Өлеңдер ✍️
Танаш атай
Атай бiзге құштар-ақ,
Көрсе, әзiлдеп ойнайды.
Шашың өссе, ұстап ап,
Алғызбасқа қоймайды.
Шақырады ашуды,
Мейiрбандық қылмайды.
Аямайды басыңды,
Ұстарамен қырнайды.
– Жұртты тыңдап тұрсаңдар,
Машинка жөн деседi.
Ұстарамен қырсаңдар,
Қалың болып өседi, –
Дейдi де ол күлiмдеп,
Балаларға қарайды.
Ал, балалар гуiлдеп,
Ырза болып тарайды.
Бастарында түк қалмай,
Мақтап бәрi атаны,
Бiр зауыттан шыққандай,
Кетiп бара жатады.
ЕСКЕРТУ: Біздің бала кезімізде ауылда шаштараз дейтін болмайтын. Жұбайлары майданда қайтыс болған әйелдер асыққанда балаларының шашын қой қырыққандай қайшымен алып, мектебіне аттандыра беретін. Шаш алудың қас шебері Тамабай ата еді. Алдына барған балалардың меселін қайтармайтын. Ұстарасын белдігіне жанып-жанып алып, құлшына кірісіп кететін. Шашын алып тұрып, баланы небір қызықты әңгімелерге кенелтіп, ырза етіп жіберетін. Еңбегіне ақы алу деген ойына кіріп-шықпайтын. Балалардың құрметіне бөленген сол Тамабай атамыздың есімін сәл өзгертіп, өлеңге қосып отырмын. Аруағы ырза болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter