Өлеңдер ✍️
Жарамазан Жарапазан
Ақ тауық қара тауық қырман шашар,
Осы үйде бір жеңшем бар тіллә шашар,
Тілләсін шашпай төкпей қолыма бер
Қасымда қу балдар бар ала қашар.
Айтамын жарамазан ауылыма
Ауада заулап соққан дауылыма ,
Отыз күн ораза тұт, намаз оқы
Пейіштің қолың жетер қауынына.
Айтамын жарамазан жар басына,
Кіренде қауын артар арбасына,
Отыз күн ораза тұт, намаз оқы
Пейіштің қолың жетер алмасына.
Мекеде бір ағаш бар басы күйген,
Жайқалып жапырағы жерге тиген,
Осы үйде бір ағам бар құдай сүйген
Пайдасы ол адамның жұртқа тиген.
Айтқанмен жарамазан тоямыз ба,
Кәдесін бұрынғының қоямыз ба,
Қой берсең, қозы берсең жарасады
Апарып аузашарға соямыз ба.
Осы үйдің шаңырағы шап шақ қана,
Ішінде бір жеңгем бар аппақ қана,
Береді бізге сыйлық сақтап қана
Кетеміз жеңешемді мақтап қана.
Анау үйге барып едім тайлақ берді
Тайлағын ала жіпке байлап берді.
Әкесі жұмсап еді, таяқ алып
Баласы әудем жерге айдап берді.
Анау үйге барып едім лақ берді,
Баласы бермеймін деп жылап берді,
Баласы бермеймін деп жылағасың
Әкесі қалтасынан пұл ап берді.
Мінгені пайғамбардың есек дейді,
Қолында қара түйір кесек дейді,
Отыз күн ораза тұт, намаз оқы,
Сауабын ана жақта есептейді,
Махамбет үмбетіне жарамазан!
Бата
Бата бата батпасын,
Бата жерде жатпасын,
Ар жақтан келсін бес жүз қой,
Бер жақтан келсін бес жүз қой,
Бәрін қосып мың болсын,
Суарамай түн болсын!
ӘУМИН!!!
Ел аузынан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter