22.07.2024
  23


Автор: Ермұханбет Қуандық

Тұтқындағы тергеу

«Тұтқындалдың!» деген сөзді естігендегі сезіністі тілмен ай-тып жеткізу өте қиын...


Сырттағы тергеуде жүргенде, «Қай күні, не болар екен?..» – деп, дайындалып жүрдік қой. Шынын айтқанда, қорқыныштың бәрі сол, алғашқы кезеңдегі тергеу сатысында болды. Біресе Ішкі істер басқармасының тергеуінде, біресе Қауіпсіздік комитеті-нің тергеуінде болып, олардың: «Өмір бойы түрмеде шіритін бо-ласың!.. Бір өзің емес, туған-туыс, бауырларыңмен, бала-шағаңмен қосыла құрисың!..» деген сияқты түрлі қоқан-лоқы сөздерін есті-геннен соң: «Мен жоқ боп кетсем, бәлкім туыстарыма тиіспейтін шығар» деген сияқты ойлар торуылдайтыны, жанталасып, соны іске асырудың сан қилы амалдарын қарастыру, «Дәрі ішкен жөн бе, әлде көліктің астына түссем бе, жоқ, биіктен секіріп мерт болу керек пе?..» деген сияқты сан-сапалақ ойға бой ұрып, жаның қысылып, шырқырайтын кезең – сол кезең!..


Тергеушілер дегенің – адам жанын «сындырудың» кәнігі ше-берлері ғой. Жоғарыдағыдай сөздерді айтып-айтып, сосын сені сыртқа шығарып жібереді. Ең ауырсыну сонда басталады екен. Өйткені олардың алдында отырғанда, өз ісіңе өзің жауап бере алатындай ширығып, «Неге де дайынмын», – деп отырасың да, сыртқа шығып, өзіңмен-өзің оңаша қалғанда, сол сөздердің уыты өн бойыңа жайылып, жүйкеңді іштен ірітеді. Енді қайтып сол сөздерді естігің келмей, жақындарыңның сондай болғанын көргің келмей, шарасыздықтан жер-дүниеге сыймай, теңселіп кетесің.


Иә, тұтқындалғанға дейінгі тергеулер өте ауыр болды. Мы-салы, майор Жетпісов бастаған тергеушілер бір топ болып терге-ді. Төрт-бес адам отырып алып, алдыңғының сұрағына жауап бере бастасаң, ту сыртыңнан екіншісі қиыс сұрақ қояды. Ойыңды жиып үлгермей жатып, үшінші біреуі мүлде күтпеген тұстан сауал қоя-ды... Психологиялық-моральдық шабуыл жасайды. Ара-арасында өзді-өзі: «Да, они же преступники, их завтра же застерлять! У них, уже конченная жизнь...» деген сияқты, келеке-мазақ әңгіме жа-сайды. Жалғыз Жетпісовтың тобы емес, басқа да бірнеше сондай «тергеушілер» топтары ортаға алып, айыздары қанғанша қорлап, арыңды былғап, зәбірлейтін. Сосын, әлгілердің аузынан айтыла-тын: «Мұндай, саяси жағдаймен (желтоқсанды айтады) зонаға бір түскен адамға енді қайтып жарық дүниеге шығу жоқ!..» деген сияқ-ты сөздер бүкіл санаңды шырмап, сансыратып жібереді. «Темір тордың ар жағына барғандай болсам, жағдай қалай болады?..» – деп қиналасың. (Шынында, дәл сол кезеңде соның бәрі мүмкін екеніне, кейін өзіміз отырғанда көзіміз анық жетті де... Кесілген уақытың бітуге таяғанда, болмашы қитұрқы істерді қолдан ұйым-дастыра салу – түкке тұрмайды. «Раскрутка» деген болады... сро-гыңды ұзартып, шығармаудың әйтеуір, амалын табады). Жасыра-тыны жоқ, алғашқы кезеңде, міне, осындай қорқыныштар қорша-уында жүргенім рас. Ақпанның 24-не дейін солай жалғасты...


Сол, 1987 жылдың 24-ақпаны күні өз бөлмесінде тергеуші «Тұтқындалдың!» деген сөзді айтып, санкцияы көрсеткеннен... әжетханаға сұрана бастадым. Қалтамда әлгі дәрі бар. Қайта-қайта сұранам. Қоймаған соң, МҚК-ның дәретханасына алып жүрді. Ең-гезердей екі конвой жігіт екі жағымда. «Оңға-солға жаңсақ қадам жасасаң, ескертусіз атамын!» – деді біреуі гүжілдеген дауыспен. Іштей көптен күтіп, «дайын» жүргендей болсам да, «Бүгін, осы сәттен бастап тұтқындасыз!» деген сөзден соң, сан-саққа алып қашқан ойымды жинақтай алмай келемін. Төмен түсу үшін 4-қа-баттың алаңшасына шыға бергенде, дәл сол жерден «бірінші қабатқа секіріп кетсем бе?» деген ой санамда жарқ еткені сол – ойымды оқып қойғандай, екі жігіт қақпақылдап, бірі алдыма, бірі артыма шығып, орталарына алды. Дәретханаға кірерде, үсті-басымды тінте қарап, аяқкиімімнің баусыз етік екеніне дейін мұқият тағы бір тексерді. Кірген бойда шалбарды шешкен болып отыра бере омырау қалтадағы құты толы таблетканы аузыма бір-ақ төңкеріп, бәрін жұта салдым!.. Олардың әжетханасында «көз» болатыны ойыма кірмеген. Сол замат сарт етіп есік ашылып, жүгіріп кірген екеуі шалбарымды кигізбей, екі қолтықтан тік көтеріп ала жөнел-ді. Бір бөлмеге кіргізген бойда, аяқ-қолымды қимылдатуға мұр-ша бермей, күштеп отырып ауыздан өңешке шланга тықты. Суды лақылдатып құйып, асқазанымды шайды. Жетпіс қанша таблетка шықты, ұсақ-ұсақ! Солай, аман қалдым. Бұл – қорқыныштан емес, тағы қайталап айтамын, әке-шешенің алдында өзімді кінәлі санап, ұяттан өртеніп, арланудан еді!.. «Өлімнен – ұят күшті» дегенді сондайда сезінеді екенсің.


Иә, «Дәл қазірден бастап тұтқындасың!» деген сөзді естігенде, әркімге әрқалай ой келетін шығар, ал мен өз басыма бірден әке-ше-шем келді!.. Әсіресе, анамды ойладым! Өйткені он-он бес жыл бұрын, мен сияқты студент болып жүргенде, үлкен ағам да дәл осылай, істі болған. Енді мен сол жағдайға душар боп отырмын... Ең ауыры – анамның жүзіне қарау, өзіңді ата-ананың сенімін ақтай алмаған кейіпте сезіну!.. Осылай сотталып, бүкіл ел-жұртқа әуле-тімізбен қарабет болатындай, Құдайға не жаздық екен? Өкіметке мен не жаздым?..


Қалай болғанда, пешенеңе жазылған тағдырдан құтылу жоқ екен. Темір торға тоғытылдым.


Прокурор менің тергеп-тексеру мерзімімді қосымша бір айға ұзартқан боп шықты. Сөйтіп, мен тұтқындауға соңғылардың бірі боп ілінген екенмін. Менен кейін тағы төрт балаға арест берген. Тағы бір айға созбағанда, менің «желтоқсанға қатысым» анықтал-май, «бұғалықтан» шығып кетуім де мүмкін болған сияқты. Сыртымнан айтылғандардың бәріне құжатты дерек-дәлел жоқ. Ал, жатақханада болған жиналыс, үнпарақ жазу, оны тарату істерінің ешқайсысы заңға қайшы емес, яғни қылмыстық статьяға жатпайды. Бірақ бәрібір де, ақыр соңында, «көрдік-білдік» деуші жалған «куәгерлердің» әңгімесімен «қораға кіргізіп», амалдап, статья іліп жіберді ғой, солай.


Тұтқындалған күннен камерада, өзіміздің ҚазМУ-дың мұға-лімі Қарабаев Шора және Нархоздың есімі Бақыт деген мұғалімі болды. Шора да біздің 65-статьямен түсіпті. Мен білгенде, ол сол кезде Проректордың көмекшісі болатын...


Бір камерада екі не үш-ақ адам отырады. Аптасына бір рет киі-міңді жуып, өзіңді суға түсіріп тұрады. Тазалық, тәртіп қадағаланады. Күніне екі рет таза ауаға шығарады. Каталогпен кітап алдыртып оқи аласыз. Қалам, қағаз алдыртып, жазумен айналысуыңызға мүмкін-дігіңіз бар. Бір түсінбегенім, апта сайын, кейде 3-4 күнде камера-дан-камераға ауыстырып отырады. Неге екенін білмедім. Ақпанда түскеннен мамырға дейін сонда болдым. Сол екі жарым ай шамасын-да, тергеушім – Ерубаевпен үш-төрт-ақ рет кездестік. Бірінде сөй-лестік. Екіншісінде, юрфактың куәгер баласымен беттестірді. Тағы бірде, тергеуді сылтауратып, анаммен және ағаммен жүздестірді. Соңғысында: «Тергеу аяқталды» деген қағазға қол қойдыртты.


Әлгі юрфактың куәгер баласының түрін білем, аты-жөнін біл-меймін. Бұл жерде тергеушілер, психологиялық ахуалды аңдайды. Мен сыртқы дүниеден бейхабар отырған адаммын, ол сыртта, ер-кіндікте жүр. Бірінші кезекте: «Танисың ба?» – деп менен сұрады. «Танымаймын», – деймін. «Көргенсіз бе?» «Көргенмін... шамала-уымша, жиында болған», – дедім. Меніңше, бұл жердегі мәселе: «Кім бірінші айтады? Не, мен шындықты айтудан бас тартамын, ол «показание» береді. Немесе, болған оқиғаның ақиқатын мен ай-тамын, бұрын басқа жауап берген болса, ол өзгереді. Немесе ол да мақұлдайды, «подтверждение» береді. Бірақ ол жігіт артынан сотқа келген жоқ, оқудан да шыққан жоқ. Нұржан деген Талдықорған облысының баласы болатын.


Адвокат беріліп, іспен танысып болған соң, тергеуші адвокат-пен бірге отырғызып, тағы бірнеше рет сұрақтарға жауап алды. Жа-саған істерім туралы бар шындықты мен сол кезде айттым. Өзімді қорғауым керек қой. Айта кетейін, алғашқы адвокатым Рогова де-ген (белгілі заңгер С. Роговтың әйелі) болатын. Бірақ бір апта ша-масынан кейін, елден үлкен ағам келіп, қорғаушымды алмастырды. Жаңа адвокатым – Шәйкенов Жарас Амангелдіұлы, әйгілі заңгер Шәйкеновтің туған інісі, өте таза кісі екен. Сосын тергеушім Алек-сандр Ерубаев та өз ісіне жетік, білімді, зиялы адам боп шықты. Маған ешқандай зәбір көрсетпеді, қиянат жасаған жоқ. Ол – ке-зінде Қазақстанның Транспорт министрі болған Карабаевтың ісін жүргізгендердің бірі. Сондай-ақ КСРО кезіндегі үлкен мемлекеттік қылмыстарды ашқан, Армения президенті Тер-Петросянды сот-тайтын, ерекше маңызды істер бойынша құрылған тергеу тобының құрамында жұмыс жасаған, аса жоғары деңгейдегі маман екен.


– Иә, жиналыс өткіздім. Сол жиналыста ортаға түскен ұсыныстардан, әлгі үш түрлі нұсқаны құрадым. Ол менің жеке ұсынысым емес. Мен, тек жиналысты жүргізуші болдым. Ұйым-дастырғаным рас, студенттерді шақырғаным рас. Үнпарақ (листов-ка) жазғаным да рас. Бірақ мұның ешқайсысы заңға қайшы кел-мейді, – дедім.


– Сізге тағылған қылмыстық айыпты мойындайсыз ба? – деп сұрады.


– Ішінара мойындаймын, – дедім. Олай дейтінім, алаңға шығуға үгіт жүргізгенім рас. Бірақ ешкімді жаппай тәртіпсіз-дікке шақырғаным жоқ. Өзім біреуге қол көтеріп, ешкімді ұрған жоқпын. Сосын «Алаңға барамыз» дегенде, мен: «Мәшине өр-тейік, милицияны ұрайық» деген жоқпын. «Бейбіт түрде барамыз, бейбіт түрде қайтамыз», – деп айттым. Мен соны жасадым. Бар-дым, сағат түнгі 10-да қайттым. Келесі күні таңға дейін төбелесіп, біреуді ұрды дейтіндей емес, мен таң атқанша, жұмыста болдым.


Бұл жерде, кезінде өзі де менің жасым шамасында істі болып, ысылған үлкен ағамның тез арада қорғаушымды ауыстырғаны, ал ол қорғаушымның қазақтың білімді әрі зиялы заңгерлер әуле-ті – Шәйкеновтер отбасынан шыққандығы да маңызды болғанын айтқым келеді. Міне, енді мен, сол қорғаушым Жарас Шәйкенов-тің ақыл-кеңесімен сенімді, дұрыс қадам жасай бастадым. Оның үстіне, Жарас Амангелдіұлы мен менің тергеушім – Александр Какенұлы екеуі бұрыннан таныс-біліс, кәсіби біліктілігі жағынан бірін-бірі сыйлайтын адамдар болып шығуы да, істі ушықтыр-май алып шығуға септігін тигізді деп ойлаймын. Өз тарапым-нан тергеушімді бағалайтыным, жауап алу барысында ол маған физикалық күш қолданған жоқ, психологиялық қысым жасаған жоқ, ең бастысы, жала жапқан жоқ. Болған нәрсені жазды. Бірақ оның білімділігі сондай, орыс тіліне мен соншалық жетік емес-пін ғой, кейбір сөз қолданыстарында бір сөздерді басқа мағына-да жазып жібереді де, мен соған қол қойып жіберемін. Сол ғана!.. Басынан-аяғына шейінгі екеуіміздің қарым-қатынасымыз «Сіз» де-ген сыпайылық нұсқада жүрді. Ол тергеуші болғаннан соң, сөзде-рімді «теріп» отыратынын байқадым. Оның кәсіби мамандығы сол ғой. Мен бар нәрсені айттым. Олар қолдарындағы альбомнан ме-нің суретімді таба алған жоқ, кинохроникада тағы жоқпын. Алаңда болғанымды, әуелде сыртымнан басқалар айтқан және оны өзім де айттым. Менің біреулермен жұдырықтасып жатқанымды көрген ешкім жоқ. Тергеушім қарау адам болғанда, қызметінде өсу үшін, біреулерге жағыну үшін, өтірік «компромат» жинап, кейбір жел-тоқсандықтардың тағдырын құштырып, істі ушықтырып жіберсе, сол кезде ешкім «бұның қалай?» демейтін уақыт болды ғой. Ол оған барған жоқ. Ол маған: «Көп болса, саған 5 жыл берер. Бірақ сен соңына дейін отырмайсың, уақыт өзгереді. Ертерек шығасың. Менің жұмысым осы...» – деп ашық айтатын.


Тергеушімнің тағы бір адамгершілігі, ереже бойынша рұқсат бар-жоғын білмеймін, ол маған өз бөлмесінде сұрақ-жауап үстінде, беттестіруді сылтауратып, ағам мен анамды көруіме мүмкіндік жа-сады. Аурушаң анамның жасы сол кезде 60-тан асқан кезі еді. Екі ай тергеу біткенше, екі ағам мен анам соңымда жүрді салпақтап.


Бір оңды болғаны – Шораменен бір камерада болғаным, жаңа айтқанымдай, оқуға кітап берілді. Лениннің, Маркстің бүкіл том-дарын сол жерде отырып ақтарып, ұлт мәселесіне қатысты барша сұрақтарымызға бірге жауап іздедік. Олардың еңбектеріне, Кон-ституция баптарына үңіліп, зерделеп, конспектіледік, тезистедік, көкжиегімізді кеңейттік.


 


Сонымен бірге Стефан Цвейгтің таңдамалы шығармалар жи-нағын, Дж Голсуорсидің «Сага о форсайтах», Вальтер Скоттың, Стендальдың таңдамалы шығармалар жинағын, О.-де Бальзактың «Львиное сердце», басқа да шетелдік және орыс классикалық көркем әдебиеттерінің де біразын оқып тастадым. Енді, шынын айтқанда, негізінен, уақытты ұту үшін, өзіңді-өзің алдаусырату үшін, ойыңды ауыздықтау үшін оқисың. Ол жерде кітап оқып, көңіліңді бөлу – үл-кен көмек! Әйтпесе, таң атқаннан күн батқанға дейін: «Мен не жа-сап қойдым, ендігі өмірім не болмақ?..» – деп, тек солай отыратын болсаң, жынданып кетуің де мүмкін шығар. Кітаптағы өмір мен өзің басыңнан кешіп отырған өмірді, тарихты, кейіпкер тағдыры мен өз тағдырыңды салыстырасың. Әсіресе, Цвейгтің шығармалары... Оның: «Аустро-Венгрия империясында әрбір 50 жыл сайын аз сан-ды, шағын ұлттар өзіне-өзі: «Мен кіммін?» деген сұрақ қояды» дей-тіні бар. «Әрбір 50 жылда үлкен империялардың төңірегінде төңке-рістер болып тұрады. Солай болуы – қоғамның даму заңдылығы, диалектикалық заңдылық», – дейді. Демек, біз ерікті-еріксіз куәгері, тіпті «кейіпкері» болған кешегі желтоқсан көтерілісі де сол диалек-тикалық заңдылықтың нәтижесі болып тұр ғой.


Көтеріліске қатысқан қыздар-жігіттер, қандай таза жастар еді! Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, Алматыда бастары тоғысқан сол жастар – қазақ жастарының қаймағы секілді көрінді маған. Бәлкім, жоғарыдан біреулер соны қалап, ықпал еткен де бо-лар, бірақ солай дүрк көтерілуге жастардың өздері де дайын болды. Ішкі істер басқармасы болсын, Қауіпсіздік комитеті болсын бар-лығы да сол жоғарыдан шыққан «ұйымдастырушыны» жандарын салып іздеді. «Қалайша, дені 20–25 жас арасындағы жастар бірден осылай ұйымдасып шыға қояды?.. Қалайша, бір күнде сонша мың-даған жастар алаңға шығып кетті, оларды жетелеген қандай дүлей күш?» – деп әбден бастары қатты. Шынында, таңғаларлық жағдай! Міне, бұл – меніңше, жаңағы Цвейг кітаптарында айтылатын,


ірі империяның қолтығындағы саны аз, бодан ұлттардың ішкі қоғамдық-әлеуметтік ахуалдарының пісіп-жетілуіне орай, әрбір 50 жылда ұсақ ұлт өкілдерінің жаңа өсіп жетілген буындарының санасында: «Біз кімбіз?!» деген сауалдың оянуының көрінісі!.. Яғни бұл – әрбір 50 жылда бұрқ етіп жарылып отыратын көтерілістердің диалектикалық заңдылығы ұғымы арқылы түсініп-түсіндіруге бо-латын құбылыс. Бұл құбылысты «Елу жылда – ел жаңа» деп, біздің ата-бабаларымыз бір ауыз сөзге сыйғызып айтып та кеткен...


Қауіпсіздік комитетінің түрмесіне түскен сол, алғашқы ке-зеңде, маған көп көмегі тиген жанның бірі – ҚарабаевШора болды. Менен жасы үлкен. Өте білімді және жігерлі кісі. Қамақтың тар ка-мерасында жатып та, таза ауа жұтуға шағын ауласына шығарғанда да, үзбей жүгіріп, жаттығулар жасап, денсаулығын қатты бақылай-тын. (Меніңше, сол әдетінен әлі күнге жаңылмай жүрген болуы керек). «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» дегендей, бір апта, он күн шамасында мен де өзіме-өзім келе бастадым. Шора ағамның қамшылауымен, мен де жүгіріп, жаттыға бастадым. Қо-лыма кітап алып, үңіліп, парақтайтын болдым. Отырған жеріміз, шамалауымша, бұрынғы Виноградов–Дзержинский көшелерінің қиылысындағы, үлкен бір кварталды төрт жағынан қоршай алып жатқан, атышулы бұрынғы МҚК-нің қамақ-ғимараты болды деп ойлаймын. Олай дейтінім, бізді онда жабық көлікпен алып кі-ріп-алып шықты. Айналамызды көре алғамыз жоқ.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу