Өлеңдер ✍️

  11.04.2024
  149


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Қонақ келгенде

Шаршасам да болдырып,
Күндiз сыртта көп жүрем.
Көкжиекке телмiрiп,
Қонақ келсе деп жүрем.
Қонақ келген күндерi


Бiздiң үйде мереке.
Жайнап заттар үйдегi,
Кiредi кеп береке.
Әжем, жүзi құлпырып,
Жасарып тым кетедi.
Отырмайды iркiлiп,
Шоланға
Тез жетедi.
Шойрылмайды белi де,
Бүгiлмейдi ақсаңдап.
Сүрiнбейдi демiге,
Жүгiредi ас қамдап.
Өрiк-мейiз, науат та
Алдымызға толады.
Дастарқанды заматта
Ол әзiрлеп қояды.
Сонсоң тiзе бүгедi Бiр шеттен кеп өзi де.
Күлiп құлақ түредi
Атамдардың сөзiне.
Айтылады күн қайда,
Жұлдыз бар ма жерге тең...
Айтылмайтын мұндайда
Әңгiмелер кемде-кем.
Атам, жүзi нұрланып,
Қонақты аз тыңдаса-ақ:
– Әңгiмеге бiр қанып,
Қалдым, – дейдi, – бiр жасап.
Қарап тұрып мен де ендi,
Әлденеге аптығам.


Бiр күш кернеп кеудемдi,
Ұшып кетпей шақ тұрам.
Күшi екен бұл ненiң,
Көңiл бекер таса ма?
Көбейiптi бiлгенiм,
Өсу деген осы-ау, ә?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу