22.07.2024
  29


Автор: Ермұханбет Қуандық

Қапаста

 


 


1987 жыл, маусым айының басы. Айнала – сонау көкжиекке дейін тұтас жасыл жамылғыға малынып, алуан түрлі балғын гүл-дер көз қытықтап, күллі дүние құлпырып тұрған рәуішті мезгіл. Ен дала түлеп жаңғырған, табиғаттың жанды-жансыз барша жа-ратындысы береке-шаттыққа бөленген осы бір мамыражай күнде-рі, тарс бекітілген лас терезелеріне ұсақ көзді темір тор тұтылған қаракөлеңке, тар, сасық купеде өзім тағдырлас оншақты адаммен қысылысып, «еркімнен тыс» жол үстінде келе жатқан менің жаным жүдеу, тәнім шаршаңқы еді...


«Ертең не болар екен?!..» – деп, елең-алаңмен өткізген алғашқы екі айдан астам уақыттың батпан жүгі өз алдына, одан кейінгі Қа-уіпсіздік комитеті мен Алматы қалалық Ішкі істер басқармасы абақтыларында тергеуде жатқан үш ай, ең соңында, үкім кескен үш күндік сот барысы – бәрі жан-жүйкемді іштен жеп, әбден қау-сатып тастағандай. Бәрінен де, осыған дейінгі барша саясаты мен «ізгі» іс-әрекетіне имандай ұйытқан күн көсем партиясының, өзін-өзі әлемдегі ең гуманистік ел санайтын көпұлтты, алып КСРО-ның, оның әділетті «алтын заңы» мен мәртебелі тұлғаларының шынайы өмірдегі соншама қатыгез, екіжүзді болмыстарын бетпе-бет келіп, көзіңмен көру!.. Күліп-ойнап бірге оқып, бір жүрген жо-ра-жолдастарыңның қорқақтығы мен сатқындығына куә болып, қиянатты салдарын өз басыңнан кешу!.. Тас еденді, тар қапас каме-ралар мен сыртыңнан жабылатын салдырлаған ауыр темір есіктер-дің салдыр-күлдірі, тасжүрек конвойлардың өктем жекіп-зекіруі... Бәрі-бәрі шаршатқан. «Бұл қалай?!» – деп, қамырыққан көңіліңнің зар-запыранын еститін құлақ, сірә, жоқ. Басыңа түскен мың батпан бейнетпен жападан-жалғыз қалғаныңды, өзің ғана сезінесің. Се-зінген сайын шарасыздық батпағына бата бересің...


 


Өн бойымды буған алапат бір ұйқы бар. «Шіркін-ай, – деймін, – кеудені керіп тыныстап, аяқ-қолды көсіліп жатып тәтті ұйқыға батар ма еді!» Еркін жату былай тұрсын, кең-мол отырудың өзі – арман. Оншақтымыз жоғары-төмен полкаларға үш-төртеуден бөлініп, кезектесіп жатып-отырып, амалдап келеміз. Желімдей жа-бысқан кірпіктерім еріксіз айқасады. Терезе жақ бұрышта бүктеті-ле отырған күйде шымырлап ұйытқан ұйқы құшағына шым батып, еніп барам. Жоқ, терең ми қатпарларымнан атойлап бас көтеріп, шырмауықтай шырматылған ой желісі ұйқы-ұйығымды тас-талқан етіп, дәл алты ай бұрынғы, сонау, ызғарлы желтоқсан күндеріндегі қат-қабат оқиғаларды көз алдымнан тізбектеп өткізе бастайды. Өң мен түстің арасында, сүлесоқ бір халде отырып, сол тізбекті ойша тарқатамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу