Эсселер ✍️
Мамандық таңдау – маңызды мәселе
Адам баласы өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек болса, соның бірі мамандық екені көпке аян. Мамандық таңдау – мына жаһандану заманында қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген өте өзекті тақырыптардың бірі.
Мамандық таңдау үлкен жауапкершілік. Мамандық таңдауда үш нәрсеге баса назар аударғанымыз дұрыс. Олар: қызығушылық, қалау, қабілет. Егер таңдау барысында осы үш дүние бір жерде тоғысқан болса – бағыңыздың жанғаны.
Мамандық таңдау. Осы сұрақ төңірегінде ұстазымыз сауал жолдағанда ат тонымды ала қашатын едім. Бірақ, қазір ойлап отырсам жүйрік аттай жүйткіп өте шыққан уақыт аралығында он бірінші сыныпқа да қадам басыппын. Демек, бұл- санаға сілкініс жаса деген ұғым. Шырмауықтай шырмалған ойларға салынып, қандай мамандық таңдаймын деп бас қатырып жүргенімде, теледидардан “ұстаз мәртебесі” көтерілетінін көзім шалып қалды. Бала күнімде ұстаздыққа қатты қызығатынмын. Бірақ, анамның күндіз-түні жазудан бас алмай, сүріне жығылатын көргенімде бұл ойымнан айныған едім. Бірақ, жоғарыда аталған қуанышты жаңалықты естігенімде “ұстаздық” жолды таңдаймын деп бел будым. Осы орайда сіздің тараптан “неліктен?” деген сауал туар. Оған төмендегідей жауап беріп өтсем:
Өз мамандығына деген сүйіспеншілік қана адамды абырой биігіне жетелесе керек. Жалпы, ұстаздық ең қадірлі де қасиетті мамандық. Себебі, ұстаз – қоғамды алға сүйрейтін озық ойлы адамның тәрбиешісі. Жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Менің болашақ ұстаздық жолда ұстанатын ұстанымым: «Ақыл - адамды аздырмайтын ем, білім - таусылмайтын кен, Адамның басшысы - ақыл, жетекшісі -талап, шолғыншысы - ой, жолдасы - кәсіп, қорғаны - сабыр, қорғаушысы - мінез».
Қорыта айтқанда, тәрбиенің үш бұлағы бір арнаға құйылса, онда оның суы да мөлдір, тұнық болмақ. Сондықтан «өз бақытың - өз қолыңда» - демекші жарқын болашаққа жол табу өз еншіңде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter