Әңгімелер ✍️
Әңгімелер ✍️
22.07.2024
43
«Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі мен партиясы
Біз түрмеден босанып келгенге шейін, Сәбетқазы Ақата-ев, Мақаш Тәтімов деген сияқты белгілі зиялы қауым өкілдері-нің мұрындық болуымен, «Жерұйық» тағы басқа біраз қоғамдық ұйымдар құрылып қойған екен. Мен Алматыға қайта келген тұста, Желтоқсаншы жігіттер «Қазақфильм» киностудиясының режис-серы Қалдыбай Әбеновтің жұмыс бөлмесін офис етіп, сонда жи-налып жүреді екен. Алғаш барғанымда, Театр және көркемсурет институтының студенті – Иманқожаев Бақтыбек (ол да отырып келген), әлі юстицияда тіркелмеген осы шағын ұйымның жетекші-сі болып жүрді.
Сонымен, біз, «желтоқсаншылар» түгелге жуық босанып, оралып жаттық. 1989 жылы «Желтоқсан» қоғамдық-саяси бірлес-тігін құрдық. Бұл кезде қапаста әлі де төрт жігіт отыр еді. Олар Қ. Рысқұлбековпен бірге бір қылмыстық іспен сотталған Ж. Тай-жұмаев, Қ. Күзембаев, Т. Ташенов және ең жоғарғы жазаға кесіліп, кейіннен 25 жылға үкімі өзгертілген М. Әбдіқұлов болатын. 1990 жылдың мамыр айында «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі мүше-лері осы жігіттерді бостандыққа шығарып алу мақсатында аштық акциясын өткізуге шешім қабылдады. Аштық акциясы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі ғимараты алдында, кезекті сессия отырысы кезін-де, 14-мамырда басталды. Қойған талаптарымыз:
1. Қамауда отырған желтоқсандықтар түгел бостандыққа шығарылсын;
2. ҚазКСР Жоғарғы соты төрағасы Т. Айтмағанбетовті, бас прокурор Ғ. Елемесовті, Ішкі Істер министрі Князевті, Қазақстан қауіпсіздік комитеті төрағасы Мирошникті, ҚКП ОК хатшылары З. Камалиденовті, Меңдібаевты, Мұқашевты, Сороканы, Мезенцевті Желтоқсан қырғынына жауапты тұлғалар ретінде қызметтерінен босатып, жауапқа тартылсын!..
18-мамыр, яғни аштық жарияланғаннан кейін төртінші күні, түс мезгілінен бастап Алматыда нөсер жауын құйып тұрды. Кешкі сағ 19.00 шамасында Парламент үйінен қолшатыр ұстаған үш депутат шығып, бізге қарай беттеді. Депутат Акуевтің қолында бір парақ қағаз. Осы бір парақ қағазда қамаудағы төрт адамның тағдырына қатысты ҚАУЛЫ. Онда:
– Ж. Тайжұмаев, Қ. Күзембаев түрмеден босатылсын, Т.Таше-новтың мерзімі бес жылға қысқартылсын делінген. Талабымыздың екінші пункті сол күні орындалмағанымен, «жауапты» деп біз көрсеткен шенділердің барлығы да алдағы уақытта қызмет-терінен босатылады. Бірақ ешқайсысы жауапқа тартылмады...
Желтоқсаншылар, 1986 жылы алаңда Ұлт намысын қорғап, ҚАЗАҚ деген қайсар ұлт бар екенін әлемге паш етсе, екінші рет, Кеңестер одағы шеңберінде бірінші болып, осылайша бейбіт түр-де жеңіске қол жеткізген белсенді қоғамдық-саяси ұйым ретінде танылды.
Осы тұста бір қаракөз қарындасымыздың өжеттігі мен ерлігін айтпай кету – әділетсіздік болар еді. Аққұба, көрікті, қарапайым қазақ қызы Шолпан бізге аштық шарасы кезінде келіп қосылды. Сұраса келе Жамбыл Тайжұмаевтың қалыңдығы екенін білдік. Біз-дің қолымыздағы ақпаратта Жамбыл – бойдақ. Сөйтсек, Шолпан Жамбыл екеуі желтоқсан көтерілісінен бұрын танысып, қыз бен жігіт болып бір-бірін ұнатып, уәделесіп жүреді. Жамбыл қолдан ұйымдастырылған жалған куәгерлердің жаласымен, зәлім тергеу-шілер мен зұлым соттың қатал үкімдері нәтижесінде істі болып, 25 жылға итжеккенге айдалып кете барады. Сонда, Шолпан еш ойлан-бастан, жақын-жуықтардың қарсылығына да қарамастан, тәуекел-ге бел буып, Жамбылдың артынан іздеп барып, келешек-тағдыры белгісіз сүйген жігітімен некеге 1988 жылы, колонияда тұрады. Шолпан аштық шарасын ақпарат жарияланымдарынан естіп келіп, біздің қатарымызға қосылды. Сол күндері ол жұбайы Жамбылдың ата-анасымен бірге тұрып жатқанын айтқан еді. Біз – желтоқсан-дықтар Шолпанға ерекше құрметпен қарадық!
«Жамбыл Тайжұмаев бостандыққа шығарылсын» деген қау-лыны қамаудағы жұбайына Шолпанның өзі сол түнгі Алматы – Қостанай бағытындағы ұшақ рейсімен құстай ұшып алып жетті!..
Келесі атқарған ісіміз, Жаңа алаңның Байсейітова көшесі тұсындағы «Қазагропром» ғимараты маңдайшасына ескерт-кіш-тақта орнатуға қол жеткіздік. Ол тақтаға жазылатын мәтін-нің әрбір сөзін саралау-талқылаудан өткеріп, келісуге қаншама күш-жігер жұмсадық. Нұрқаділовтың бірінші орынбасары болып Серік Әбдірахманов жұмысқа келген. «Жоғарыдан жібермей жатыр. Елдегі басқа ұлттар бар...» – деп, күн сайын бір сөзін ал-мастырып, әбден әуре-сарсаңға түстік.... Ол кездегі басты сұрақ «басқа ұлттар не дейді?..» деп келетін.
1991 жылы, 15-желтоқсан күні, Алматы қалалық атқару комитетінің рұқсатымен және қолдауымен, солардың қаржылан-дыруымен мрамор тақтаны жасатып, жаздырып: Декелбаев Ер-лан, Аймаханов Құттыбек, Мүлкібаев Өткірхан және мен – Қуандықов Ермұханбет, осы төрт жігіт «Газ-53» жүк мә-шинесімен апарып орнаттық. Сол тарихи сәтті қырық қайтара суретке басып алатын қазіргідей, ұялы телефон жоқ, не қолымыз-да фотоаппаратымыз болмады. Тақтадағы мәтін қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Мәтін жазбасының мазмұны «1986 жылғы 17-желтоқсанда осы алаңда әкімшілік-әміршілдік жүйенің өктемдігіне қарсы демократиялық наразылық білдіру болды». Соның өзі сан рет қайта түзетіліп, әзер мақұлданды...
Комиссия құрамында жүріп те, ол біткен соң да, сол кездегі қоғамымыз өмірінде болып жатқан ұлттық, елдік мәселелерге қа-тысты күнделікті өткір оқиғалардың бел ортасында болдық. Мәсе-лен, мана айтқанымдай, Парламент үйі алдында аштық акциясын өткізіп, қойған талаптарын өкіметке орындата білген «Желтоқ-сан» қоғамдық бірлестігінің беделі мен аты Республика аумағына тарады. Уақыт өте келе, көпшілік халық тарапынан, әсіресе жаңа буын жастар өкілдерінен бізге, Желтоқсандықтарға деген күшті қолдауды сезіндік. Өзімізге сеніміміз артты.
1991 жылы, маусым айында, ел тарихында өзіндік өзгеше із боп қалуға тиіс тағы бір өткір де өзекті іске – жер басып алып, қа-зақтарға тарату шарасына тәуекел етіп, дайындықты бастап кеттік. 1986 жылы Алматы халқының саны бір миллионға жеткен болса, соның 17%-ын ғана қазақ ұлты құраған екен. Желтоқсан көтерілі-сінен кейін «Метро саламыз» деген сылтаумен БАМ-нан (Ресей) аула сыпырушыға дейін орыс ұлтты жұмысшыларды тағы үймеле-тіп әкеп жатты. 1990 жылдары Алматыда қазақ ұлтының пайыздық саны азаймаса, көбейген жоқ. Біздің ендігі мақсатымыз – осы тең-сіздікті төл ұлтымыздың пайдасына шешіп, Алматыны қазақтан-дырып, АНА ТІЛІМІЗДЕ сөйлету болды!
Алғашқы басып алғанымыз – әл-Фараби даңғылы мен Науаи көшесі қиылысының жоғарғы жағындағы Алматы өзені бойында бос жатқан жерлер болды. Билік тарапынан көрсетілген қоқан-лоқы, күш көрсетудің барлық түріне шыдадық. Бір айға созылған тартыс – ҚазКСР Министрлер кабинетінің төрағасы Ұзақбай Қара-мановтың алдында оң шешімін тапты. Туымыз желбіреп, бұл жолы да біз жеңіске жеттік!
«Хантәңірі» – Науаи көшесі бойындағы алғашқы қазақ ауданы. Одан әрі:
«Шаңырақ» – 1, 2, 3, 4, 5. «Әйгерім», «Алтын бесік», «Ду-ман», «Таугүл» мөлтек аудандары келесі үш жылда, тек қазақтар қоныстанған тұрғынжайға айналды.
1991 жылдың екінші жартысында жерге орналастыру мәселе-сімен айналысатын «БАСПАНА» ұйымы «Желтоқсаннан» жеке отау болып бөлініп шықты. «Баспана» ұйымын Құлжабаев Медет басқарып, жұмысын дөңгелентіп әкетті.
«Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі батыл атқарған осындай ірі де іргелі әлеуметтік шаралары нәтижесінде, беделі мен мүшелер саны арта түсті. Билік Желтоқсан көтерілісінің «5 жылдығын» алаңда жаппай митинг жасап атап өтуге келісімін берді. Бей-біт шеруді ұйымдастыруға келісім алған – тағы да «Желтоқсан» қоғамдық-саяси бірлестігі еді. Жоғарыда айтылғандай, Алматы қалалық мәслихатына «Желтоқсан көтерілісі құрбандарына» ар-налған құлпытас белгісін, алаңдағы ғимарат маңдайшасына ес-керткіш-тақта орнатуға шешім шығарттық.
Тағы бір тарихи жаңалық, дәл сол,12.12.1991 жылы «17-же-тоқсан – демократияның жаңғыру күні» боп белгіленгені ту-ралы Президенттің Жарлығы шықты. Жарлықта «1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты қылмыстық жауапкерші-лікке тартылғандар АҚТАЛСЫН» деп көрсетілген.
1991 жылдың 17-желтоқсаны күні Алматыдағы «Брежнев» аты алынып тасталып, «Жаңа алаң» боп ауысқан Алаңдағы жалпы-халықтық митингіні қайраткер ақын Мұхтар Шаханов – Желтоқсан құрбандарына арналған құлпытасты ашу салтанатты рәсімімен бастады!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter