Тақпақтар ✍️
Кiшкентай астрономдар
Көкем бiзге:
– Күн бүгiн
Тұтылады, – деп едi,
Бақылап жүр күндi iнiм,
Мойнын соза бередi.
Тұтылар кез басталды,
Қас қарайып барады.
Тамашалап аспанды,
Жұрт әрқалай қарады. Бiреу көрдi қоп-қоңыр
Көзәйнегiн киiп ап.
Ендi бiреу текке жүр,
Көзәйнексiз қиын-ақ. Бiр балалар айла еттi,
Айласы асты көбiнен.
Ыстап алып әйнектi,
Сығалап жүр сонымен.
Қызықтап тұр күндi әркiм,
Тынып қапты үш бала.
Айтуынша бұлардың
Күн шар емес, мыс таға.
Есiттi де мұны iнiм,
Ғайып болды жалма-жан.
Терезенiң сынығын
Тауып келдi ауладан.
Сабан әкеп от жағып,
Жалынға тез ұстадық.
Тағы үстiне шөп салып,
Қап-қара ғып ыстадық.
Шыны астында меже – күн,
Күнге алғаш мен қарадым.
Күттi iнiм кезегiн,
Түйiп алып қабағын.
Сырын аспан жайып сап,
Күреңiттi бiр түрлi.
Жаңа туған айға ұқсап,
Қияқтай боп күн тұрды.
Етегiмнен жұлқылап,
Айырылды iнiм төзiмнен.
Үш айтса да бiр тұрмақ,
Тыңдамадым сөзiн мен.
Ақыры ол шыңғырды,
Сосын тiптi қысылдым.
Қарайтылған шыныны
Амалсыздан ұсындым.
Қарады да ол үңiлiп,
Аттап түстi iлгерi.
– Ойпырмай,
Күн қиылып,
Туайын деп тұр! – дедi.
Әйнек сұрап,
Бiр-бiрiн
Балалар жүр қуалап.
Ұғынуға күн сырын
Барлығы да құмар-ақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter