28.01.2024
  64


Автор: Софы Сматаев

Аядай ғана шағын дүкен кезекте тұрған адамдарға лық толы...

Аядай ғана шағын дүкен кезекте тұрған адамдарға лық толы. Пальтосының сыртынан қара желеңді қабаттап киіп алған дүкенші алдындағы адамға жарты бөлке нанды беріп, карточкесін қиып, оң жақтағы тартпаға тастады. "Одан көп беруге болмайды" дегендей қасын керіп, үндемей екі қолын жайып, басын шайқады. Екінші кезекте томсырайып тұрған Құбашқа қарады.


— О-о! Келдің бе, Аймаңдайка. Сәлем, жігіт. Сен маған бүгін тағы біраз әңгіме айтып, құлақ құрышымды қандырарсың. Солай ғой, ә?


Кезектегілерге қуақылана қарап, таңдайын тақ еткізіп қойды да:


— Менің бір жолдасым болған. Фин майданында. Оһ, сөзуар еді-ау! Он күнде бес сөзді әрең айтатын. Ал өзі ғажап мерген-ақ еді! Бір ұрыста отыз бес жауды атып түсіргенін өз көзіммен көргем. Әне, жігіт! Сөзбен емес, іспен дәлелдейді. Вот! деп бармағын шошайтты.


— Бар ғой мықты жігіттер!


— Соғысып жатыр ғой.


— Әйтеуір, жеңіспен аман келсін деп тілейміз.


Дүкенші сөреден асылып келіп Құбашты иықтан түртіп қалды.


— Нағыз жігітсің! Аймаңдай, бүгін де үндемейсің ә...


Құбаш әдеттегі мінезін ұмытып, ауызы жабылмай сөйлеп кетті. Сөйлеп кетті де, жұрттың бәрін сілтідей тындырды.


— Дядя Миша! Миша ағай!.. Мен... апам ауырып... Қатты ауырып... сорпа ішем дейді. Ыстығы бар. Күйіп жатыр... Егер... Егер... дядя Миша, ет беріңіз. Шай беріңіз... Мен... мен, қолын бір сілтеп алақанындағы көбелектің қанатындай желбіреген карточкасын дүкеншіге ұстата салды.


"Көп сөйлеп қойдым ба" дегендей жан-жағына қарауға ыңғайсызданып құлақшынын шешіп, маңдайына жіпсіп шыққан терін алақанының сыртымен сүртті. Дүкенші Миша ағай ә дегенде аңтарылып қалып еді, іле екі саусағын сарт-сарт еткізіп ақтарылып кетті.


— Оу, молодец. Мен беремін, босатам. Жолдастар, Аймаңдайға рұқсат етесіздер ғой. Ауру кісіге сорпа керек. Сен молодец, Аймаңдай. Апаңды ешқашан ренжітпе! Мынаны да апаңа... Мынаны да апаңа... Мынаны да апаңа. Бәрін апар.


Құбаш езуі жайылып, көзі күлімдеп барынша мәз. Құбаш өзіне өзі риза.


— Апам жазылады. Сорпа ішеді. Маңдайы терлейді.


Өзі қуанып, өзі марқайып, дәл қазір ауруды ойымен теп-тез жазып алды. Дядя Мишаның жеке-жеке орап бергендерін құшақтап, табалдырықтан асыға аттап далаға беттеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу