Эсселер ✍️

  16.05.2024
  816


Менің педагогикалық ұстанымым: мәні, құндылықтары, басымдылықтары

 


 


       Болашағына жоспар құрмайтын жан жоқ шығар?! Себебі, өмір-құпиясы мен қызығы, қиындығы қатар тұратын тылсым дүние. Заманның дамуына қарай жас Қазақстан тек алға жылжуда. Еліміздің болашағы-жастар. Білімді ұрпақ тәрбиелеу білікті, шебер ұстаздардың қолында. Ұстаз ғылыми ізденіс пен тәжірибені қатар ұстайтын іскер жан болуы керек.


      Заман талабы ұстаздың алдына үлкен міндет қояды, оны арқалау оңай емес. Ең алдымен ұстаздың өзі терең ойлай білетін, сын тұрғысынан пайымдап, бағалай алатын, ойы жүйрік, қыран құстай қырағы болуы керек деп ойлаймын. Өзінің шәкірттерін заман талабына сай озық ойлы шәкірт деңгейіне жетелеу үшін бар күш-жігерін, білімін сарп етуі тиіс. Егер ұстаздың деңгейі тереңінен ойлауға жетпесе, онда оқушы қайдан ол деңгейге баспалдақ табады? Мұғалімнің әр сабаққа дайындаған тапсырмасының өзі бірқалыпты деңгейде болмауы керек. Сол себепті шығармашыл оқушыға күрделі әрі сыни тұрғыда ойландыруға жетелейтін тапсырмалар беріп отыруы керек. Осыдан барып біз баланы алған білімін өмірде қолдана алатын тұлға ретінде қалыптастырамыз.Сапалы білім берудегі негізгі міндет те, мақсат та осы. Ерінбей ізденіп, талмай еңбектенсек, алтын ұядан қанаты талмайтын, биікке, тек алға самғайтын шәкірттерді ұшыра аламыз! «Ұстаз еңбегінің жемісі-шәкіртінің жеңісі»,-демекші біз осындай шәкірттерді тәрбиелесек, ол-біздің еңбегіміздің еш кетпегендігінің белгісі. 


      Ұстаз мамандығының мәртебесін көтеру өте маңызды. Өз мамандығын сүйетін, шәкірттердің жүрегіне жол таба алатын ұстаз ғана табандылық танытып, биіктерге өрлей алады. Ұстаздық жолға бет бұрған соң, оның міндетін түсініп алу өте маңызды. Бұл мамандыққа үстіртін қарауға болмайды, дегенмен бұл мамандыққа өз қалауымен келмеген ұстаздар да баршылық.Ол-үлкен қателік! Өмірде дұрыс бағыт таңдау өзіңнің де өзгенің де болашағы үшін өте маңызды. Ұстаздық-дара жол, даңғыл жол! Бұл жол қажырлы еңбек пен үнемі ізденімпаздылықты талап етеді. Ұстаздың да ұстазы бар! Өз кәсібін сүйетін адам ғана өз ісінің шебері болмақ!


Өз ойымды Сенеканың «Егер адам қандай айлаққа жолға шыққанын білмесе, онда оған бірден-бір жел көмектесе алмайды» деген сөзімен аяқтағым келеді. Нық сеніммен айта аламын. Мен-өз мамандығымды сүйетін, қандай қиыншылығы болса да төзетін, қадірін жете түсіне алатын және еш уақытта бұл мамандықтан бас тартпайтын кемеңгер Ұстазбын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу