22.07.2024
  55


Автор: Ермұханбет Қуандық

Әкем бақилық болыпты

Хош, арман болған ару қала – Алматыға да жеттік! Менің бар мақсатым – жоғарыда айтқандай, өзіме куәгер болған, түрмеге түсуіме «себепкер» болған курстас «достарымды» көру. Солардың көздеріне бір қарау! «Міне, мен келдім, сыртымыздан қаралаған-дай, наркоман да, алқаш та емеспін. Ондай болған да емеспін!» дегенді білдіру... Келген соң, Ерлан өз үйіне кетті, мен «Красный Востокқа», Құрманбай құданың үйіне бет түзедім. Барып есікте-рін қақсам, бәрі ұйқыда екен, аспаннан түскендей боп, күтпеген жерден келген маған аң-таң боп қарсы алды. Амандасып, жуынып-шайынып алдым. Жолай сатып алған курткадан басқа зона киімдерінің бәрін өртеп, солардың киімдерін ауыстырып киіндім. Ауылға да солардың таза киімдерімен бардым. Бір достарына қонаққа апарды. Мен тезірек өзіміздің ҚазМу-ға барғым кеп, асығулымын... Солардан телефон соғып, ақша сұрағанда, Әбдіманап ағам-ның «жолыңа 10 сом жіберемін, келсең кел, келмесең – қал сонда» деген қатал жауабынан соң, әкемнің қайтқанын құдалар естіртті де, сол күні Шымкентке қайттым. Қазіргідей ұялы телефон жоқ, бауырларым мені таңертеңгісін вокзалдан тосып жүргенде, мен олардың қаладағы үйлеріне кеп қойдым. Әпкелеріммен, ағаммен құшақтасып қауышып, бәрі мені орталарына алып, ауылға апарды.


Ауылдағылармен көрістік...


Сөйтіп у-шу боп, ес жия алмай жатқанымыздың үстіне участ-ковый милиция үйге іздеп келіпті, дереу «учетқа тұр» деп. Оларға ана жақтан алдын ала хабар түсіп үлгерген ғой мен туралы. Әб-ден зәрезап болып, жүрегі шайлығып қалған анам байғұс қорқып кетті. Әлгілер болса, мені милиция бөліміне алып барып, «әңгіме айтсаңшы, 86-да не болды алаңда? Қалай болды?» – деп, әңгіме тыңдағылары кеп жүр...


Үйде ас-тамақ беріліп, құран оқылып, ел тарқаған соң, әкемнің зиратының басына бардым, топырақ салдым. Дәл екі жыл бұрын, қысқы сессиямды аяқтап, ауылға келіп қоштасып қайтқаным-да, артымнан жанары жаутаңдап, үнсіз төсекте қалған қайыспас қара нардай, қайран әкем, мен келерден небәрі, екі жұма бұрын, қаңтардың 24-і күні бақилық дүниеге аттанып кетіпті. Алланың бұйрығына шара бар ма?!..


Он-он бес күндей ауылда жүріп, Алматыға келдім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу