22.07.2024
  45


Автор: Ермұханбет Қуандық

Түрмедегі тіршілік

Жүре келе білгенім, мұндағы адамдар, мүмкіндігінше, ештеме ойламау үшін еңбектенеді. Иә, зонада азаннан-кешке дейін өзіңе кесілген уақытыңды ойлаумен өткізуден құтылудың жолын іздей-сің. Есің болса, оңаша қалып ойға батудан қашасың. Қандай да бір жұмыс тауып, сонымен айналысып, өзіңді-өзің алдандырасың... Өйткені қамақтағы ой адамды жеп қояды. Адам қалпыңызды сақтап қалғыңыз келсе, әйтеуір бір іспен айналысасыз. Мен, көбіне, кітап оқумен айналыстым. Тергеуде жатқанда «ауызданған» әдетімді осында жалғастырдым. Кітапханада көп отырдым. Әрине, сондай-лық үлкен емес, кітап қоры да көп емес. Қазақ кітаптары тіпті де аз. Орыс тіліндегі орыс қаламгерлерінің, шетел классиктерінің қо-лыма түскен кітаптарын бас алмай оқыдым. Бір қызығы, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сын осында оқыдым. Бірақ шынымды ай-тайын, дым түсінбедім. «Оны түсіну үшін, кем дегенде, филология факультетінің студенті болуым керек-ау», – деп сонда ойладым. Сыртқы мұқабасы жоқ, қағазбен қапталған екен. Сосын, бұл жер-де, мүмкіндігінше, ұғымға ауыр, оқылуы қиын кітаптарды оқуға тырыспаған жөн екенін ұқтым. Өйткені жеке басымдағы пробле-мам да жеткілікті. Барынша, шым-шытырық оқиғалы детективтер, таңғажайып фантастикалық немесе жеңіл оқылатын, көңілді дү-ниелерді іздедім...


Сосын, кешкі мектеп бар. Қосымша мамандық меңгеру үшін, сол кешкі мектепте оқыдым... Сол кездегі «алтын» заңымыз – Конституциямызды өз бетімше кеміріп оқып, зерделеп жүріп жетілге-нім сонша, ерігіп отырып қасымдағыларға, екі тілде арыз жазып беруге «маманданып» алдым. Ол менің аз-кем «шай-сулық» нәпақама да жарап жүрді. Өзіме де қызық, ортадағы «абырой-бе-делім» де жаман болған жоқ.


Қолөнерімен айналысатындар болды. Аманқос деген жігіті-міз домбыра жасайтын. Соған барып, жұмысын қызықтайтын-мын. Бірақ оның шаруасын бостандықтағы ұсталардың ісімен салыстыруға келмейді, әрине. Керекті ағаш материалдарын таң-дап-талғауға жағдай жоқ, қолына түскенін пайдаға асырады. Оған да дайын ешкім-ештеме бермейді. Құрал-саймандарының бәрін кездейсоқ тауып алған темір-терсек сынықтарынан, басқа да жа-рамды заттардан икемдеп өзі жасап алады. Ең қиыны сол, бар-лық шаруасын бақылаушылардың көзіне түспей, жасырын жүріп, тығылып отырып жасайды! Қанша қысылып, қиналып жүрсе де, әркім уақытын өзі қызығатын жұмыспен өткізудің жолын сөйтіп табады. Басындағы ауыртпалықтан солай жеңілденеді. Аманқос – Қарақалпақстаннан келген жігіт, ол да 65-баппен отырды. (Бо-сағаннан кейін Алматыда, «Шеберлер ауылы» деген болды, со-ларға қосылып, қолөнершілік кәсібін жалғастырып әкетті).


Ішкі тәртіп бойынша, айына екі-үш хат жазуға, бір рет дүкенге баруға мұрсат береді. Бірақ бұл жерден жіберілетін хаттардың бәрі оқылып, тексеріледі. Колонияға келген бойдағы, ең бірінші қолға алған ісімнің бірі – Ошановты іздестіру болған. Толық аты-жөнін де білмеймін, Ошанов деген фамилиясы ғана есімде қалған. Әрі ой-лап-бері ойлап, қасымдағылардың кеңесімен, сол колонияға күндіз кіріп жұмыс істейтін жергілікті ерікті жұмысшылардың біреуінің қолына: «Хатты жіберіп бер», – деп ұстаттым. (Ол хатты алыпты, кейін білдім ғой. «Умаж-умаж болып жетті», – дейді). Хатымды ҚазМу қалашығы, юрфактың 9-жатақханасын, фамилиясын ғана көрсетіп жазып жібергем. Онда «Ошанов, атыңды білмедім, бі-рақ мен сенің атыңды «Әділ» деп атағым келеді. Себебі, сен сотта әділдікті айтқан жалғыз адамсың!..» – деп жазғаным есімде...


Ал дүкен дегенде, мынау, бостандықтағы ауыл-қаланың дүкендеріндей емес, әрине. «Ларёк» дейді. Оның тақтай сөрелерінде мына жарық дүниеде көз қиығыңды да салмауың мүмкін қалбырланған балық, қатқан пряник-печеньелер болуы мүмкін. Сосын, темекі, жуынатын оны-мұны заттар болады. Тағы бір айыр-масы, мұнда сіз ақшаны қолыңызға ұстамақ тұрмақ, көрмейсіз де. Атқарып жатқан жұмысыңызға тиесілі айлық жалақыңыздан бел-гілі мөлшерін ғана жаздырып ала-аласыз...


Айналадағылардың ақыл-кеңесімен, онда отырып та жан-жаққа, Мәскеуге дейін арызданып, жазып жаттық. Содан, бір жарым жылдай өткенде, Жоғарғы соттан 3 жылымды алып тастағаны ту-ралы, яғни Қаз КСР Жоғарғы Соты Пленумының менің айыбымды өтеу мерзімін 2 жылға қысқартқаны туралы қаулысын алдым. Бұл – 1988-дің қараша айы болатын. Демек, мерзімімнің бітуіне – тура алты ай қалғаны. Ішкі тәртіп бойынша рұқсат берілетіндіктен, сол кезден бастап шашымды өсіре бастадым. Ендігі есеп бойынша, 24-ақпанда босануым керек еді...


Алайда, күтпеген жерден, қайта сот болып, «мерзімінен бұрын, шартты...» деген үкіммен, Декелбаев Ерлан екеуіміздің ақпанның үші күні түрмеден бостылатынымызды, лагерь әкімшілігі екінші ақпан күні, бір күн бұрын ғана айтты. «Әлі жиырма күннен астам мерзіміміз бар» деп, шыдамды соған шақтап жүрген өз басым үшін бұл тосын жай еді. Қатты әсерленген болсам керек, сол соңғы күн батпай, түн өтпей, таң атпай қойғанын айтсаңызшы! 1989-дың ақпан айының екісінен үшіне қараған сол түннің өмірімдегі ең ұзақ түн болғанын күні бүгінге дейін ұмыта алмаймын! Түні бойы кірпік ілмей, сол таңды қаншалықты ынтыға күттім десеңізші!..


Нәтижесінде, бастапқы берілген 5 жылдың – 1 жыл, 11 ай, 3 күнін отырып, аңсап күткен бостандыққа шықтым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу