Әңгімелер ✍️
Қос қанат
Ол мені аға деп сыйлайды. Мен оны Азамат деп қадірлеймін. Менің шығармаларымды оның кей-кейде іздеп оқитынын білем. Ал мен онымен жыл аралатып іздеп кездесемін. Өйткені ол әсемдікке құмар жан. Сұлулыққа табынған жан. Өзі қандай келбетті болса, жан сарайы да сондай көркем. Және де ол өте намысшыл. Жақсы мағынасындағы намысшыл адам. Ал намыс — жан қайраты. Жанып отырмаса, намыс та мұқалмақ. Сол намысын мұқалтпайтын азаматтық парызы оның кеудесіне шырақ орнатқан. Намыс пен парызды қабат жеккен оның көкірегі — ән мен күйдің кеніші.
Ән мен күй ылғи да әсем. Ал әсемдікке еліткіш көңіл әманда сыршыл. Оның сыршыл көңілі Шортанбай, Тәттімбетті ардақ тұтқан. Маясар ақынды, Қыздарбек, Әбди, Сембек күйшілерді ұғындырған. Сол атаусыз қалған жерлес күйшілерінің мұрасын іздеттірген оған. Таптырған, халқына табыстауға талпындырған. Қыздарбек, Сембек, Әбди күйлерінің болашақ ұрпақтың игілігіне айналарынан үмітін үзбейді. Сенімін жоғалтпайды. Үміт пен сенімнің тілі — күй. Күй рух пен жанның елшісі де. Ол: "күймен ауызданған сәби сойылға ұмтылмас" деумен келеді.
— Софеке, сіздің бір кітабыңызда "Ән — өкініш пен сүйініштің перзенті. Күй — күйік пен шаттықтың сығындысы" дегеніңіз ылғи көкейімде жүреді. Бұрын ән көзден жас тамызатын. Ол — қуаныш яки реніш жасы болды мүмкін. Күй күрсінтетін, күй шалқытатын... Ал қазір... Күй жоқ. Әннен мән қашқан. Сазы мақау, сөзі мылқау әнде қандай қасиет болсын, — деп үнсіз қалды да, қарсы алдымыздағы көбігін бұрқырата тынышсыз толқыған Балқаш көлге — Көкше теңізге көз жіберді. Тынымсыз толқыған теңіз тынымсыз толқыған ойымен үндесе ме, жүзіне жылу орнап, көзіне жылт оралды. Енді сыршыл жанның сыры ақтарылды. — "Көкше теңіздің жағасында алқызыл тулар желбірейтін. Тұрғындарының жүзінде алаулап нұр ойнайтын. Жеңіс күйі жүректерді дүрсілдетіп, кеуделерде күмбірлейтін" дейді сексеннің жетеуіндегі бұрынғы еңбеккер, бүгінгі зейнеткер көршім. Жай ғана айтады. Бірақ көмейіне көмілген ащы сұрақ барын сезем.
Ауырған жанымен мынау есік-терезелері тарс бекітілген үйлерден төгілетін сәбидің әсем күлкісін аңсайтын болар. Анау цехтың, сонау өнеркәсіп ордасының бүгінгі тым тырс мешеулігінен сескене, іштей күрсініп, бұрынғы еңбек күйінің қоңырқай да болса жүрекке жылы сарынын көксейтін болар.
Ал өзі... нағыз тарих. Қарапайым ғана еңбек торысы, бірақ тірі тарих. Жас кезінде қиял құшағына енді ме екен ол... білмеймін. Ғасырлар бойы тылсым қойнына тығып, қазынасын жұрт көзінен жасырған төбені, 517 тонна... бес жүз он жеті (нықтап қайталады) тонна қопарғыш дәрі қойып, кеншілердің ертегіден де артық құдіретімен төңкеріп тастауы қандай ғажап! Димекеңмен, Димаш Ахметұлы Қонаевпен бірте қопарған ғой Қоңыратты.
Кейін 1938 жылдың 23 сәуірінде Балқаштың алғашқы мыс концентратын да құюға қатысқан. Халқының ұрпағынан ұрпағына табыстап келген арманды өсиетін орындап, алғашқы мысты қолына ұстағандағы қария көршімнің кеудесін кернеген қуанышты сіздер, ақын-жазушылар ғана қағаз бетіне түсіре аларсыздар, мен жеткізе алмаймын...
Ал, мынау Сарышыған... Полигон... Қалқан. Есе алам, үлес, талабымды қарумен, стратегиялық ракеталармен шеше алам дейтін өктемшілдерге тосылған берік қалқан. Елбасының өзі... Қарулы күштердің Бас қолбасшысы Нұрекең аға Назарбаевтың осы Сарышыған полигонына баса назар қоюы — ел іргесінің беріктігіне, бейбіт тірлігінің бұзылмауына үлкен кепіл.
Өткен жылы байырғы Қоржынтүбекке орналасқан Приозерск қаласының қырық бес жылдығына арналған мерекеге қырық беске жуық генерал қатысты десем шындықтан ауытқымаспын. Әрине, оның көбісі Ресей Федерациясының өкілдері ғой. Мемлекеттеріміздің коллективтік қауіпсіздігін нығайту жолында әуе шабуылынан қорғаудың небір жаңа тәсілдерін көрсеткен биылғы жылғы Сарышыған полигонында өткен әскери жаттығу сынақтарына арнайы қатысқан Елбасының ойынан шыға алғанының куәсі болдық. Президентіміз Қарулы күштерді нығайтуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Бір ғана мысал. Соңғы жылда Қазақстанда полктың жаттығу ойындарына небәрі 10 мың әскери ғана қатысса, биылғы бірінші жарты жылдықта осы жаттығуларға 30 мыңнан астам жауынгерлер қамтылыпты.
Ол маған жүзін бұрды. Көзінде ырзалық нұры әлде сенімділік нышаны тұрған-ды. Ырзалығы да, сенімділігі де маған әрі түсінікті де болды. Әрі ұнады. Енді мен Сағынбайға, Приозерск қаласының әкімі Сағынбай Мұкатайұлы Медеубаевқа өз ризашылығымды жеткізуге асықтым.
— Мен де саған қатты ризамын, бауырым.
Сағынбай дәл осындай бетке мақтар "ырзалықтарды" ұнатпай ма, жүзі құбылып, қозғалақтап қалды.
— Сіздерді ырза етерлік не істей қойыппын. Кейде қол қысқалығы, кейде қаражат тапшылығы қинай береді-ау.
Әйтпесе... — тағы кідірді. Сұңғақ денесі сәл дір етті де, адамды үнемі өзіне тартып тұратын жылулы жанарға кіреукеленіп көмескі көлеңке орнады. — Әйтпесе мынау шалқар көл, анау жайын дала жан-жануардың пейішіне айналар мекені ғой...
— Оралмандарды оралтып, өзге де жұмыссыз қалғандарды маңайына топтап, қолыңнан келгенше көмегіңді аямай жатқаныңа қанықпын. Ол да азаматтығыңның бір қыры ғой, Сатынбайжан. Қалаң жайнап, ана тілің сайрап, қаракөздерің күн санап көбейіп келеді. Ал енді мынау қаңырап босаған үйлердің есік-терезесін кірпішпен қалап, сылап, сырлап қойғызуың тіпті ғажап!..
— Қолдан келгені осы ғана...
— Бұдан артық не істеуге болар. Талай жерде, талай құлазыған қала, қаңыраған көшелерді мен көрмеді деп пең.
Сол босқындардың босаған жұртында қалған үйлердің өліктің көзіндей мөлиген қуыс терезелерінің үңірейген орны, опырылған қабырғаларының арса-арса қаңқалары көрген жанның жүрегін тітіркендірмейді деймісің. Ал, сен...
Ұсақ-түйек ештеңе жоқ. Әр ұсақ-түйекке осындай үлкен жауапкершілікпен қарау — ірі істің баспалдағы ғой. Босаған үйлерің бәз-баяғы қалпында. Есігін бұзғызбай, терезесін жұлғызбай сақтап отыруың ертеңіңе сенуіңнің,ел келешегіне үміт артуыңның кепіліндей-ау, бауырым. Осы үйлерге қандастарыңды орналастырып, қам-қаракет жасап, жұмыс тауып беруің — тек әкімдік міндетің ғана емес, адамгершілік қасиетің де. Ал адамгершілік қасиет ерлікпен ағайындас.
Сағынбай тағы да бас шайқады. Бетіме қарап сәл күлімсіреді.
— Ерлік — елдік қасиеттен туындайды. Ел қасиеті ерін туғызады. Ел-ана ұл-қызын еңбекте шыңдайды. Еңбек арқылы ерлікке баулиды. Рас қой осым, ата?
— Рас! Ерліктің елдік қасиеттен туындайтыны рас.
Қалай дәл айттың! — деп Сағынбайға риза боп қызыға қарадым.
Сағынбай енді рахаттана күлді.
— Оу, Софеке! Бұл сіздің сөздеріңіз ғой. Жаттап алғам.
Енді мен күлейін. Әрине өз жазғанымды өзімнің ұмытқаныма ыңғайсызданам, бірақ әкім інімнің жадына сақтап жүргеніне ырзалықпен күлдім білем.
— Ел емеспіз бе... Екі қолы алдына сыймағандарға жұмыс тауып беру, соларды еңбекте шындау әкімдердің, биліктегілердің міндеті ғой, — деп Сағынбай орнынан тұрып, өзін іздеп келген екі-үш адамға қарай бұрылып кетті.
Сағынбайдың өнер саласында сыйлайтын аталары көп.
Сағынбайды іздеп баратын ағалары да мол. Жасы отыздан енді аса бергенде Жезқазған облысының Шет ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Медеубаев сол тоталитарлық кезең деп аталатын тұста номенклатуралық биік лауазымды орындарға әбден екшеп, жан-жақты тексеріп, илеуін қандырып, барынша қадағалап барып қана тағайындалатындардың ішіндегі аудан басқарғандардың ең жасы болатын. Және сол ауданды ол қандай аброй, құрметпен басқарып еді. Ол сенім, ол аброй-құрмет Сағынбайдың іскерлігіне, тапсырған міндетін үлкен жауапкершілікпен орындайтын қасиетіне, биік адамгершілігіне, еңбек адамына жасар қамқорлығына, өнер адамына білдірер ізетіне байланысты да болар.
Солардың таты бір айтағы: Приозерскідегі әкімдік қызметінен бір-екі жылға Алматыға ауысқан Сатынбайды қала тұрғындары мен әскерилер қалап шақырып, қайтадан өз ортасына оралтқан да еді.
Сексенінші жылдары — коммунистік идеологияның тегеурінді тұсында-ақ осы Сатынбай зар заман жаршысы — Шортанбайдың, халық ақыны Маясардың мерейтойларын ешкімнен қаймығып, қыбыжықтамастан аудан көлемінде дүрілдетіп өткізген-ді. Республиканың түкпір-түкпірінен айтыс ақындарын шақыртып, астанадан, облыс орталықтарынан ақын-жазушы, ғалымдарды арнайы адам жіберіп алдырып, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырған. Отызыншы жылдары атылып кеткен Диа қажы, Әбди, Сембектің өлеңдерін жинатып, күйлерін іздеттіріп, азаматтық ерлік танытқан.
Бүгінде Сағынбайды Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Дүйсен Қорабаевтай әдебиет пен өнердің қайраткерлері Қайрат Байбосынов, Ерік Асқаров, Бекболат Тілеуханов, Жанат Жаубасов т.б. құрдас-достары іздеп барып, сағынып тосып отырады. Өйткені Арқа өңірі — әнші мен күйшінің, ақын мен жыршының мекені. Ол — жыр кені, ән кені, күй кені. Ал Сағынбай жүрегі — осының бәрінің кеніші. Ән — оның өмір серігіндей, күй — жанының іңкәрындай. Арманшыл халқының ән мен жыры — қос қанаты болса, сол қос қанат бүгін Сағынбайда. Шу асаудай аспанға шаншылатын Арқаның ән-әуендерін кеудесінде толқытқан, аңшылық, құсбегілік өнерді қадір тұтқан ол кешегі сал-серілердің ізбасарындай боп сезіледі маған.
Бүгінгі елуге ентікпей жетіп, жігіт ағасына, ел ағасына айналған Сағынбай азаматтықтың асқақ жолымен ілгері тартып барады. Тоқтама, кідірме, Сәкем! Туған жерге деген сүйінішіңнен ірі-ірі әрекеттерің туындай берсін. Ал әрекет әманда ерлікке бастайды. Азаматты шындайды. Елу жас — ердің дер кезі. Аршындай бер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter