07.03.2024
  175


“АТА ДӘСТҮРІН ЖАЛҒАСТЫРАР ҰРПАҚПЫЗ”

Атыңнан айналайын атам қазақтың сонау тылсым заманнан бері өмір сүріп, осы уақытқа дейін небір аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан өткізіп келе жатса да кейбір ұлттар сияқты тарихтан өшпей келе жатқандығында өзінше бір сыр бар секілді. Осының бәрі кең пейілдігіміздің, адалдығымыздың, кең байтақ жеріміздің табиғатына байланысты өзіндік жазылмаған, бірақ та өзіміздің қанымызға тән табиғи заңмен өмір сүргенімізден ғой деп ойлаймын.
Қазақ халқы өте сөзге жүйрік, қиялшыл халық. Бізге жазу, сызу келмей тұрған бірнеше ғасыр бұрын ертегілер, аңыздар, небір жеке айтыстар болған және солардың азғанасы ғана бізге жеткен. Әсіресе мақал-мәтелдерді айтсаңшы. Мақалдатып сөйлеу бізге ғана тән қасиет. Мақалдың шығуы он жылдың немесе бір ғасырдың жемісі емес. Ол арыдан келе жатқан өмірдің ағымынан, тұрмыс-тіршіліктің, өзара қарым-қатынастың, баршылық- жоқшылықтың, бастан өткен ауыр тауқыметтің жағдайлардың қорытындыланып, екшеленіп алынатын сөз түйіні. Қазақта мыңдаған мақал-мәтелдер бар.Соларды талдай отырып кейбір оқымыстылардың қазақтың пайда болу тарихын арыдан іздемеуіне таңқаламын.
Бірнеше ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан осындай ұлы халықтың өзіндік үрдістері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің ұмыт бола бастауы мені өте қатты қынжылтады. Санаңызға салып отырсаңыз ертеде біздерде сот, прокурор және полиция деген болмаған. Өз табиғи үрдісімізбен өмір сүрген едік. Елде керемет тәртіп болған. Үлкеннің айтқанын орындау, сөзге тұру, ізеттілік, тағы осы сияқты қағидаларды сақтауымыздың өзі біздін ұлы халықтың осы күнге дейінгі өмір сүруінің сыры осында ма деймін.
Кешегі қызыл империяның тұсында осы салттарымыздың көбісінен жұрдай болдық.Барлық іс-әрекеттеріміз орысшаланып, тіптен тілімізден, дінімізден айырыла бастадық. Жаратқанға тәубе, егемендік алғалы бері дініміз қайта оралып, көптеген мешіттер ашылып, жастарымыз діни оқуға ден қоюда. Қазақша діни кітаптар көп, қалай үйренемін десе де мүмкіндік мол.
Ал ескіден келе жатқан салт-дәстүрлеріміз қайда? Туысқан, жора-жолдас, жекжаттар арасында жасалатын жол-жорықтарымыз ше? Бізде сәлемдесудің жолы қалай? Менің бір жерден оқығаным бар, кіші сәлем береді, үлкен кісі қабыл алып қолын берсе ғана кіші кісі қолын созуы керек деген. Осы дұрыс па?
Рулы елдердің қарым-қатынасы жақсы болсын деп көңілі жақын адамдар бесік керті құда болған. Шілдехана той, бастаңғы, тұсау кесер, ұл той, қыз ұзату, келін түсіру осылардың өзіндік ерекшеліктері қалай болады, бұрын қандай жол-жорықтармен жасалғанын біздер біле бермейміз.Тағы да құда түсу жолдары, шеге шапан дегені бар еді ғой. Күйеу ас, келін ас және неге күйеуге төс береді екен? Мал сойғанда әр қонаққа жолына қарай сыбағасы берілген. Он екі жілік кімдерге қалай беріледі? Мұны өз басым анау айтқан ажырата алмаймын. Баяғы кездерді екі адам дос болу үшін жілік ұстасып серт береді екен. Жілік ұстасу себебі неде?
Піскен басты берудің тәртібі де айтып өтілсе жақсы болар еді. Кей жерлерде ауыл қариясына, кейбір жерлерде молдаға береді
екен.
Шежіре жазып біздерге жеті атамыздан ары қарай мағлұмат беріп жүрген ағаларғада көп рақмет. Дегенмен осы өзіміздің қазақы ескіден келе жатқан дәстүрімізге қалам тартқан азаматтар жоқ. Ескінің дәмін татқан ақсақалды аталарымыз бен аналарымыз бар. Солардан осы әдет-ғұрыптарымызды сұрап алып келешек жастарға айту біздерге парыз әрі міндет.
Ата дәстүрін ұмыту жас ұрпаққа үлкен сын.Сондықтан әрбір саналы азамат жол-жорықтың бәрін білмесе де, өз білгені мен көргенін "Аталар дәстүрі" деген тақырыппен ой бөліссе.Танымдық, тәрбиелік мәні бар сарқылмас асыл, ұлы қазына салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды бағалайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу