29.05.2024
  126


Автор: Мұхарбек Жәкейұлы

Жасын ғұмыр

Жасын ғұмыр


 


Желтоқсан құрбаны


Бақыткүл Мырзағазинаның рухына


 


І


 


Бергенінде береке бар Алланың,


Таудай еді талабың мен талғамың.


Кітап ұстап, ілім іздеп жасыңнан,


Алматыда оқу болды арманың.


 


Арасынан алға шығып алты ұлдың,


Білім қуып, биіктерге талпындың.


Маңдайыңнан мейірліне сүйетін,


Көз нұры едің Мырзағазы марқұмның.


 


Тоқтам айтқан дау-шарларға елдегі,


Алқалаған топтағы орны төрде еді.


Бағаланып төккен тері, еңбегі,


Кеудесінде жарқырайтын ордені.


 


Алматыға, беймәлімдеу шаһарға,


Беймаза қыз жүрем дейді сапарға.


Үкілеген үміті деп осы үйдің,


Үлкендері дұға оқыды жатарда.


 


Күн жайылмай түндігі үйдің түріліп,


Көңілінде мың уайым, бір үміт.


Қуанып жүр, (қайтсін енді, жалғыз қыз),


Мәрзия анаң етегіне сүрініп.


 


«Сая болған кәріге де, жасқа да,


Бір қызыңды сыртқа теппес астана.


Әй, Шопыр-ау, батаңды бер балаңа,


Жалындаған жас жігерін жасқама!». 


 


Әбілдә әкең қауқылдасып жол жайлы,


Қосып қойды: «оқымаса, болмайды».


Құла бие құрбандыққа шалынып,


Қариялар бас ұстаған қол жайды!..


 


Асқар шыңдар бұлт ораған беліне,


Алатауға құштар етті сені де.


Анаң қалды ақ жол тілеп ауылда,


Әкең марқұм жолға шықты еріне.


 


 


Аққу қонған алтын арай көліне,


Қыран ғана сән беретін көгіне.


Сұлу шаһар сымбатына елітіп,


Сен де жеттің ертегілер еліне.


 


Жол соқты боп келген жанның шалғайдан,


Самал желі иіскейтін маңдайдан,


Алма бақтар оталмаған ол кезде,


Апортының дәмі кетпес таңдайдан.


 


Тазалықтан қанып іштің шөлдесең,


Ауыл да аман, алтын бесік – ел де есен.


Онда Алматы жоғалтпаған иманын,


Әбүйірін ашпаған кез кең көшең.


 


Жаныңды ұғар жайсаң жандар маңайың,


Ұстаз да бар қырау шалған самайын.


Онда Алматы адал еді достыққа,


Сен де достың жолықтырдың талайын.


 


Көркем еткен Алатаудың бөктерін,


КазПИ-дегі студентсің көп-көрім.


Сабағыңа қалушы едің қарайлап,


Қызық қуып кеткенінде көп теңің.


 


Ата-анаңмен қалған жырақ, шалғайда,


Сағынышты хаттар ғана жалғай ма?


Алып ұшқан жүрегіңді ақ қағаз,


Құстай ұшып жеткізетін Торғайға.


 


Жүз дастанға арқау болып, бірер мең,


Жігіттер жүр – кілең шайыр жыр өрген.


Аққуын да аспандағы ән тербер,


Онда Алматы өзгеше еді, білем мен!..


 


Жатақхана, беймезгіл шақ – кешқұрым,


Онда әзірге кесілмеген қос бұрым.


«Бас қаланың бас алаңы дүрлігіп,


Бір дүрбелең боп жатыр», – деп естідің.


 


Абыр-сабыр кеткені ме басталып,


Әрі-бері сабылып жүр қасқа жұрт.


...«АХБК қалай қалсын жасқанып,


АЗВИ, СХИ жатыр дей ме басқарып?»...


 


 


 


«Тарс жабыңдар жатақхана есігін,


Тәртіпсізге болмайды ешбір кешірім!»


Белсенділер бестен кейін бүгінгі,


Ректордың жеткізді осы шешімін.


 


Онда Алматы өзгеше еді, білем мен,


Биік-биік мінберлер ғой түнерген.


Өр қазақтың жығып берді намысын,


Бір қазақты таппағандай бұл елден.


 


Қарсы тұрар болмағанмен қолда күш,


Бізді алаңға алып шықты сол намыс!


Арулар жүр тигізем деп қолғабыс,


Жігіттерге кіл жаралы жолбарыс.


 


Қысқы бақта жоғалтып ап күлкіңді,


Сен де алаңда өткіздің бе бұл түнді?


Қарлы ызғары қарымай ма бойыңды,


Солдаттар да қатулы екен бір түрлі!?


 


Ұсақталмас ұландары текті елдің,


Әскерлерге келмей-ақ тұр кектенгім...


Көзім түсіп кетіп еді әлгінде,


Жанарыңнан жарқ еткен бір от көрдім!


 


Тілін алып, қалсаң етті ағаңның,


Ешкім, сірә, артпас еді-ау, саған мін.


Сені алаңға алып келген әйтсе де,


Рухы ғой қаны Қазақ бабаңның!


 


Қаракөбең іңір түсіп қараңғы,


Қалың әскер қоршағанда алаңды.


Зәулім үйдің балконынан зар айтқан,


Ақ жаулықты көрдім ғазиз Анамды.


 


«...Мына заман қай заман? Қысқан заман,
Бақыт құсы алаштан ұшқан заман,
Елім-ай, Елім-ай.
Көк аспаннан топырақ, шаң борады,
Күні суық қаңтардан, қыстан жаман,
Елім-ай, Елім-ай...».


 


Сай сүйекті сырқыратты зар мына,


Тәңірі, өзің жар болғайсың жарлыңа.


Құлын даусы құлағыңда қап қойды,


Жан ұшыра шыңғырғанда Қарлыға.


 


Безбүйрек ит беті де жоқ бүлк еткен,


Аямады, сені де іштен бір тепкен.


Көзің түсіп кетіп еді құрбыңа,


Маңдайынан қанды көрдің бұрқ еткен.


 


Әй, иттер-ай, жіберсе ғой сабап құр,


Бір капитан аруақ атқыр – талақ түр!


«Аямаңдар, тас еденге тастаңдар,


Қарсыласса, аш иттерге талаттыр!», –


Деп ақырып бұйрық беріп қарап тұр.


 


Жарылған бас, көгерген көз, сынған қол,


Біреулер жүр: «Қой, кетейік, жылдам, бол!».


...«Қан майданға кірдің екен тартынба,


Халқың үшін, қаныңды төк, құрбан бол!».


 


Жүргеніңмен көзден қаның тамшылап,


Жігеріңді кетті осы сөз қамшылап!


Анам жатыр көздің жасын көл қылып,


Алаң жатыр қасіреттен қансырап.


 


Басқа тиген соққыны да елемей,


Желді күнгі желкенсіз бір кемедей,


«Бұрқасында» жүрген кім еді, сен емей?


О, бабалар, аруағыңмен жебегей!


 


Төгіліп қан, қанжығада бас кетті,


Сұлу құшып, сәби сүймей жас кетті.


Тексіз ит-ай, текті ұлдарын даламның,


Есірткіге еліткендер, мас депті...


 


Құтылмады бұл қуғыннан кім-кімде,


Сен де іліктің сол аяусыз сүргінге.


Желтоқсанның он жетісі, кешқұрым,


Бөлмеңе кеп кісен салды бір күнде.


 


ІІ


Тұлпар мініп, ту алған,


Қайтпаған жаудан меселі.


Дұшпанын көрсе қуанған,


Бабалар қайда кешегі?!


Алқымын орып кәпірдің,


Қылышын қанға суарған.


Нелер бір жайсаң асылдың,


Басынан өткен бұ жалған.


Жарақты жауды қашырып,


Терісін тірі іреген.


Алаштан даңқын асырып,


Азуын айға білеген.


Асыл да дінін сатпаған,


Құраннан аят жаттаған.


Алладан медет тілеген,


Ауыздықпен су ішіп,


Қар жастанып, мұз кешкен.


Жар төсектен суысып,


Ат үстінде күн кешкен.


Дабылынан бұлт көшіп,


Жебесі жауды жайпаған.


Ажалмен күнде беттесіп,


Өлсе де кеткен серттесіп,


Туар ма ерлер қайтадан!..


Шашақты найза қолға алып,


Ақ берен мылтық асынып.


Ұрысқа кірсе кәуірдің,


Сүйегі қалған шашылып.


Көзіндей болған көненің,


Тарихтан жеткен дерегің –


«Дүрі жауһар данасы»


Серігі болған Кененің.


Қараман-Түмен баласы


Ерлердің сойы сен едің!


«Ойбас» ұранды ер Шәкір,


Қызыңды қолдап демегін!


Қанауға түскен елім бар,


Қамауға түскен бегім бар.


Бәйгеге тіксем басымды,


Дұшпанда кеткен кегім бар.


Заманның жайы бұзылды,


Қолдашы, баба, қызыңды!..


 


ІІІ


 


Тырнағына тыққылап жатыр бізін,


Өшіп солай қалмақ па ақырғы ізің?


Шәкір ата, шақырам аруағыңды,


Тар қапаста таланып жатыр қызың.


 


Не кінәң бар сонша азап тартатындай?


Үш күн болды жауыздар нәр татырмай.


Дәмі келді аузыңа шөлдегенде,


Қара суы Торғайдың бал татырдай!


 


 


Абақтыда уақыт бір-ақ белдеу,


Сағат сайын бітпейтін сұрақ, тергеу.


Тәсілі фашистерден қалған тәсіл,


Бойыңа күш, жаныңа қуат бермеу.


 


Қайдан шыққан қанпезер – қас әлемге?


Аяушылық жасамас жас өренге.


Тастай су құйды-дағы тас төбеден,


Жалаңаш тастай салды тас еденге.


 


Содан ба, қос бүйірің солқылдайды,


Жендетке ауру жайын айту – қайғы.


Үш күнде көрге көнбек рас екен,


Ұмыттың әлдеқашан қорқу жайлы.


 


Сүйеніп қалғып кетті жарға басын,


Түсінде ауылдағы көрді анасын.


Жүр екен құмалақ сап, жол күтумен,


Қызынан хат пен хабар болмағасын.


 


Білсе егер жағдайыңды байғұс ана,


Қайғыдан азап шегіп, қан құса ма?..


Сықырлап ашылды, әне, темір есік,


Тағы да қайталанбақ таңғы шара.


 


Қамқоры қарындастың дейді-ау бізді,


Тағы да жалғаса ма қинау қызды?


Жүре бер, – деп ақырын жол бастады,


Айдауыл жігіт екен иман жүзді.


 


Келесің сүйретіліп тар дәлізбен,


Күндегі қайтқан із ғой барған із бен.


Ақырын көз салып ең айналаңа,


Кешегі жендеттер жүр қанға жүзген.


 


«Қайтейін, дегбірімді қойдың алып,


Шешімге әділетсіз тойды халық», –


Тіл қатты кірген бетте тергеуші әйел,


«Еш кінә таға алмаймыз мойныңа анық.


 


Қалаға бала емессің кеше келген,


Қайтейін, тағдырыңды өсек ерген.


Оқуың сыйпай қоймас маңдайыңнан,


Көрерсің енді ол жағын пешенеңнен.


 


 


 


Жағдайың солай, қалқам, мүшкіл бүгін,


Кеш қылмай, үйіңе қайт қыстың күнін».


Алайда бүгіп қалды тергеуші әйел,


Оқудан шығарғанын үш күн бұрын...


 


ІV


 


Байқалып жанарынан мұң сіңгені,


Қалыпты-ау анаңның да құр сүлдері.


Әкеңнің анда-санда уһілеген,


Төргі үйден естіледі күрсінгені.


 


Айықпас дертке ұрынды қайран басың,


Дәрігер қалай айтсын ем қонбасын?


Тәуір боп кетер ме едің кім біледі,


Тәуіпке белгілі ғой алданбасың?..


 


Солқылдап сыздата ма қос бүйірің?


Ата-анаң қорғансыздың кешті күйін.


Қиналған жанарыңа қарай алмай,


Молда отыр аударысып таспиығын.


 


Осы дерт жаныңды жеп меңдеп алған,


Шыбықтай қуардың ғой шөлде қалған.


...Үзіліп кете бардың таң алдында,


Жасындай жарқ ете қап сөнген арман!


 


Еліңе сүйей алмай басыңды бір,


Жұлдыздай ағып түстің жасын ғұмыр.


Пейіштік пейіліңе құрметі ме,


Көгіңнен хақ сәулесі – шашылды нұр!


 


Теңселтіп кәрі еменді соққан дауыл,


Балаңды бауыр етің жоқтау да ауыр.


Жас тәнін тапсырмаққа жер қойнына,


Шәкір ата қорымын бетке алды ауыл.


 


***


 


Өзімше сырын шерттім мұңлы арманның,


Мұрынын шүйірсе де нұрланған күн.


Қай кезде? Құны қалай өтеледі,


Жазықсыз жапа шеккен құрбандардың?!..


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу