Өлеңдер ✍️
ОТЫЗ ЖЫЛ
Мына мұңым дос боп, қуанышым өгей боп,
Отыз жылым өтті отыз күнге теңдей боп.
Жастығымның бір бөлігі Алатаудай асқақтап,
Бір бөлігі сән бермеді қонағы жоқ төрдей боп.
Армандар да қарша жауып сіңген талай көңілде,
Өлім келмей үміт өшпес мына сылқым өмірде.
Жүрек құшып, мұңмен тулап, қуанышпен қалқыған,
Бұл өмірде шеке қызған асау күндер көп бізде.
Тарихтарға куә болған түз далаға телміріп,
Өткен күнге көкпар тарттым сағынышпен ентігіп.
Шеке қызған күндерімде елес болған бос арман,
Құшақ жайды-ау, бір кездері кеткен баққа сендіріп.
Алтын күндер аясында тағдырымен жұлысып,
Бозбала жүр қиялдағы ертегіге тырмысып,
Кеудесінен тесіп шыққан жырын салып бәйгеге,
«Ақын» - деген азап өмір жанарынан нұр үзіп.
Атақ-даңқы ғасыр асып санамызда жаңғырған,
Бір уыстай сезім үзді сырға тұнған тағдырдан.
Қара мысық жолын кезіп кетті ме екен білмедім?
Үзім сезім үзеңгілес жүрегінен жаңылған.
Өткел уақыт маңдайына үзік-үзік жол салып,
Бала дәурен тауқыметін мүсін қылып орнатып.
Келешекке үміт жегіп аттандырған жылдар-ай,
Өткен күннен бозбаланың ғұмырымен толғатып.
Отыз жылда мұң мен үміт қатар шапты құламай,
Жастық шақ-ай, өте шықтың менен рұқсат сұрамай.
Уақыт, шіркін, мұңға бөлеп тұрсадағы көңілді,
Үміт оты жүрегіме жылу сыйлап тұрған-ай!...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter