Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған жылдық бақылау
Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан жыл бойы алған білімдерін тексеру.
Үміт
Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, "Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа" деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.
(К.Өмірбаева.Диктанттар жинағы.2008ж. 92 сөз)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар :
ІІІ деңгей.
- Мына сөздерден жұрнақтар арқылы сын есім жасап, сөз тіркестерін құрастырыңыздар.
І нұсқа. Адам, өнер, қабілет. ІІ нұсқа. Білім, бала, қанат.
- Берілген сөздерге фонетикалық талдау жасаңыздар
І нұсқа- әзір. ІІ нұсқа-тілеуі.
- Мәтінде кездесетін шылау сөздерді тауып жазып, оның түрін анықтаңыздар.
ІІ деңгей.
- Берілген сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыздар.
І нұсқа- Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын.
ІІ нұсқа- Оны елемей кетер ойдан да аулақпын
- Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыздар.
І – нұсқа. . Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын.
ІІ - нұсқа. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді.
І деңгей.
«Болашақ мамандығым» тақырыбына шағын әңгіме құрастырыңыздар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter