22.03.2024
  57


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Адъютанттар

Сиырлардың жонына
Оқыра құрт шығады.
Ұзақ оған қонып ап,
Тұмсығымен сұғады.
Топырлатып қырады,
Жей бередi құлшынып.
Қозғалмастан тұрады
Сиырлар да сүйсiнiп.
Түсiнедi бiр-бiрiн,
Ұзақ әбден тояды.
Осылай ол сиырдың
Адъютанты болады.
Ал бiрқазан ашығып,
Шұрылдаса iшегi,
Балық жеуге асығып,
Әбiгерге түседi.
Осы кезде жетедi
Дос суқұзғын – сыңары.
Бiрге жүзiп екеуi
Айдын көлге шығады.
Келе сала суқұзғын
Балықтарды састыра,
Аққанындай жұлдыздың
Сүңгидi су астына.
Ал бiрқазан сабырмен
Бақылайды жолдасын.
Тазалайды тамыр мен
Шөп-шаламнан дорбасын.
Суқұзғын оқ аумаған,
Атылады олжаға.
Балықтарын аулаған
Салады әкеп дорбаға.
Бiрқазанның дорбасы
Оңай тола қоймайды.
Толу үшiн жолдасы
Тереңге сан бойлайды.
Суқұзғынның тiрлiгi
Кейде өнбей, құр лағып,
Қиындайды сүңгуi
Қауырсыны суланып.
Таусылса оның амалы,
Әрi-берi құр жүзiп,
Бiрқазан кеп алады
Арқасына мiнгiзiп.
Сосын досы мүлгидi,
Тынығады көп тұрып.
Суға қайта сүңгидi
Үстiн әбден кептiрiп.
Толтырған соң дорбаны,
Жағалауға жетедi.
Жерге үйiп олжаны,
Бөлiп жейдi екеуi.
Жүре алатын күн ұзын
Дорбаға жем салып ап,
Бiрқазанға суқұзғын
Болады өстiп адъютант.
Қолтырауын қызығы
Басқалардан бiр бөлек.
Күн көзiне шыжиды
Жағалауға күнде кеп.
Бұғып судың iшiнде
Аңдиды да жағаны,
Келетiн су iшуге
Аң, құстарды қағады.
Қанша жыртқыш дегенмен,
Мейiрiмiн ұсынар,
Құрметiне бөленген
Оның да дос құсы бар.
Құсы келiп қонса да,
Тұмсығының ұшына,
Қаншама аш болса да,
Тимейдi өз құсына.
Балық аулап, аң аулап,
Қарны тойса кей-кейде,
Ұйықтай алмай манаурап,
Басады ол гөй-гөйге.
Тiсi сыздап, «аһылап»,
Жанына тым батады.
Сосын құсқа жақындап,
Аузын ашып жатады.
Аунаса да құрылдап,
Одан құсы қашпайды.
Қайта аузына кiрiп ап,
Еттердi жей бастайды.
Лаңы көп құсының:
Бiр шоқып, бiр «билейдi».
Батырса да тұмсығын,
Оған әсте тимейдi.
Есiнейдi сүйсiнiп,
Айызы әбден қанады.
Кеткеннен соң құс шығып,
Жайлап аузын жабады.
Ажырамай екi елi,
Сайланғандай алып ант,
Бiр-бiрiне екеуi
Болады өстiп адъютант.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу