22.07.2024
  97


Автор: Ермұханбет Қуандық

Жексенбай және тағдырлас достар

 


 


Ошановты іздеп табу туралы екі жылдан бері көкейімді тескен ынтызар-көңілім Алматыға табаным тигеннен тынышымды алған. Танымаймын. Бірақ қайдан іздейтінімді білемін. Ол да мені сол күні екінші рет көрген. Басқа жиырма бір адам түгел маған қарсы куәлік беріп, өз бастарын арашалағанда, ерлік жасап, өзі сұранып келіп: «Бәріміз бірге жаздық үнпарақты!.. Қуандықов отырса, біз де отыруымыз керек. Мен де бармын соның ішінде, осы мына куә боп отырғандардың бәрі де отыруы керек. Алаңда да бәріміз бірге болдық. Бірақ біз ешкімді өлтіргеніміз жоқ, ешкімді ұрып-соққан да жоқпыз», – деп, дәл менің ойымдағыны тайсалмай, қасқайып тұрып айта алған жалғыз азамат! Қалайда оны тауып, ризалығым-ды, алғысымды айту – енді менің азаматтық парызым!..


Курстастарыммен қауышқаннан кейін, Ошановты арнайы іздей бастадым. Заң факультетінің оқу корпусына барып, жоғары-төмен қабаттарды аралап, көп кездім. Топырлап кіріп-шығып жат-қан жүздеген студенттер бар, алғашқы күні таппадым. Екінші күні қайта бардым. Түске дейін кезіп жүріп тағы таба алмадым. Шар-шап, асханаға бас сұқтым. Бір стақан шай мен жеңіл-желпі тіске басар дәм алып, есікке қарсы қарап, жеп-ішіп отырғам. Бір кезде қарасам, өзі кіріп келе жатыр. Ошанов!.. Орнымнан ұшып тұрып, қарсы жүрдім, ол да тани кетті. Екеуіміз құшақтасып көрістік!


– Қайдан жүрсің, қашып келген жоқсың ба? – деп күледі. Ол сабағын тастап, екеуіміз сыртқа шықтық. Жаяулап әңгімелесіп жүріп отырып, баяғы ВДНХ-ға (Ауылшаруашылығы жетістікте-рінің көрмесі) бардық. Сол жердегі жалғыз кафеге кіріп отырып, ас-су ішіп, әңгімені естік күні бойы!.. Сонда біліп отырмын, мен есімде сақтай алмаған есімі – Жексенбай, бір үйдің жалғыз ұл ба-ласы, әкесі – қарапайым шопан. Өзі ертерек, бірінші курста-ақ үй-леніп алыпты. Сол кезде кішкентай бір баласы бар. Қысқасы, елдің бәрі үрейленіп, басын алып қашып жүргенде, сотқа шақырусыз, өз еркімен келіп, мені қорғап сөйлейтіндей, артында тіреп тұрған қорғанышы да жоқ.Таза – жүрек жұтқандық! Шын мағынасындағы азамат жігіт екеніне көзім толық жетті. Артынан үйіне шақырып, келіншегімен таныстырды. Міне, өмірде осындай жігіттер болды, бар да!..


Жексенмен жиі хабарласып, араласып тұрамыз. Шу қаласын-да нотариус болып істейді. Әке-шешесі – жоғарыда айтқанымдай, қойшы-малшы, шаруа кісілер. Шу ауданының «Құрметті азаматы», ҚР-на Еңбегі сіңген заң қызметкері деген атағы бар. Өз кә-сібінен басқа жеке шаруашылығы бар. Пандемияның алғашқы жылында аудандық медицина саласына зор көмек көрсеткені үшін аудан әкімдігі тарапынан тапсырылған «Жомарт жүрек» номина-циясының сыйлық-марапатына ие болған абзал азамат. Жан жары Роза екеуі келін алып, қыз ұзатқан, ұрпағының қызығына кенеліп, ел-жұртының алдында таза абырой-беделге бөленіп жүрген, ау-данға танымал ұлағатты отбасы!..


Осы жерде ызғарлы Желтоқсанның қиын-қыстау күндерінде танитын-танымайтынымызға қарамай, бір-бірімізге арқа сүйеу бо-луға жараған санаулы достарымды атап өткім келеді.


Орал Исмағұлов – ҚазМУ-дың тарих факультетінің 4-курс сту-денті. Ол оқу озаты және өз бетімен ізденіп, қосымша ағылшын, неміс, француз, испан тілдерін меңгерген аса талантты жігіт бол-ды. Сол кезеңнің өзінде Орал Университеттің студент алмасу бағ-дарламасы бойынша, 1987 жылы Пекинге жіберілетін үміткердің бірі еді. Алдыңғы бөлімдерде айтылғандай, алаңға бара жатып, біз Орал екеуіміз сырт киімімізді ауыстырып кигенбіз. Ол 17-желтоқ-сан күнгі алаңдағы қақтығыста милиция қолына түседі. Қаладағы жағдай біршама қалыпқа келген соң, 20-желтоқсан күні оны тергеу изоляторынан босатады. Бірақ келесі күні-ақ, факультет деканының бұйрығымен оқудан шығарылды. Біз, бір топ жолдастармен өзара ақылдасып, біршама бой тасалай тұруы үшін Оралды ел ішінен тысқарыға, Қырғызстанның Қарабалтасына шығарып салдық. Екі айдан астам уақыт еш жерге паспорттық тіркеуге тұрмауына кеңес бердік. Ол жақта оған ФЭФ факультетінде оқитын бір досының туыстары көмек көрсетуі тиіс болатын...


Арада біраз уақыт өткеріп, қаңтар айында Қарабалтадан Екі-бастұзға барып, паспорттық тіркеуге және жұмысқа тұрады. Сон-дағы бір өндіріс орнындағы екпінді комсомол-жастар бригадасын-да жұмыс істеп, жолдамаға қол жеткізіп, қайта оқуға тапсырмақ ойы болады. Алайда, небәрі 3 күн өтіп, 4-күні жұмысқа түскен жерінен оны «қырағы» ішкі орган қызметкерлері тұтқындап, кү-зетпен Алматыға жеткізеді. Тергеуден кейін, 1987 жылдың наурыз айында сот ҚР қылмыстық кодексінің 65, 60-шы – екі бабы бойын-ша 3,5 (үш жарым) жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Жамбыл облысы, Жаңатас қаласындағы колонияда отырды. Екі жыл шамасында, 1989 жылы, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сол жылы оқуға қайта қабылданып, 1991 жылы универси-тетті тамамдады. Білуімше, әкесі әскери кісі болған болуы керек, себебі, ол оқуға Байқоңырдан келіп, бітіргенде, «еліме барамын» деп, Көкшетауға кетті. Отбасын құрғанын, бір қызы бар екендігін айтып бір хабарласқан, одан кейін байланысымыз үзіліп қалды...


Нәзік жанды қыз баласы бола тұра, өз басына төнер қа-уіп-қатерден сескенбей, сот залында айыпталушыны, мына мені, қызғыштай қорғап сөйлеген алғашқы жан – Мұқанова Бағдат та тарих факультетінің студенті еді. Сөйтсем,17-желтоқсандағы қан-қасап қырғын ортасында болған Бағдаттың өзі де сол күндері тергеушілердің қатал қуғын-қысымында жүр екен. Ол кезде оның ол жағдайынан мен мүлде бейхабармын. Оның бәрін кейін, арада ондаған жылдар өтіп, бір-бірімізді іздесіп, қайта табысып, хабар-ласа келе біліп жатырмын. Міне, осындай қазақ қыздарының ер-жүректігіне өз басым бас иемін!..


Мен мерзімімді өтеп қайта келгенімде, Бағдат оқуды тамам-дап еліне кетіп қалған екен. Бүгінгі күнде, қазақтың жүрек жұтқан батыр қызы Бағдат Мұқанова өзінің туып-өскен өңірі – Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде жауапты қызметкер. Отбасылы, немере сүйіп, әже атанып үлгеріпті! Мен Бағдат үшін шын қуанып, мақтаныш етем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу