Өлеңдер ✍️
Женевада қалған қыз
Сейілген жоқ Цюрихтің тұманы әлі,
Ұшағымыз кешігіп жұмадағы.
Тосқан жанға таптырмас орын боп тұр,
Терминалға қол созым сыра бары.
Бокалымыз вискиден босаған жоқ,
Құштарлықтан отырмыз есалаң боп.
Мезет сайын, сәт сайын сыр алдырып,
Қоштасудан қорқамыз қош-аман деп.
Ақсүйекке әуелден кәнігі ермек,
Будақтатып сигарын дәмі кермек.
Көк түтінге көмілген көрші столдан,
Көзін сүзген көркіңе сеньор көп.
Тас көшелі тасбауыр көне қала,
Жолықтырды біздерді неге ғана?
Енді қайтып келуім екіталай,
Жолаушыдай жоқ іздеп Женеваға.
Ұшағымыз ұшпақшы таң біліне,
Құшағымда қала тұр сәл кідіре.
Осы жолы бағынбай бір көрейік,
Швейцарлық сағаттың дәлдігіне.
Құпиямыз әзірге тұр құлыпта,
Көндіресің қамығып мұңды ырыққа.
Секундына сезімтал сыр жасырған,
Берндегі бейуаз түнді ұмытпа.
Ерке қылық көрсетіп енді ағалалап,
Сен де мені күтпейсің жолға қарап.
Женеваны көреміз түсімізді,
Жалаң аяқ жар кешкен көл жағалап.
... Жер - домалақ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter