22.07.2024
  33


Автор: Ермұханбет Қуандық

Түзету мекемесінде

Тарс-тұрс есік қағып: «Сыртқа шығуға жиналыңдар!» де-ген күзетші-конвойлардың бұйрықты айғайынан бір-ақ ояндым. Басымнан кешкен уақиғаларды есіме алып жатып, қалай ұйықтап кеткенім есімде жоқ. Тастай қатып, талықсып, ұзақ ұйықта-сам керек, біршама тыңайып қалған сыңайлымын. Алматыдан шыққалы бір жарым, әлде екі күн жүрдік пе?.. Қолтықтаған жолқапшықтарымызбен «бірінші, шық!», «екінші, шық!», «үшін-ші, шық!..» – деп санамалап шығарып, жан-жағымызға қарау-ға мұршамызды келтірмей, дедектетіп, вагон баспалдағына тақай қойылған терезе-тесіксіз арнайы автокөлікке отызға жуық тұтқындарды сығылыстыра басты. Айнала арсылдаған итпен қа-рулы күзет тұр. Қайда келдік, қайда апара жатыр?.. Беймәлім. Кіре берістегі автоматпен жайғасқан қос конвоймен арадағы ішкі темір есіктің жоғарысындағы алақандай терезенің тор көздерінен ғана сәуле түсіп тұр. «Вагон купесіндегі сасық ауадан құтылдық па?» – деп қуанғанымызбен, қуықтай шағын көліктің ішінде ауа тарлығын айтпағанда, тізе бүгер жай жоқ. Бойыңды тіктеп те тұра алмайсың. Төбесі аласа. Бүкшиіп, бақайшығымызға шейін шүмектеп қаратерге түстік. Әлден уақытта көлік тоқтап, манағы тәртіппен санамалап сыртқа шығарып, жан-жағы тікенек сым-темірмен қоршалған түрме қақпасының алдында сап түзетті. Бес-оннан бөліп, камераларға жайғастырды. Бұрыннан отырған-дармен тілдескенде барып, Қарағанды қаласының түрмесінде екенімізді бір-ақ білдік...


Үш-төрт күн сонда ұстады. Төртінші күні жанымдағылардың бәрін алып кетті де, камерада жалғыз қалдым. «Бұлары несі?..» – деп, аң-таң боп, ойым он саққа жүгіріп отырғам. Бірер сағаттан соң, есік салдырлап ашылды да, еңгезердей төрт орысты кіргізіп, сыртынан құлыптап, қайта жауып кетті. Әжүк-гүжік әңгімелері-нің ауанынан, білектері мен көкіректеріндегі көкала татуировка-ларынан-ақ олардың түрмені «өз үйіндей» көретін – әккі рециди-вистер екенін аңдадым. «Ее, бұлардың мені басқалардан бөлектеп алып қалғандағы ойларында бір сойқан болды ғой», – деп, неге де болса іштей тас-түйін дайын отырдым... Бірақ келгендер мені көздеріне де ілмей, қайын жұрттарына қыдырып келгендей-ақ, емін-еркін жайғасып алып, біреулері ұйқыға бас қойса, бір-екеуі өзара қызу әңгімелесіп кетті.


Сол күні түс ауа мені де алып шығып, көз үйренген бүркен-шік «автозак» көлігімен, Абай қаласындағы түзету мекемесіне жеткізді. Әуелде, Алматыдан этаппен жөнелткенде, қайда баратынымызды айтпаған. Мұнда келген әзірде, екі-үш күн бөлек ка-мерада «карантинде» ұстап, үшінші күні ғана сыртқа шығарды. Шашты алып, жуындырып, сол жердің киімдерін берді. Қап-қара кенеп сияқты матадан тігілген, өлшемі үлкен киімдерді киіп алған-да, екі құлағым қалқайып, рәпетім қашып, ұсқынсыз, албастыдай боп шыға келдім. Нөмірі «39-шы, қатаң тәртіптегі түзету колония-сына» түсіппін. Бұл – кісәпір кеңестік жүйенің зұлымдығын әйгі-лейтін, қанқұйлы сталиндік репрессияны іске асыру мақсатында құрылған атышулы «Карлагтың» құрамындағы жабық мекемелер-дің бірі. Бұл өңірдің табиғаты да аса қатал екені белгілі.


Сол күні-ақ, тікенек сым қоршаудың екі жағында тұрып, Ерланмен (Ерлан Декелбаев) дауыстап сөйлестік. Мен әлі өзімнің қай отрядқа баратынымды да білмей, аңтарылып тұрғанмын. Тағы бір «желтоқсаншының» келгенін естіп, карантиннен шығатын кү-німді тосып, қарайлап жүрсе керек. Өзі де 65-ші, біздің баппен отыр екен. Ол сонда «Сені Темірланның жігіттері күтіп алайын деп жатыр», – деді. Мені таңғалдырғаны: «Сен кімсің, қандай баппен, қанша жылға кесілдің, жолда қалай келе жатсың?..» деген сияқты, сіз туралы әңгіме-деректердің бәрі, қандай жолмен екенін білмеймін, ол жаққа өзіңнен бұрын жетіп қалады екен...


Бесінші отрядқа бөлді. Екі қабатты темір төсектің жоғарғысы-на аты-жөнімді жазып қойыпты. Жайғасып жатқаным сол еді, бір жігіт келіп: «Сені күтіп алайық деп отырмыз», – деді. Шыным-ды айтсам, менің есіл-дертім ұйқыда еді. Әлі күнге сілем қатып, ұйықтағым кеп тұр.


Мен түрмеге түскен кезде, басқалар құсап: «Түрмеде қалай бо-лады, не болады?..» деген сияқтыларды қазбалап, қызықтап сұра-маппын. Ештемеден хабарым жоқ. Менің түсінігімде, сен өзің қан-дайсың, солай болып өмір сүресің. Ондағылар өз іштерінде «блат-ной», «мужик» деп бөлінетінін де бара білдім. «Мужиктер» жұмыс істейді, «блатнойлар» жұмыс істемеуі керек, бірақ олар да істейді. Сонымен, жаңағы келген жігіт: «Жүр, бізбен бірге. Танысайық, өзің Шымкент жақтың баласы екенсің, әңгімелесіп шай ішейік», – деді. Барсам, бес-алты адам – Темірланның жігіттері екен. Құрметтеп, шифир қойып қарсы алды. Мен шифир ішпеймін, шай ішіп отыр-дым. Жағдайымды сұрап жатыр. «Кімдерің бар?» – дейді. Олар да, кейін біліп жатырмын , жаңа адамның жағдайы бар, артынан іздеп келе алатындай, туған-туыстары мықты адам болғанын қа-лайды екен... Жататын уақыт болғанда, «Өзімнің отрядыма қай-там», – деп едім, олар шырттай қылып киіндіріп жіберді. Өлше-мі дұрыс лафсан шалбар, көйлек, аяғыма ыңғайлы бәтеңке берді. Киініп алдым да кеттім. Ертесі асханаға тамаққа барсам, жұрттың көзі менде. Гүж-гүж әңгіме... Сонда мен, небәрі, екі-үш күндік ка-рантиннен соң шығып тұрмын. Ал үстімде «блатнойлардың» жап-жаңа, ықшам киімдері!.. Менің ештемеде шаруам жоқ. Ұйқымды қандыра алмай, дел-сал боп жүрмін. Артынан білдім ғой, түрме-де «семейка» дегеннің болатынын. Күн сайын жұмыстан келген соң, сонда барып, бар уақытымда солармен бірге отыруым керек екен. Ал мен келем де, тамағымды ішер-ішпес ұйықтап қалам. Бір күн ұйықтағам, екі күн-үш күн ұйықтаймын. Хабарласпаймын. Мен ойлағам, өзіміздің ауылдың балалары екен, киімдерді маған сыйлыққа берген болды ғой деп. Үшінші күні шырт ұйқыда жат-сам, түн ортасында біреулер келіп түртеді. «Не?..» десем, өткенде танысқан бір жігіттің атын айтып: «Сол өткенде берген киімдерді сұрап жатыр», – деді. «Киімдерің әне, анау тұр, ала бер», – деп, қайта қорылға бастым. Ертесі күні таңертең тұрып қарасам, жаңа киімдердің бәрін алып, орнына өз киімдерімді іліп кетіпті. Амал жоқ, сол албасты киімдерді қайта кидім. Сөйтсем, ол жерде ондай лафсанды «блатнойлар» киеді немесе ақшасы бар адамдар киеді екен...


Мен болған колонияда көптеген отрядтар бар. Әр отряд өзге-сінен тікенек сымдармен торланып, бөлініп тасталған. Екіқабат-ты баракта жатамыз. Бос уақытта демалатын шағын ауласы бар. Жұмыс істейтін жақ өндіріс зонасы (промзона) деп аталады. Ол – бөлек, зауыт секілді өндіріс орны. Жұмысқа шыққанда, сол жаққа өтіп барып, жұмыс істеп, кеш бата, қонуға осында қайтып келеміз. Бір отрядтың өзінде әртүрлі іспен, әртүрлі баптармен жатқандар бар. Кісі өлтіргендер де, ұрылар да, ақша жеп қойғандар, көлік апатын жасағандар... деген сияқты, бәрі бар. Бірақ ешкімнің-ешкім-мен шаруасы жоқ. Өз жөніңмен жүрсең болды. Ондағылар ертеден қалыптасып қалған «ішкі дәстүр» бойынша, жаңа айтқандай, топ-топ болып өмір сүреді. Сол «топтар» өздерімен-өздері ортақтасып нан алады, шай ішеді, әңгіме-дүкен құрады. Әр топ қырынатын ұстарадан (лезвия) шай қайнататын электр қайнатқыш (кипитиль-ник) жасап алған. 2-3 литрлік банкілері бар. Өз топтарымен ортаға орындықтарды қойып, нанын жеп, шайын ішіп отырады.


Мен, ешкімде шаруам жоқ, өзіммен-өзім жүремін. Көбіне-көп, баяғыша, жұмыстан келген соң, төсегіме қисайып жатамын да, осы жерге жеткенге шейін не болып-не қойғанын, қалай болғанын ой елегінен қайталап өткізе бастаймын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу