Әңгімелер ✍️
Сәрсен түскі асына күндегі уақытынан біраз кешігіңкіреп келді...
Сәрсен түскі асына күндегі уақытынан біраз кешігіңкіреп келді.
— Шай суып кетті, қайда жүрсің? Әлде бір жерден тойып келген шығарсың.
— Қайда жүруші ем, десәтнек жұмсады. Ебакуасиямен келгендер түгел өз мекендеріне қайтатын боп, бәрін аяқ астынан стансаға жинадық. Қазіргі екідегі түскі пойызбен жүргізеді.
— Ылиза ше? О да кете ме? деп дастарқан шетінен Қиясбек ұшып тұрды.
— Е-е, кетпей, ол сондай-ақ кімге дәркер еді. Анау ауыш кемпірден көресімді көрдім ғой. Ылизаны жібермеймін деп байбалам салып, діңкемді құртқаны. Қызды үйден күшпен сүйреп шығардық.
Қиясбек ештеңеге бұрылмай апыл-ғұпыл далаға ұмтылды. Асығып жүріп кетік тостағандағы сүтті аяғының ұшымен қағып кетті.
— Қағынғыр-ай, ақтарып тастадың ғой!
— Қайда барасың?
Әке-шешеге бұрылып қарап жауап беруге шамасы жоқ, табалдырықтан аттар-аттамастан, Қиясбек бір шақырымдай жердегі станцияға далақтап жүгіріп келеді.
Қасында қатарласа ентіккен Қордабай бастырмалата үзіп-үзіп сөйлейді.
— Тез! Болсаңшы! Неге бөгелесің?
Қордабайдың сирағы ұзын, оның үстіне қыстай ауырып тұрған жоқ. Озып барады да тосып алады.
— Болсаңшы, сүйретілмей!
Тұмсықтан сұғына айналған жолаушы поезы көрінді. Тақалып қалды. Қиясбек тіпті жан ұшырды. Қордабай дедектетіп қолынан жетектеп алды.
— Пойыз екі-ақ минут тоқтайды. Көкем айтқан. Бол енді. Тез жетейік.
Поезд көп кідірмей өте шықты. Станция тұсында паровоздың мұржасынан ытқыған қою қара түтіні ғана қалықтап тұрып қалды.
— Ылиза! Мен саған бояу қарындашымды берем! Мен саған Құбаш ағатайымның домбырасын тартам. Кетпеші, Ылиза! Кетпеші, әпке!..
Қиясбек қарындашты құлаштап лақтырып жіберіп, етпетінен құлап түсті.
Қордабай қасында жүрелеп отырып ызың-ызың сөйлеп жатыр. Паровоздың ащы арқырауы мен өзінің дірілді өксігі арасынан бір кезде құлағына еміс-еміс ән жеткендей болды. Эльзаның мұңды әуені.
— Ылиза, ұмытпа!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter