28.01.2024
  71


Автор: Софы Сматаев

Ертеңгілік мезгілдің қызыл сәулесі қабырғада дірілдейді.

Ертеңгілік мезгілдің қызыл сәулесі қабырғада дірілдейді. Үй-іші толы кемпір-шал. Рабиға әжей дастарқанға барын салған.


Шыны-аяқты өзі ұмсына әперіп, шыны-аяқты өзі ұмтыла алып қонақтарына құрмет жасап отыр.


Шай таусылып, сары самауырын соңғы тамшысын ақтара сарқып, дастарқан жиналды.


Ақсақалдар аяқ астынан қуыстана қипақтасты. Айнала қарасып, шақшаларын суырып насыбай атысты. Құбаштың денсаулығын сұрады.


Рабиға сөйледі.


— Көңіл білдіргендеріңе рақмет. Ел іші-алтын бесік. Қайғырсаң тербетеді де жұбатады. "Жігіттің ататегін сұрама" деген нақыл бар. Балаларымның орнына балам ғып бағып, байғұстың қас-қабағына қарап уаныш тауып отыр ем. Тәңір хақ соны да көпсініп, мына кездейсоқ кеселге душар етті. Ел ағасы, жөн білетін кешегі ерімнің тұстастары деп өздеріңді әдейі шақырып отырмын. Бір ғана қолқам бар. Қайтармайды, қайтады деп айтам. Ертең өлсем, жаназама байлар бір тоқтыларыңды аямайсыңдар. Сол тоқтыны бүгін беріңдер. Құбашты ыстық теріге ораймын. Қолқам осы.


Қабақтар ілгері итініп, кірпіктер айқыш-ұйқыш жабылды. Қимыл тоқтап, иіндер сұлқ түсті. Тыныштық орнады. Ешкім ыңғай білдірмеді.


Рабиға жез қаңылтырмен төрт жерден шандыған қара әбдіресін ақтарды. Ұзақ ақтарды. Қаржы жоқ, бұйым жоқ. Іші толған ұсақ-түйек.


Әбдіре аузы-мұрнынан шығып ұзақ ақтарылды. Тарамыс қол бір затқа кібіртіктеп тіреледі де кідіреді. Кідіреді де қалтылдап шегінеді.


Ұйқылы-ояу Құбаш ауырсына ыңыранды. Көздер ұясынан жалт етті де, заматта қайта жасырынды. Тарамыс қол әлгі затты суырып алып шықты. Қымбат былғары кісе екен.


— Барым да, байлығым да осы еді. Отағасымның көзі еді. Сақтаудай-ақ сақтап ем. Қайтейін, өлі аруағы риза шығар, тірінің тірлігіне арашашы болғым келеді. Осыны алыңыздар, — деп дірілдеген қолмен кісені ортаға тастады да, дәті шыдамай сырт айналды.


Дүние шіркін көз құрты. Жасырулы жанарлар жылт-жылт жүгіріп, түнерген қабақтар тез-тез ашылды. Кісеге байланып қалыпты.


Қақырынып тастап, бөркін бір шекесіне едірейте қондырған Әбілда ақсақал сөйледі.


— Таусылып айттың. Тарыққаныңнан болар. Аналық тілек осындай-ақ айтылар. Басымызды қосып, қолқа салыпсың. Уақыттың тарлығы ғой. Әйтпесе бір қойға тұрар қолқа бар ма, тәйірі. Көп болып көтерерміз. Тоқтыңды қазір ал. Кісені орнына салып қой. Аманатты саудалауға болмайды. Бір тірегіңді бекітем деп, екіншісін сындырма. Құбашың жазылар. Ақ тілегің ішіндемін, Рабиға. Мұңсыз бол.


Бірі дуылдай қостап, екіншісі риза көңілмен шұлғи бас изеп, шалдар түгел мақұлдау білдірді. Кемпірлер жағы еріндерін шылп-шылп еткізді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу