22.07.2024
  78


Автор: Ермұханбет Қуандық

Олжастың сенімді өкілі

 


 


Мен мұнда, Талғат Асылұлы Мамашевтың өзіме көрсеткен орасан зор азаматтық-ағалық қамқорлығы туралы әңгімелемекпін. Оқуға қайта қабылдау мәселесі күзге ысырылды. Онда да қа-


лай шешілері белгісіз, күмәнді болған соң, ауылға қайтпас бұрын Олжас Сүлейменовке жолыққым келді. Жазушылар одағына бар-дым. Алғашқы барған күні Мадина деген хатшы қыз: «Ол кісі орнында жоқ» деген соң, қайтып кеттім. Келесі күні тағы бардым, тағы жоқ болды. Үшінші күні барсам, Мадинаның қасында, ол кезде танымаймын, ақын Ұлықбек Есдәулетов отыр екен. Мадина: «Олжас Омарович орнында жоқ», – деп, жаттанды жауабын тағы қайталады. Сол кезде Ұлықбек маған қарап: «Неге келіп едіңіз?» – деп сұрады. «86-жылғы желтоқсан оқиғасында ұсталып, түрмеде отырып келгенмін. Оқуыма байланысты мәселемен жолығайын деп едім», – дедім. Ол кісі орнынан ұшып тұрып амандасты да: «Ме-німен жүр», – деді. Қабылдау бөлмесінен шығарып, жағдайымды сұрап, жетектеп әкеп, басқа есіктен кіргізді. Сөйтсем, Олжас каби-нетінде отыр екен. Ұлықбек кірген бойда: «Олжеке, бұл – түрме-де отырып келген «желтоқсаншы» бала. Сіздің көмегіңіз керек екен», – деді. «Невада-Семей» қозғалысына қатысты бір қапылыс дайындықтар боп жатқан сияқты. «Арызын жазып қалдырсын, сен қабылдап ал», – деді. Ұлықбек Есдәулетов өзі айтып отырып, арызымды жаздырып алды. Сөйтсем, манағы айтқан «Құқықтық көмек көрсету Комитетінің» атына жаздыртып отыр екен. Ол кезде мен ондай Комитет бар екенінен бейхабармын. Жазып бердім де қалдырып, ауылға қайттым.


Ауылға келген соң, бос қарап жүруге тағы болмайды, совхоз-дың құрылыс бригадасына уақытша жұмысқа кірдім. Алматыдағы қалалық тіркеуден шығарып тастаған. Ауылдың тіркеуіндемін, ми-лиция учетындамын, бақылауда. Сөйтіп, ауылда жүріп жатсам, бір күні баланы көтеріп, баяғы әйелім келіпті үйге. Менің келгенімді жатақханадағы Союзханнан естіген. Әйтпегенде, ол менің түрме-ден шыққанымнан хабары жоқ. Ауылдағы жасы үлкен ағайын бар, шешем бар, сол баяғы, «алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген деп, «бала үшін» деп, екеуімізді қайта қосты. Інісімен бірге келген екен, ол қайтып кетті, өзі баламен қалды.


Күндердің бір күні үйге хат келеді. Алматы қаласы, Калинин аудандық партия комитетінен. «Жедел жетіңіз!» – депті. Анама қа-лай түсіндіремін деп уайымдадым. Ол кісінің «енді Алматыны қой, ел қатарлы ауылда тіршілік ет» деген қатал талабы бар. Бәрібір, оқуымды жалғастыратынымды, ерте ма-кеш па, бір күні айтуым керек. Әуелі жұмысымдағы басшыларыма айттым: «Алматыдан шақыртып жатыр екен, барып қайтайын», – деп сұрандым. Ол кез-де ағам совхоздың экономисі болып істейтін, соның ықпалымен бе, жіберді. Анама да «барам да қайтамын» деп, рұқсатын алып, «қанат байлап» ұшып Алматыға жеттім. Калинин аудандық партия комитеті Жандосов пен Айманов көшелерінің қиылысында екен. Кіріп сұрасам: «Білмейміз», – дейді. Ары сұрап-бері сұрап, ешкім ештеме білмеген соң, салым суға кетіп, қайта қайттым ауылға. Айтқандай, хатта 2-хатшы Мамашевқа жолық делінген, ол орнын-да жоқ болды.


Арада тағы бір ай өткенде, сол жерден: «Тез келіңіз!» – деп тағы хат келді. Жазған құлда жан бар ма, қайта бардым. Менің ке-ліп кеткенімді біледі екен. Бұл жолы қабылдау бөлмесіндегілер-ге: «Келсе, маған алып келіңдер», – деп тапсырып қойса керек, барып кіргенім сол, ондағылар: «Өткенде келген сіз ба едіңіз, ке-шіріңіз!..» – деп, 2-қабатқа, 2-хатшының кабинетіне ертіп апарып, өздері кіргізді. Хатшы қызға да қарамай, мені Мамашевтің есігіне кіргізіп жіберді. Жалтыр бас, денелі кісі екен.


– Ей, декабрист сен бе?! – деді бірден дауыстап. Шошып кет-тім, состиып тұрып қалдым. Жымиып күлді де, орнынан тұрып кеп, арқамнан қақты. Қолтықтап апарып орындыққа отырғызып, толық аты-жөнін айтып өзін таныстырды.


– Мен Олжас Омаровичтің сенімді өкілімін. Ол кісінің аты-на арыз жазған екенсіз, ҚазМУ біздің территориямызда болған-дықтан, саған көмектесуді маған тапсырды, – деді. Осылай, ойла-маған жерден, Талғат Асылұлы Мамашевпен таныстым. Жай-жағ-дайымды сұрады. Деканатта, ректоратта болғанымды, олардың не жауап бергендерін, шарттарын айттым. Сол жерде отырып, өзі ҚазМУ-дың Оқу бөліміне тікелей телефон шалып, мәселенің анық-қанығын сұрады. Сөйтсем, ол кісі сол, 1988–89 оқу жылдарында сотталмаған, бірақ желтоқсан оқиғасына қатысы бар деп оқудан шығарылған бірнеше студенттерді өз атынан кепілхат жазып, оқуға қайта қабылдатқан екен. Кабинетіне шай алғызып, бірге отырып шай іштік. Өзінің тіке байланысқа шығатын телефон нөмірін бер-ді. «Тамызда келген бойда, бірден маған хабарлас. Ауылда жұмыс істеп жатқан жеріңнен мінездеме алып кел», – деді.


 


Артынан, жұмыс орнымнан да, кәсіподақтан да мінездеме-лерді жаздыртып алдым. Қыркүйектен ертерек, тамыз айында бардым. Құжаттарымды дайындап, оны тапсырып, ұзақ жүрдім. Курстастарым ұйымдастырған мен туралы комсомолдық мінез-демеге университеттің кәсіподақ, комсомол, партия комитеттері басшыларының қолдары керек екен. Профкомның бастығы Ай-дар өзі қол қойды, комсомол жетекшісі Дәулет Байдилдинов және партком Тахир Баратов екеуі қол қоюдан үзілді- кесілді бас тарты. Амалсыз Талғат Асылұлына телефон шалып айттым жағдайды. Ол кісі, университетке қоңырау соққан болса керек, әлгі Тахир Бара-тов қолын қойып берді. Ал енді университеттің комсомол басшысы «Қол қоймаймын, қайда барсаң, онда бар, сендерді қайта қабыл-дауға заң жоқ!..» – деп күшеніп, қиқайып шықты. Өзі юрфактың замдеканы боп істейді екен. Қасымда Айдар бар. «Сен бара тұр», – деп, мені шығарып жіберіп, екеуі оңаша сөйлесіп қалды. Бір кезде Айдар шығып: «Не істейміз, мынау қол қоймай жатыр?..» – дейді. Корпустағы телефон-автоматпен тағы да Талғат Асылұлына телефон шалуға тура келді. «Күте тұр, өзім барам!» – деді. Ол кісі келген-ше, асханаға барып, түскі тамағымды ішіп алдым. Мәшинесімен келді де, бірден университеттің парткомитетіне кіріп кетті. Бір қа-расам, әлгі шіреніп жүрген Байдилдинов ректорат жақтан құстай ұшып, жүгіріп келеді екен, маңдайының терін сүртіп. Біршамадан соң Мамашевтің өзі шықты, қолында менің қағазым. «Мә!..» – деп маған ұстатты...


Қойшы, солай әупіріммен құжаттарымды түгендеп, арызым-ды қосып, ректорға арыз жазып тапсырдым. Ал енді оны күтейін. Уақыт болса, қысып келіп қалды, қыркүйек жақын. Мені оқуға қабылдау туралы ректордың бұйрығы шықпайды. Сөйтсем, Ерғожин: «Тарих факультетінің кез келген бөліміне қабылдайын. Бірақ «КОКП тарихы» бөліміне емес!» – деп шарт қоятын құ-сайды. Оны естіп: «Қай бөлімнен шығардыңдар, дәл сол жерге қабылдайсыңдар!» – деп, енді мен шіренейін! Өйткені артымда «кімнің» тұрғанын сезіне бастадым ғой... Салып ұрып Талғат аға-ма бардым, «солай да солай, әлі күнге бұйрық шықпай жатыр» деп шағынып. Ол ректоратқа хабарласса, жаңағыдай жауап айтыпты.


 


«Қайтесің?» – деп маған қарайды. «Жоқ, қай бөлімде оқыған бол-сам, соны жалғастырамын», – деп, мен де сол жауабымды айттым. «Онда жүр, ректорға барайық», – деп орнынан тұрды. Екеуіміз бір-ге кірдік ректорға.


– Мен сізге өткен жылы 8 студентке кепілдік беріп қабылдат-қыздым оқуларына. Енді мына балаға да дәл сондай хат жазып бе-рейін, сіз қабылдаңыз, – деді Мамашев. Сөйтіп еді, Ерғожин:


– Жоқ, мен қабылдай алмаймын. Ол балалар сотталмаған, жәй, оқудан шығарылғандар ғана болатын. Бұл баланың жағдайы басқа, бұл – сотталып, түрмеде отырып шыққан, – деді. Мамашев маған қарап, «сен шыға тұршы» деді. Шығып кеттім. Екеуі айғайласып жатыр...


Өзі шықты аздан соң. Ашулы. «Ертең сағат 11-лер шамасын-да хабарлас», – деді де қайтып кетті. Ертесі телефонмен хабарлас-сам: «Қазір маған кел», –дейді. Барып едім, өзі бірге шығып, мә-шинесіне отырғызып, ескі алаңдағы Жоғарғы Кеңеске бардық. Өзі бастап ішке кірдік. Қайда, кімге бара жатқанымызды білмеймін. Айтқандай, алдымыздан Мақұлбеков деген жігіт күтіп алды. Кейін білдім, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиум хатшысы В.В. Сидорованың көмекшісі екен. Алдын ала қабылдауға жазылып қойған болуы керек, күттірген жоқ. Бірден қабылдады. Кабинеті ат шаптырымдай кең, есік-терезелері биік, жарық екен. Сидоро-ваның өзі де бет-жүзі аппақ, ұзын шашын жуан бір өрім қып өріп, оны әдемілеп төбесіне орап қойған, реңді, дегдар әйел екен. Қо-лын беріп амандасып, ілтипатпен қарсы алды. Бізді жайғастырып отырғызды. Мамашев барлық жағдайды, оның ішінде ректордың жауабын да ретімен айтып түсіндіріп шығып, маған көмекте-суін сұрады. Мұқият тыңдап болған соң, Сидорова көмекшісіне қоңырау соғып, юристерді шақыртты. Әп-сәтте бес-алты юрист келді. «Заңды көтеріңдер, сотталып келген адам оқуға болады ма, болмайды ма? Маған соның жауабын беріңдер», – деді. «Жауабын бірер күнде аласыздар, күтіңіздер», – деп, бізді шығарып салды. Менің үй телефонымды сұрап жазып алды, құдамның үйінің теле-фонын айттым. Мақұлбеков өз телефон нөмірін де берді.


 


Бір күні мен жоқта құдамның үйіне: «Мақұлбековке хабарлас-сын», – деп қоңырау түсіпті. Барсам, «сотталғандар ЖОО-на оқуға қабылданбайды» деген бап 1977 жылғы ҚР Конституциясының бір-де-бір жерінде жоқ екен. Солай деп Қаз КСР Жоғарғы Кеңесі Пре-зидиум хатшысы В.В. Сидорованың қолы қойылып, мөрі басылған бір тілім қағазды алып бардым Талғат Мамашевқа. Екеуіміз қай-тадан бірге барып, ол кісі өзі кірді ректорға. Сөйтіп, Ерғожин маған ең соңында, әзер дегенде бұйрық шығарды. Қыркүйек айының іші, оқу басталып кеткен. Талғат Асылұлының арқасында менің Жоғарғы Кеңеске дейін барып, оқуға қабылдануым қозғау болып, басқа да барлық ЖОО-дарына қағаз барса керек, отырып келген студенттер содан былай жеңіл қабылданып жатты. Сөйтіп, Т.А. Мамашевтың зор азаматтық белсенділігі мен қайраткерлік көмегінің арқасында, бір мен емес, қудаланған желтоқсаншы-сту-дент жастардың көпшілігі оқуға қайта оралды. Кейінерек, әйелімнің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына да Талғат Асылұлы дәнекер болды. «Оқуыңды аяқтағанда өзің де кел, жұмысқа орна-ласуыңа көмектесемін», – деген. Бірақ мен бармадым. Сонда да арақатынасымыз көпке дейін үзілмеді. Ал артынан ол кісі Алматы қалалық Кеңес депутаттығына түскенде, сенімді өкілдерінің бірі болып, мен де қолымнан келгенше адал жұмыс жасадым.


Осылайша, оқуыма әупіріммен қайта қабылдандым. Рас, үш жыл кейінгілермен оқуымды жалғастырдым. Бір қызығы, келер жылдары, 16,17-желтоқсан күндері жақындағаннан, факультет де-канаты екі айлық стипендиямды алдын ала бергізіп, қысқы сессия сынақтарымды ерте тапсыртып, мені елден бұрын ауылыма қайта-ратын болды!..


Бастан кешкен қиын оқиғалардың игі әсері де болады екен, оқу үлгерімім әлдеқайда жақсарды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу