Шығармалар ✍️
Менің таңдауым - журналистика
Жоғары сыныпқа өткен әр мектеп бітірушіні : “Мен кім боламын? Қандай мамандыққа түссем болады?” - деген сұрақтар жиі мазалайтыны рас. Бұл сауалдарға жауап бермес бұрын жас түлек ең алдымен өз қызығушылықтарына назар аударып, терең сараптаудан өткізуі тиіс деп санаймын. Мен соны бастан өткеріп, жүрегімнің таза үнін тыңдай отырып, болашағымды журналистикамен байланыстырамын деп шештім.
Француз жазушысы Онере де Бальзак журналистиканы “төртінші билік”-деп, бекер атамаған. Журналистика - ауыр сала болғандықтан, өз ісінің шебер майталманы атану - екінің бірінің қолынан келе бермейді. Үздіксіз ақпарат саласына бет бұратын әрбір талапкердің бойында ақиқатты бұрмаламай жеткізетін жігерлілік, халықтың игілігі үшін қызмет атқаратын адамгершілік пен әрдайым өз қабілеттерін жетілдіруге ұмтылатын еңбекқорлық қасиеттері болуы шарт. Жауынгер туған жерінің намысын қылыш арқылы қорғаса, журналист өз ата мекенінің мүддесін қалам арқылы асқақтайды.
Ақпарат толқынына бел буып, еркін жүзер маман болардың алдында ұлтымыздың журналистика бағытының дамуына септігін тигізген жандарды ұмытпаған жөн. Кеңес үкіметі билік еткен қатыгез уақытта қазақ халқын жігерлендіріп, рухын көтерген Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дұлатұлы сынды Алаш қайраткерлерін айтпай кетуге болмайды. Олардың қазақ баспасөзіне қосқан үлесі құмырсқадай қаптау.
Заман өзгерісімен билік те, қоғам да, ұлт та дамудың келесі сатысына өткеніне қарамастан кіндік қаны тамған жердің намысы мен беделін көтеретін Алаш партиясының бастамасын жалғастырушылар пайда болды. Қазіргі таңның батыл, көзі ашық, қоғамның жаңашыр әрі ержүрек журналистер қатарына Дина Төлепберген, Бибігүл Дәулетпек, Нартай Аралбайұлы, Гүлнәз Әлімгерей, Қанат Әйесбайұлы және басқалары жатады. Есімі жазылған әр маманның халық үшін еңбегі зор деп айтсақ, қателеспейміз. Елімнің кешегі және бүгінгі тарихына зер сала отырып, өзімнің де үлгі тұтатын жандардан кем болғым келмейтінімді түсінемін. Осыған орай, неліктен болашағымды журналистикамен байланыстыруды көздегенім жайлы сыр тарқатайын.
XXI ғасырдың ең өзекті проблемаларының бірі - халықтың рухани кедейлігі мен аштығында. Жасөспірімдердің басым бөлігі адами құндылықтардан жұрдай болып, бір-бірінің “күштілігі мен әдемілігін” қалтасында қанша соммадағы ақшасы, қолында IPHONE-ның қандай нұсқасы мен әлеуметтік желілерде неше оқырман бар екендігі арқылы өлшейді. Қысқаша айтқанда, олар өздерінің шуақты әрі ұмытылмас жастық шағын бір-бірімен санасып өткізуде. “Адам баласы жылап туады, кейіп өледі” - деген Абай Құнанбайұлының нақыл сөзі бүгінгі күннің айқын көрінісі болған секілді. Яғни, бұл өмірге адам өз еншісін аламын деп айқайлап келіп, нәтижесінде бай және дәулетті болуы мүмкін, бірақ о дүниеге аттанар кезде оның байлық мөлшері емес, жақсылық пен игі істері ғана таразыланады. Сондықтан, біз өзіміздің күнделікті жасап жүрген іс-әрекеттерімізге, алдымызда тізбектеп қойған приоритеттер мен армандырымыздың құндылығына зер салуымыз абзал.
Не себепті, Қытай халқы бүкіл ғаламшарды өзіне қаратып, көшбасшы мемлекеттер қатарына кірді? Олардың сыры неде? Қытай халқы өздерінің көне ойшылы Конфуцийдің еңбектерін негізге алып, ұрпағын тәрбиелеуде. Қытай ұстазының нұсқауы бойынша олар адам мінезін тәрбиелейтін, оқуға деген жігерге және рухани сезінуге үйрететін мектеп ұйымдастырды. Бала кезінен бастап санаға құйылған рухани құндылықтар, өмір бойы сақталып, ақырында өз еңбегінің жемісін көрсетеді. Қазақ халқы болса, іздеп айналшықтамай, тура жанымызда тұрған Абай Құнанбайұлы атамыздан тәлім-тәрбие алғаны жеткілікті.Әр қазақ баласының жадында орын алған ерекше жанның кез-келген туындысы адамға үлкен өмірге бағыт-бағдар, нұсқаулық бола алады. Мәселен, ұлы қайраткердің “Қара сөз” атты публицистикалық шығармасы өз ұлтының нағыз жанашырын тәрбиелеп шығаратыны анық. Ақыл, жүрек пен қайратты бірге ұстап, Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек, келешегіміз жарқын, болашағымыз баянды болары сөзсіз.
Қазіргі заманның мәселелерін көпшілік алдында жариялайтын қозғаушы күш - журналист. Мен ақпарат саласының табалдырығын аттанып, ұлы философ Абай Құнанбайұлының құрметіне арнап, оның “Толық адам” атты идеясына негізделген түрлі телебағдарлама, не болмаса подкаст ашқым келеді. Себебі, Абай атамыздың әрбір сөзі - бүгінгі күннің көрінісі деп айтсақ болады. Біз өткен мен бүгінге көз тастап, оны сараптасақ, әр кезде Абай атамыздың нақыл сөздерінен, жүріп өткен жолдарынан көрініс табамыз. Сол себепті, мен болашақ журналист ретінде тарих сахнасына өз үлестерін қосқан аталарымыздың жолын қуып, ұлтымыздың қанын ойлап, қазақ журналистикасының жаңаша қанат жаюына септігімді тигізу үшін барымды салуға әрқашан дайынмын.
Абайдың жетінші қара сөзінің мына үзіндісі журналист мамандығын айқын сипаттай алған секілді : “ Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, “ол немене?”, “бұл немене?” деп, “ол неге үйтеді?”деп, “бұл неге бүйтеді?” деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.”
Мен бұл сөздермен толықтай келісемін. Адам баласы нақты шешім қабылдар алдында жүрек пен ақылдың жетегінде ерсе де, соңғы нүктені әрдайым жүрек қояды. Үлкен өмірге әлі аяқ баспасам да, жүрегімнің ыстық үнінің артынан жетектеліп, журналист атану арманыма жол тартудамын. Себебі, мен халыққа тек ақиқатты баяндап, қазақ журналистикасының дамуына тағы қандай қолдау көрсету керектігін білгім келеді, әлемді аралап, жаңа адамдармен танысып, өмір бейнесін басқа қырыннан көргім келеді, бұл жалғанда өз орнымды тауып, мамандығымның қыр-сырын үйренгім келеді.
Людвик Витгенштейн айтқандай : “Менің тілімнің шекарасы - менің әлемімнің шекарасы.”Менің ойымша, заманауи журналистің бойында табылу керек негізгі талаптарының бірі - бірнеше тілді жетік меңгеруі қажет. Мен Дарынды қыз балаларға “Білім - Инновация лицей интернатының” түлегі болғандықтан менің төрт тілде, яғни қазақ,орыс,ағылшын және түрік тілдерінде судағы балық секілді ойымды еркін жеткізе алатын қабілетім бар. Болашақта осы ерекшелігім қазағымның көк туын асқақтауға жәрдем болатынына күмәнім жоқ. Көп тіл білу - заман талабы. Сол себепті, жастардың бірнеше тілді меңгеруі өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын түсінгені маңызды.
Менің арманым - Қазақстан Республикасының дамуы мен ақпарат толқынының жаңа ағысының пайда болуына өз үлесімді қосу. Алдағы уақытта өзім таңдаған мамандығымның нағыз майталманы болуға бар күшімді салатын боламын!
Дарынды қыз балаларға арналған "Білім-инновация лицей интернатының" оқушысы
Нұрлан Айғаным
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter