Қай оқу орнында оқығаны немесе жұмыс істегені туралы мәліметтері есімде жоқ. Бірақ сол 1986 жылғы желтоқсанда алаңда болған, сонда таяққа жығылған. Басынан сапер күрегінің соққысы тиіп, ауыр жарақаттанған. Әке-шешесі де қыздарының Желтоқсан оқиғасының шамасында Алматыдан жарақат алып келгенін мойындады. Бірақ «қызды емдетуге кедергісі тие ме?» деп қорқып, «сырқат тарихында» басқа айдың басқа күндерін жаздыртқан. Өз елімізде емдете алмаған соң, екі-үш рет Ташкентке апарған. Ақыр соңында, тағы да Таш-кентке апарып басына жасатқан отадан Кенжеғыз көз жұмған. Сонда бұл қыз туралы да бастапқы деректерді Комиссия мүшелері сырттан естіп, өзіміз іздеп барып тұрмыз. Солай барып тұрып та, Комиссия атына әке-шешесінен арыз-шағым жаздыртып ала ал-мадық. «Кетер бала кетті дүниеден, оның артынан мазаламайық...» дегендей сөздермен жалтарды. Жоғарғы оқу орнында білім алып жатқан бойжеткен қыздарының қызғалдақ-ғұмырын озбырлықпен үзген жауызға лағынет айтпай, оны жазалаудан өз еркімен бас тар-татын ата-ана болушы ма еді? Оларды да бопсалап: «Осылай деп айтасың», – деп қорқытып, ауыздарын буып, сырттарынан қатаң бақылап отырғандар болмады дейсіз бе?..


Міне, сол кезде желтоқсан оқиғасына қандай да бір қатысы бар жандардың не өздерінен, не олардың ата-аналарынан, туған-туыстарынан бір ауыз дәйек немесе арыз-шағым жаздыртып алудың өзі осындай, «көрінбейтін» кедергілерге душар болып жат-ты...


Сонда да сол жылдары біз жатпай-тұрмай белсеніп жұмыс жа-садық. Жастардың бейбіт шеруін қасақана қантөгіске айналдырған құзырлы билік орындарының, оның ішінде, Қауіпсіздік комите-ті қызметкерлерінің, Ішкі істер жасақтары мен Қарулы күштер әскерлерінің алаңдағы шеруді басып-жаншудағы аяусыз әрекет-теріне және сот, прокуратура, тергеу саласы, сондай-ақ партия, совет, комсомол және оқу орындары мен мекеме басшылығы та-раптарынан жіберілген асыра сілтеушіліктеріне дәлел болатын мыңдаған дәйек-деректер жинастырдық. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжанова сынды, ұрып-соғудың құр-баны болған боздақтарымыздың аты-жөндерін анықтадық. Өзіміз сияқты сотталған, жазықсыз жапа шегіп, оқудан, жұмыстан қуғын-далған, қысастық көрген талай жандардың тағдырына араша түсу-ге білек сыбана қызмет еттік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу