22.07.2024
  25


Автор: Ермұханбет Қуандық

Қамзолдаевпен қайта ұшырастым

Хош, сонымен, 18-желтоқсан күні кешкісін алаңға екі қайтара ұмтылып жүріп қоршаудан өте алмай, қолға түсіп қалудан қорға-лақтап, үй-үйдің ауласымен сағалап қашып, пәтеріме түнделетіп кеш жеттім де, нәр сызбай төсегіме құладым. Келесі күні түске қа-рай, сабаққа бардым...


Автобустан түскен бетте ұшырасқан таныстарым, курс-тастарым: «Біз сені әлдеқашан ұстап әкеткен болар деп ойлап едік!..» – деп, шу ете түсті. Желтоқсанның 17-сі күні қалың студент-тер легімен бірге ҚазМУ қалашығынан шығып, орталық алаңға барар жолда, әлгі үнпарақты (листовканы) бірге жазған тағы бір досым Орал Исмағұлов екеуіміз сырт киімімізді ауыстырып киген-біз. Ол жерде суретке, киноға да түсіруі мүмкін екенін, артынан іздестіріп, қуғындайтынын да алдын ала сезіп, білгенбіз. «Дека-наттан сені іздеп жатыр», – деді бәрі шулап.


Деканаттағылар қасыма біреулерді ілестіріп, шұғыл ректорат-қа жіберді. Ректор Еділ Ерғожин болатын. Оған жетіп үлгергенім жоқ, қарсы алдымнан МҚК-нің қызметкері – Қамзолдаев шыға келді. Азамат екен, ешкім естімейтін бәсең, бірақ нық дауыспен:


– Бұрынғы болған оқиға туралы жақ ашушы болма! – деп, жалғыз ауыз ескертуін айтып үлгерді.


Қамзолдаевтың өз саласы бойынша біздің ҚазМУ-дың кура-торы екенін, менің жастық-аңғырттығыма түсіністікпен қарап, көктемде екеуіміздің арамызда болған әңгімені ешқайда жеткізбей, мені аман сақтап қалғанын сонда барып іштей болжалдадым. Онымен ертерек «танысу тарихымыз» есіме оралды.


 


Сол жылдың мамыр айы болатын. Университеттің үлкен акті залында Добрынинмен кездесу болатын болды. «Ол адам кім? Неге ол адаммен кездесеміз?» – деп сұрасақ, ол кезде, КСРО-да екі палаталы парламент болатын: Ұлттар Кеңесі және Халықтық депутаттар Кеңесі (Палатасы). Ұлттар Кеңесіне әр республика-дан депутат сайланады. Қазақстаннан Ұлттар Кеңесіне сайланған Алматылық Қойшыманов деген, кезінде қалалық партия, әлде комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған ба?.. Сол жылдар-дағы қайта құрудың екпінімен, ол кісіге қылмыстық іс қозғалып, жұмыстан қуылып, депутаттықтан да айырылған екен. Енді соның орнына Добрынин дегенді сайлау керек. «Добрынин деген кім?» – дейміз. Сөйтсек, ол 8-9 жыл КСРО-ның Америкадағы елшісі бол-ған адам екен. Енді, Ұлттар палатасына, Қазақстанның атынан өтпек. Яғни бұл – «мемлекет қазынасынан жем жейтін жұмыс та-уып беру» дәстүрі ғой. Бірақ оның Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ екені анық.


ҚазМУ-дың филфагы, журфагы, истфагы (тарих факультеті) – бәрі бір корпуста. Юрфак пен ФЭФ бір корпуста. Сол екеуінің ор-тасында үлкен акті залы бар, «Сонда барасыңдар», – деді. Сол жер-ге жиналып жатқан курстастарға «Бұл дұрыс емес, қайдағы бір, айдаладағы адам ғой», – дедім. Айғайлап айтпасам да, солай деп, қолымды бір сілтеп шығып кетіп бара жатыр едім, фоэде комсомол хатшылары т.б. бір топ белсенділер тұр екен.


– Сен қайда барасың? Жұрттың бәрі жиналысқа келіп жатыр, – деді біреуі.


– Қазақстанға қатысы жоқ адамды сайлайын деп жатырсың-дар. Керегі не оның, өздерің сайлай беріңдер, – деп, қайырылмай, кітапханаға кетіп қалдым. Содан бір ай өткен мөлшерде, ойымда түк жоқ, ҚазМУ қалашығы ішінде жалғызаяқ жолмен келе жатсам, қасыма қатарласып келіп біреу қолтығымнан ұстайды. Үстінде плащы бар.


– Танымадың ба? – дейді.


– Жоқ, таныған жоқпын, кімсің сен? – деймін.


– Былай шығып сөйлесейік, – деді. Юрфактың алдында орын-дығы бар алаңқай болатын. Сол жаққа бара жатып: «Сен осындайсың, осындайсың...» – деп, менің күллі өмір тарихымды айтып келе жатыр.


– Мен туралы бәрін біледі екенсің ғой, менімен танысуға кел-дің бе? – деймін. «Жерлес деп іздеп келген Шымкент жақтың ба-ласы ма екен?» – деп ойлап қоям. Біраз әңгімеден соң барып «ко-рочкасын» көрсетеді. Сөйтсем, Мемлекеттік қауіпсіздік комите-тінен, Қамзолдаев деген. Капитан ба, майор ма, сондай бірдеме... Отырған соң, әңгімесін айтты:


– Сен өткенде осындай әңгіме айтыпсың?..


– Айтқаным рас, – деймін, – онда тұрған не бар?.. Ол күлді. – Отпен ойнап жүрген жоқсың ба? – деді.


– Айтса, несі бар, Ұлттар палатасына сол ұлт өкілін сайлау ке-рек емес пе? Қазір демократия ғой!..


«Сен кімсің?» дегендей, оны көзіме ілмей, өзімше сайраймын. Менікі де жастық албырттық қой!.. Ол маған: «Байқап жүр», – деп ақылын айтып, кетіп қалды. Есімде қалғаны, үлкен кісі емес, көзі көкпеңбек, өзі сап-сары, тығыршықтай жас жігіт болатын...


Міне, сол Қамзолдаев күтпеген жерден алдымнан шығып, әлгі сөзді ескертті де, қолтығымнан ұстап, жетінші қабаттың бір бөл-месіне жетектеп кіргізді. Бөлмеде төрт адам отырды. Мені қарсы алдына отырғызған кісі өзін МҚК-нен құралған тергеу тобының жетекшісі – майор Жетпісов деп таныстырды да, жауап алуға кірісті. Өздерінің келісілген тәсілдері солай болуы керек, қалған үшеуі ту сыртымнан қайшылас (перекресный) сұрақтар қойып отырып тергеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу