Өлеңдер ✍️

  19.06.2024
  76


Автор: Мұхарбек Жәкейұлы

Каттақорған. "Қазақауыл"

Қаттақорған. «Қазақауыл»


 


Құтханасы қазақтың кезіндегі,


Болғанымен тәп-тәуір, өзі іргелі.


Ескі әңгіме айтпайды мұндағы жұрт,


Ескі атауын ұмытқан қазір көбі.


 


Бір алаң бар көңілдің пернесінде,


Тағдырының тартуы жөн кесім бе?


«Қазақауыл» деген сөз қалып қойған,


Көшкен күннің көміліп көмбесінде.


 


Қарсы алады «акалап» Өзаға кіл,


Тәңір берген көнесің жазаға бұл:


Көнерген сөз секілді көптен бері,


Қолданыла бермейді «Қазақауыл».


 


Астанадан аязды жырақтасың,


Демалыстың өткіздік бір аптасын.


Таксиші өзбек толқиды есіне алып,


Ақмола асқан қарагөз кластасын.


 


Жер жаңарған бүгінде, ел жаңарған.


Дүниеде бітер ме пендеге арман?


«Атамыздың бейіті сонда еді», – деп,


Түсіме енді Ғабитжан елде қалған.


 


«Қазақауыл». Қазақсыз Каттақорған,


Тарихы бар тереңде соқталанған.


Аша бергің келеді сол тарихты,


Парақшадай желіде көп қаралған.


 


 


 


 


 


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу