Әңгімелер ✍️
Айдау жол айдын мұздай...
Айдау жол айдын мұздай. Тағасы мұқалған шұбар қайта-қайта тайғанақтайды. Тұрып қалады. Тайғанақтап жүріп Құбаш шананы артынан күшене итереді. Итеріп тұрып шешусіз ойға шомады.
"Адам неге азады? Адам адам емес пе? Оны азғыратын не? Шайтан ба? Сәрсен неге алдады? Неге алдады? Неге? Неге? Неге?"
Инесі бұзылған ескі патефондай осы сөзге тұрып қалып, іштей қайталай береді. Жауап тапса, кеудені кернеп алып сыздатып бара жатқан жазықсыз жапасы тарқап кетердей сезеді.
Жол тайғақ. Ой одан өткен тайғақ. Шұбар шатқаяқтаса, Құбаш кібіртіктейді. Шіреніп шананы итереді. Сарт еткізіп делбені қағып қалады...
— Айналып кетейін, Құбашжан! Құлдығың болайын. Құбашжан! Көсегеңді құдай көгертсін! Үбірлі-шүбірлі бол! Бақытың жансын, балам!
Құбаш кірпік арасынан сығалап Қалампыр кемпірді таныды. Есі шыққан байғұс кейуана Құбашты бір құшақтайды, айналып барып шұбарды бір сипайды.
— Апа, сарайыңыз, отын қораңыз қайда?
— Міне, мұнда. Қақпасын әлгінде ашып қойғам. О-ой тәңір жарылқағыр! Әлгі десәтнік қайным-ау сені жұмсаған. Екеуіңе де рақмет!
Құбаш үнсіз қорабын көтеріп қап көмірін түсірді. Отын сарайға кірді. Сарай қаңырап бос тұр, қи түгіл тышқан қорығы да жоқ. Жымиып күлді. Тездетіп бір түйірін қалдырмай көмірді сарайға үйіп берді.
Қалампырдың аузында манадан тыным жоқ, алғыс-батасын үйіп-төгіп жатыр.
— Үйге кір, бойыңды жылыт, Құбашжан!
— Бидай қуырып қойдым, Құбашжан!..
Сөмкесін салақтатып почташы қыз келді. Құбашқа анадайдан тілін көрсетті.
— Апа! Сізге хат бар!
— Ойбай-ау, сүйінші сұрамаймысың. Рақмет, қалқатайым. Өзің де мендей бақытты бол!
Қалампыр қолына ұстатқан хатты олай айналдырды, былай айналдырды. Сығырайып үш бұрыш қағазға қадалды. Жүзіне мейірім үйірілді.
— Алда ғана құлыным-ай! Тірі екен ғой, шыбыным! Айналып кетейін қолыңнан! Қолыңнан, жарығым! Белгісі тұр екен-ау. Мынау құс сағынышы ғой. Апасына деген сәлемі ғой! Сәлемі, деп тұмсығына үшкіл хат тістеген қолдан салған қарлығаштың суретіне телмірді. Қолы қалтырап Құбаш пен қызға көрсетеді. Көрдіңдер ме, баламның салғаны! Маған деген белгісі! Сағынып ұшқан жүрегі!
Құбаш қорапты орнына салып, жайлап шұбарды айдады. Далбалақтап жүгіріп келген Қалампыр Құбаштың етегіне жармасты. Ентігіп сыбырлады.
— Аллай! Есім шығып сені ұмытып барам-ау, Құбашжан! Ақтүйенің қарны жарылды. Үш айдан бері хабарсыз жүрген Оралымнан міне, хат келді. Аман екен! Бар екен! Тірі екен құлыным! Үйге кір қазан асам!
— Рақмет, апа! Жұмыс көп.
— Қап енді, қап! Жұмысың көп екені рас. Жолыңнан бөгемейін көп жаса, балам! Алғысқа бөлене бер! деп тағы да қауқылдап тұрды да, почташы қызға жабысты. Қызым-ау, сені жібермеймін. Бірің бір, екің екі... Болмайды. Ойбай-ау, мына хатты өзің оқып бермеймісің...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter