Шығармалар ✍️
Наурыз думан тамаша
Наурыз — тек біздің ғана емес шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы болып саналады. Бұл күн, яғни наурыз айының 22 ші жұлдызы күн менен түн теңелетін біздер үшін Ұлыстың ұлы күні. Айналамыз жасыл-желекке айналып, жанымыз жаңарғандай күй сыйлайтын сәт деп осы наурыз мерекесін айтар едім. Бұл біздің жаңа жылымыз. Наурыз деген сөздің өзі «Жаңа күн» деген мағынаны береді екен. Яғни бұл күнді біздің жаңарған, жаңа күн десек қате айтқанымыз болмас.
Бұл Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін ерекшелігі салт-дәстүріміз жанғырып, ұлттық ойындар ойнатылады. Олар: көкпар, теңге алу, қыз қуу, қазақ күресі, арқан тарту, алтыбақан тебу деген сияқты түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Расында да, еліміздің түкпір-түкпірінде тойланатын наурызымыз есте қалатындай думан тойға айналатыны сөзсіз.
Тарих беттеріне үңылер болсақ, Шығыс данышпандары Махмуд Қашқари, Омар Хаямнан бастап өзіміздің ұлы ақындарымыз Абай Құнанбаев, Алихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлтымыздың қайраткерлері осы Наурыз туралы еңбектер мен өлеңдер, асыл сөздер қалдырған. Бұл дегеніміз, Наурыз мерекесі көптеген жылдар бұрын қазақ жерінде жаңа жыл болып тойланғанын білдіреді.
Ендеше, бүкіл түркі елдері мен шығыс елдеріне тән біздің жаңа жылымыз Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Ұлыс оң болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter