22.07.2024
  55


Автор: Ермұханбет Қуандық

Сарыла күткен күн

 


 


Алматыға келген бойда университетке, факультетке бардым. Наурыздың бас кезеңі еді. Күн аздап жылына бастағанымен, ызғар қайта қоймаған. Оқу корпусына кірмей, жатақханаға бет алдым. Жақындаған сайын, сонау бір алаңсыз жүрген күндерге сағыныштан ба, әлде аласапыранмен арада өткен екі жылдың толқынысынан ба, көңілім алабұртып келеді... Еңістегі жол бойынан тас баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатып, сонадай қарсыдағы жатақхана есігінің алдында үйіріліп тұрған бірнеше жігіттерді кө-зім шалды. Ішінде менің көрсем деп жүргендерден бір-екеуі бар. Басымда түлкі терісінен тігілген құлақшыным бар. Қалай екенін қайдам, анадайдан олар мені танып қойды. Танығандары сол, мен басымды қайта көтеріп көз салғанымда, әлгі тұрғандардың бірі де қалмай, жоқ болыпты. Сыртқы есіктен кірсем, вахтада баяғы баба Маша отыр екен. Жаны қалмай, құшақтап, бетімнен сүйіп қарсы алды. Қалбалақтап, амандығымды сұрап жатыр. Мен: «Кімдер бар?» – деп, өзімнің курстастарымды сұраймын. Бұл кезде олар 5-курста, демек, 5-қабатта тұрады. Жан-жағыма алақтап қарап, баспалдақпен ақырын көтеріліп келе жатырмын. Екінші-үшінші қабатта ешкім көрінбеді. Төртінші қабатқа шықсам, қазақ бөлімін-де оқитын Союзхан деген қыз, асханадан шығып келе жатыр екен. Мені көрді де қолындағы тамақ толы кострюлін тарс еткізіп жерге тастай салып: «Ермұхан, барсың ба, тірісің бе?!..» – деп, айғайлап келіп, бассалып құшақтай алды!.. Келе жатқанымды көріп тұрып, күтіп алуға беттері шыдамай, қашып-жасырынып кеткен әлгі жі-гіттерді ойладым... Қыздар туған бауырларындай қарсылап, бөлме-леріне шақырып, шай беріп, бір сәтте мәре-сәре болдық та қалдық. Қыздардың бөлмесінде отырғанымызда, ақырындап «куә болушы» студенттер амандаса келіп жатты. Ақсия күліп тұрып, бет-жүздері-не тік қарап, төс қағысып амандастым. «Аман-есен келдің бе?..» – деп, бастары салбырап отырып-отырып, шығып кетіп жатты... Әт-тең-ай, «Ей, Ереке, қарақан басымыздың амандығын күйттеп, бізді қара басты ғой!..» – деп, ең болмағанда, бірі үн шығарып, тіл қа-тпады-ау!.. Жігерлері жетпеді, шіркіндердің...


Құдайым-ай, дәл осы сәтті мен қанша күттім! Өкініш-өксікпен, ашу-ызамен, арман-аңсармен, таудай төзіммен, күн санап, сарыла күттім ғой!.. Сондағы көргім келгені де – олардың осы міскін кес-кін-кепиеттері еді ғой!.. Оларға менің көрсеткім, дәлелдегім келге-ні де осы еді ғой! Мен шыдадым! Оларға да, Өзіме де дәлелдедім! Мен, міне, мақсатыма жеттім!..


 


Иә, көз алдыма сан рет елестеткендей, бірге оқыған, бір үзім нанды бөліп жеп, сеніскен, бірақ басыма бұлт үйрілген сын тұста тайқып кеткен «достарымды» іздеп келіп, орталарында күліп отырдым. Баяғы, соттағы маған үкім кескен кездегі өзіме-өзім бер-ген сертімді орындадым!.. Ішіп кеткенім жоқ, азып-тозып, жүнжіп кеткенім жоқ, үстімде сурет (татуировка) жоқ, дені-басым сау, қа-лай кеттім – дәл сол күйімде қайтып оралдым!..


Жатақханадан еңсем биіктеп, жеңілденіп шықтым. Күн ызғары сынып, жыли бастағандай. Бусанып, түлкі малақайымды шешіп, қолыма ұстап, адымдай басып, алшаңдап келемін. Көңі-лім көтеріңкі!.. Қаһарлы қыстың қыспағынан қалтырап-тоңып, жапырақсыз жалаңаштанып шыққан айналадағы тал-дарақтардың сүреңсіз көріністеріне көз салып келе жатып, кенет, ең алғашқы сот болған күнгі: «Еңсеңді түсірме, балам, өмір мұнымен бітпейді!..» деген, камералас шалдың сөзі құлағыма естілгендей, көз алдыма иіс-қоңысты камерада қас-қабақтары түксиіп, жақсылық атаулы-дан күдерін үзіп, иін тіресе сазарып, сарғайып отырған, қалжырап қисайып жатқан ұсқынсыз адамдардың сүркейлі жүздері елесте-гендей болды...


Жаңа әзірде ғана студент достарыммен жеңісті жүздесу үстін-дегі масаттанып-марқайған көңілім сап басылып, бірден сабама түскендей болдым. Болашағым бұлдыр, ертеңім белгісіз сонау бір күндері: «Бәріңе де дәлелдеймін, әлі!..» деп, өз-өзіме серт берген-дей болғандағы салмақты сезім бойыма қайта оралғандай байыз таптым. ...Иә, рас, тағдырдың жазуымен, басыма таңылған зор сынақтан сырт көзге сыр алдырмай, азамат деген атыма дақ тү-сірмей, ең бастысы, денсаулығымды жоғалтпай, аман өткен сияқ-тымын. Бүгінгі жүздесуіміз соны аңдатты. Бірақ та мен үшін бұл әлі бар сынақтың соңы емес қой. Дәп қазір олар өмір көшінде, мойындайын-мойындамайын, бәрібір менен озып кетті. Ал менің алдағы тағдырым әлі де беймәлім... Бірақ мен еріксіз емеспін, ер-кіндікте, бостандықтамын ғой. Ізденуге, қуынуға, әрекеттенуге ер-кім бар. Оқуыма қайта ілігуге қол жеткізсем, қалай да оларды қуып жетіп, теңесуге, тіпті бар ғой, басып озуға неге ұмтылмасқа?!.. Алдағы күндерде де дәл бүгінгідей мерейлі болуым үшін, ендігі, ең бірінші қадамым – қалай да оқуыма қайта қол жеткізуге ұмтылу болмақ! Онсыз, бәрі бекер! Демек, кезекті күрес, келесі белес, ал-дағы үлкен сын, әне, сол болмақ!..


Келесі күні оқу корпусына келдім. Мен қысқы сессияны тапсырып кеткем. Сондықтан, «содан әрі жалғастырып оқи бере-мін», – деп ойлағам. Алайда, жалтақ кураторым Бурханов басын алып қашып, деканатқа сілтеді. Бұл кезде факультет деканы Қалқа-ман Жұмағұлов екен. Баяғы, желтоқсанда бізге: «Қазақтың тілі ба-яғыда өліп қалған! Ол енді тірілмейді!..» – деп дүрсе қоя беретін Бақытжан Жұмағұловтың туған ағасы...


Тарих факультетінің деканы Қ. Жұмағұлов салқын қабылдады. Жағдайымды сұраған жоқ:


– Не шаруамен келдің? – деді.


– Оқуға қабылдау қалай болады? – дедім. Деканымның көзі шарасынан шыға, жүзі қатуланып:


– Жалпы жағдайлармен шығарылғандарды оқуға қабылдау – қыркүйек айында болады. Ал сіздің мәселеңіз белгісіз. Сол уақыт-та келіңіз!.. – деп теріс айналды. Орнымнан тұрып, есікке қарай беттегенімде:


– Өзіңді білетін, бұрын бірге оқыған курстас-группаластарың мен профкомнан мінездемелерің болатын болсын! – деп дауыстады соңымнан...


Өз тобымдағы Алматының қыздары маған куәгерлікке жүрген жоқ болатын. Сол қыздар бірден көмек қолдарын созып, факультет деканының атына мен туралы жағымды комсомолдық мінездеме жазып, бәрі қол қойып берді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу