22.07.2024
  26


Автор: Ермұханбет Қуандық

Әке болдым

 


 


Өмірімдегі қуанышты күндерім еді. Он күн бұрын ғана, яғни 1986 жылдың 6-желтоқсанында, тұңғыш ұлым Жақсылық дүниеге келді. Алды-артыңды аңдатпай, айдалаға ала қашатын басы қатты асаудай, жастық албырттық пен аңғырттықтың бейкүнә періште-сі!.. «Әке болдым!» деген бір жұмбақ сезім жүрегімді қытықтайды. Іштей, «ендігі өмірімді жақсылық атаулыдан жаңылдырмас жала-уым болғай!..» – деп қайталай беремін. Әйтеуір, беймәлім бір шуақ кеудемді тербеп, арсалаңдап қуана жүріп, анасымен екеуін перзент-ханадан он бесі күні шығарып алғам... Алматының тау жағындағы «Алатау» совхозы деп аталатын жоғарғы бөлігінде – «Арман» ав-тостансысы жағында пәтерде тұрамыз. «Столичная» көшесі, 59-үй. Медучилищеде оқитын қарындасым Гүлжан қолымда бірге тұрады. 16-желтоқсан күні түс қайта, сабақтан шыққан бойда тезірек үйге жетіп, баламды көруге асықтым. Қазақстан компартиясы ор-талық комитетінің пленумы болып, «Қонаев өз еркімен арыз беріп, құрметті демалысқа шығыпты» дегенді оқу корпусының ұзын ко-ридорымен жүріп келе жатып естідім. Ол жаңалыққа соншалықты мән бермедім. Қонаевтың кететіні алдын ала белгілі, бәрімізге түсінікті болатын... Үйге барсам, енем келіпті, келінімен бірге. Жас босанған қызына қалжа беруге қой сойып ала келген екен. Қазан-да ет қайнап жатыр. Шақалақты бір иіскеп алып, теледидар қарап отырсам, «Қонаевтың орнына Колбин дегенді қойыпты», – деп, жаңалықтардан көрсетіп жатыр. Өзі – сырттан келген, аты-жө-ні белгісіз біреу. Аты да, заты да бейтаныс!.. Сол кезде, бір түрлі, басыма қан шапқандай болды!..


Хош, біз оны білмейміз, ал ол ше?! Бізді, бүкіл республиканы басқаратындай, ол өзі қазақтарды біле ме екен? Қазақтың тілін, дәстүрін ше?! Әлде... қазақтың тілінде сөйлемей-ақ, тарихын біл-мей-ақ қазақ елін көрінген көлденеңді көк атты «басқарып» кете беруге бола ма, сонда? Әділдік қайда?! Теңдік қайда?!.. Он бес одақтас республиканың бізден басқа қайсысында өзге ұлт өкілі басшылық етіп отыр? «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, қазақ-тың момындығын басыну ма?!.. Ұлттар теңдігін ту еткен кеңестік кезеңнің 70 жылға жуық шежіресінде республикалық партия басшыларының бірлі-жарымы болмаса, қазақтардың жоққа жуық екенін болашақ тарихшы-маман ретінде, бес саусағымдай жақсы білемін. Бұл не сонда, лайықты саясаткер-қайраткерлер қазақтың өз ішінде, тіпті Қазақстанда жоқ дегені ме? «Ұлттардың өзін-өзі басқаруы» деген партиялық қағиданың бекер болғаны ма?!..


Солқ етіп, пайда болған жұдырықтай тас кеудемді жарып шығардай сұрапыл соққымен көкірегімді іштен түйгілеп тұрып алды...


Бір қарасам, киініп, үйден шығып, автобуста келеді екенмін. Әл-Фарабидің бойындағы ҚазМУ қалашығы аялдамасынан тү-сіп қалдым. Қазандағы асқа қарамай, қызуқандылықпен шығып кеткенімді асқазаным шұрылдағанда барып ойладым. Бірақ кері қайтпадым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу