01.02.2024
  147


Жұлдызды жарқырату өнер

Жұлдызды жарқырату өнер


 


«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет», ұстаз - бұл тұман басқан қараңғы түнекке жарық сыйлап, өмірге деген әрбір тұлғаның өзіне тән мінез-құлық пен айналасындағы өмірге жарқын ойлы көзқарасты қалыптастыратын қиындығы мен қызығы жетерлік, сол жолды таңдаған сәттен-ақ үлкен жауапкершілікті талап ететін дара жол. Сол бір тарыдай ғана білімнің түпкі өмірінен мүлдем хабары жоқ, бейқам бүлдіршіндердің бойына білімді сусындатып, тәрбие ұрығын сеуіп, үлкен өмірге ешбір күмәнсіз аяқ басатын жас ұрпақты тәрбиелеп шығады.


Қазіргі таңда білімнің алыс та, қызығы мол сапарына оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды жетектеп және сондай-ақ ақ пен қара қатар жүретін өмірдің қыры мен сырын ұлағаттылықпен, үлкен еңбекпен жеткізіп келе жатқан ұстаздарымыздың қарасы көбеймесе, азайған емес. Бұл жолда талай жан үлкен ілтипатпен, үлкен күшпен еңбек етуде. Өзінің қарапайым жылы лебізімен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды емес пе?


Мұғалім деген атау қасиетті, себебі «мұғалім», «ұстаз» деген атаулардан таза еңбекті сүйетінмамандық иесі деген сөзді ұғындырады. «Елдің надандылығымен алысатын адам – мұғалім»дегендей осы кезекте ең әуелі барша қазақ халқының, ұлы даланың кеудесін көкке керген Сарыарқа даласының ұстазы Бекенұлы Мағжан Жұмабаев атамызды айтып өткім келеді. Сол кезеңдегі кеңістікте өткен дәуір мен қазіргі дәуір арасын жалғайтын биік алтын көпірді дәл осы кісі қалай білді деп ойлаймын? Ел ертеңі үшін, жастардың болашағы үшін, Ұлы елдің жарқын тәуелсіз күндері үшін аласапыран кезеңде өзінің қарабасының ғана қамын жемей, өз басын бәйгеге тігіп, қайратты құрыш қанаты бар жастардың тәлім-тәрбиесімен айналысып, бүгінгі күнде  баршаға үлгі боларлықтай ұстаз бола білді. Сенім неғұрлым жоғары әрі көп артылса, жауапкершілік соғұрлым жоғары болады дей отыра, Алаш жастарының басын қосқан болатын.Оған дәлел ретінде «Мен жастарға сенемін» атты өмір жолында айқындалған мына өлең жолдар есіме түсіп отыр. Ұлы елдің болар баласы осылай сөйлесе керек. Әр адамның жолы, маңдайға жазғаны бөлек. Бірақ ұлт мұратының алдында өз елін қызғыштай қорғауға даяр қазақтан асқан ұлт аз. Осы сөзіме сеніңіздер. Жетісуда, Алтай мен Арқада ұлтын сүйетін ұлдар кенде емес. Жастар, сіздер де соны жалғастырыңыздар.


Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,


Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.


Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,


Нұрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың!


Мағжан айтып отырған Алаштың оқығандары тек биікке самғайды. Тілдерің таза, жолдарың ақ болсын!Бостандық елдікі. Қанды отты тарихы бар, терең бай тілі, өзгелерге үйлеспейтін шаруасы бар қазақтікі. Бостандық үркердегі оқығандікі немесе жуан қоныштыныкі емес, алты миллион Алаштыкі екенін ұғуымыз керек. Алаштың қызметшісі екенін ұғыну керек. Сондықтан тізе қосып, іс қылатын заман келді. Іске көшейік, жас буын. Осылайша баяғы кезеңнен-ақ қазақ жастарының көзін ашып, сауатын ашып барша ұлт ұстазы бола біліп, бойындағы сәуле арқылы жұлдыздарды жарқырата білуді көздеп, басты мақсат еткен.


Өз басым бала күннен  бергі арманым дәл Мағжан атамыз секілді шәкірт тәрбиелеп, бойындағы сәулені жарық жұлдыз етіп паш етіп жарқырату. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен тікелей байланыс орнатып, тек білім нәрімен ғана емес, бойларында тұлғаның мінез, оның бірі өз елінің тарихына зейін салдырып, кеуделерінде отаншылдық, қайсарлық, намысшыл, бәсекелестік отын лаулату басты мақсатыма айналғаны әлдеқашан. Яғни,  шәкірт тәрбиелеуде ең алдымен оның өз ұлтына, айналасына, ішкі жан-дүниесіне басты назар аударуды құптаймын. Тек сол кезде ғана, аяғына нық тұрған, өскелең жас ұрпақты үлкен өмірге аяқ бастырып, сөнбес жұлдыз, жұртының бойына қара бұлт үйірілгенде өз сәулесімен сол қара түнектен алып шығарлық нағыз көк бөрінің текті ұрпақтарын  өсіріп, білім саласынан да, рухани құндылық тұрғысынан да әлемдік аренада тәй-тәй бастыра аламыз.


Ықылым заманнан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөздің бүгінгі таңда өзектілігі айрықша. Қазіргі заман – білекке емес, біліміне сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты адамдардың білімімен өлшенеді. Сол білімді өзінің қажетіне, тұрмыста жарата білуімен бағаланады. Инемен құдық қазғандай күрделі, орасан қайрат пен қажырлықты, жігерді талап ететін білімсіз өмір – тұл. Тәуелсіздігіміздің тірегі  - терең білім, азаттығымыздың алдаспаны – ақыл-ой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі ұрпақтың кемеңгер, халық жанашыры бола білу барлығының қолынан келе бермейді. Мына заманда «өнердің кілтін тауып, жұлдызын жаққан ғана өрге шабады». Жастар қауымын осы жауапкершілікті сезіне білуге шақырамын. Түзу жол көрсетіп, дөңгелеген дүниеден қазаққа өз үлесін алып беру үлкен ерлік. Келер жас ұрпақтың көкірегіндегі рухты оятып, көзін ашу, көңілінің көлдей мөлдір таза болуы біздің қолымызда. Біз өзіміздің соқпағымызды салып, оны ата-бабаларымыз бастап берген дара жолды өткере отырып, ұрпақтың аманатын қастерлеп, оны насихаттап дәріптеуіміз қажет. Біз Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуымыз керек. Кез келген кәсіп иесі өзінің ісін жаңа тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана табысқа жетеді, жұлдызы жарқырайды. Өзгелердің жолына түсіп, бөгде  іздің шаңын жұту – жастардың таңдауы емес. Адамның өмірі үздіксіз кездейсоқтықтардан, ұсақ-түйектерден, кездесулерден, заңдылықтардан тұрады. Біздің еліміздің болашағы мұғалімге, оның оқушыларында қандай өмірлік ұстанымды қалыптастыратынына, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға қаншалықты көмектесетініне көп байланысты екеніне сенімдімін.


Мұғалімдікбұл үлкен өнер, бұл өнер жазушының немесе композитордың еңбегінен кем түспейтін шығармашылық жұмыс, ауыр әрі жауапты жұмыс. Мұғалім адамның жанына композитор ретінде музыка арқылы емес, суретші ретінде түрлі түсті бояулар арқылы емес, тікелей жүгінеді. Мұғалімдік қызмет атқара жүріп ол өзінің жеке басын, білімі мен сүйіспеншілігін, әлемге деген көзқарасын тәрбиелейді. Алайда, мұғалім суретшіге қарағанда әлдеқайда жоғары дәрежеде өз аудиториясына әсер етуі, өз қамқорлығындағы адамдардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етуі, оларға әлемнің ғылыми бейнесін беруі, сұлулық сезімін, әдептілік пен әділеттілік сезімін оятуы, сауатты болуы және өз сөзіне сенуге мәжбүр етуі керек. Мен болашақта оқушыларымның әдемілікті көруді және бағалауды, жанашыр және төзімді адамдар болуды үйренгенін қалаймын. Бірнеше жылдан кейін олар менің берген сабақтарымжүректерінде жақсы із қалдырды деп айтатын болады. Өсіп келе жатқан жұлдызша сөніп қалмас үшін үнемі серпін беру керек. Жүректерді жағу және жандарды ояту – мұғалімнің басты міндеті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу