Эсселер ✍️

  16.05.2024
  147


ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР:ЖАҚСЫ ЖӘНЕ ЖАМАН ЖАҚТАРЫ

 


Қазіргі уақытта әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Кей адамдар смартфон немесе планшет арқылы әлеуметтік желіге кіріп, кітап оқу, теледидар көру, радио тыңдаудан да көбірек уақытын жұмсайды. Бұл қызмет қызығушылықтары сәйкес келетін топтардың бірігуіне мүмкіндік береді. Бұрынғы сыныптастарын тауып алады, жаңа адамдармен достасады, солармен пікір алмаса отырып көп уақытын осы желіде өткізеді. Әлеуметтік желінің пайдалы және залалды тұстары бар. Пайдалы тұстарына келсек, ол қашықтағы басқа қаладағы, алыс елдегі адамдармен, таныстарыңызбен жедел тілдесуге оңтайлы құрал. Өзара пікір ғана алмасып қоймай, өміріндегі жаңалықтарымен, суреттерімен бөліседі. Интернеттегі қызықты жаңалық, сайттар, кітаптар, кинолардың сілтемелерін ұсынады. Әлеуметтік желі арқылы танысып, отау құрып жатқандар аз емес, осы құралды пайдаланып жұмыс іздеу, табу да жеңілдеді... Енді залалды деген тұстарына тоқтала кетсек. Кей адамдардар виртуалды өмірдегі таныстыққа беріліп кеткендігі соншалықты, отбасы мүшелерімен, әріптестерімен, достарымен аз тілдесіп, оларды тіпті байқамай қалуы мүмкін. Осыған қатысты жағдайды мына әзіл дөп береді. «Бүгін жарық өшіп қалды, отбасымызбен бірге отырып әңгімелестік, туыстарым жақсы кісілер екен», депті біреу... Кейбір жастардың көп уақыты желіде өткен соң, жұмысы, оқуы кейінге қалып ақсай бастайды. Осыдан бас тартып, уақытын үнемдей алу, тәуелділіктен арылу желі пайдаланушысына оңайға соқпайды. Бұл да адамның өзін өзін ұстауына, жеке тәрбиесіне, тәртібіне байланысты. Желіні пайдаланушылар да біркелкі емес. Олардың арасында негатив таратушы, өмірден түңілгендер аз кездеспейді. Сондықтан әлеуметтік желіні өлшемді пайдаланып, осы құрал ұсынатын пайдалы жақтарын өз қажетімізге жаратуға бейім болу керек дейді, тәжірибелі пайдаланушылар. Достардың бөліскен пайдалы кеңестер, жазбалар, сілтемелерін егер өзіңіз уақыт жұмсап іздесеңіз қаншама күннің сарп болатынын есептеп шығу қиын емес. Айталық, досыңыз сілтемесін бөліскен қызықты кітаптың, киноның дүниеде бар-жоқтығынан бейхабар болғандығыңызды еске алсаңыз да жеткілікті. Бұл - әлеуметтік желінің жақсы тұстарының бірі. Оның білімді-білікті жетілдіруге, оқуға бағыттау - біздің міндетіміз. Әлеуметтік желі - коммуникация құралы. Алайда бізге неге етене жақын болып шықты? Несімен баурап алды? Сөйтсек оның астарында да терең психологиялық реңк бар болып шықты. Мысалы, осы мәселені зерттеуші ресейлік ғалым Александр Прохоровтың зерттеуіне қарасақ, түрлі әлеуметтік желіні қолдануды америкалық психолог Маслоудың сұраныс пирамидасы арқылы қарастыруға болады. Олардың қатарында, адамның пікір айтуы, өзін танытуы, өзгелерге сыйлата білуі, өзіне сенімді болуы, достардың болуы, туыстық қатынас, сыйластық, қауіпсіздік тағысын тағы деп жалғастыра беруге болады. Яғни, әлеуметтік желі тек қатынас құралы ғана емес, адамның өзіндік келбетін қалыптастыру, өзін өзгелерге таныту және жұртпен білетінін бөлісу алаңы. Сонысымен де құнды. Ендеше оны жақсы тұстарын қажетіне жарату әркімнің өз еркіндегі дүние екендігін көреміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу