28.01.2024
  74


Автор: Софы Сматаев

Рабиға пеш түбінде күңкілдеп отыр...

Рабиға пеш түбінде күңкілдеп отыр. Шынашағына секитіп қондырып алған шүйке жүн күбірлеген сайын жан біткендей әлсіз ғана дір-дір етеді.


— Қараң қалғыр-ай сол! Отбасы болып әжік-бүжік сөйлесетін де ешкім жоқ. Бірі мылқау, бірі шүлдірлек. Қайтемін-ай бұларды. "Дұрыс қой, апа!" дегенді құдай ауыздарына салса, бірдеңелері кетер ме? Біріне-бірі ит пен мысықтай.


Рабиғаның дағдылы күңкілінде кейіс жоқ. Осы күйін қызықтау көп.


— Сендерді ме, сендерді... Тап осы екеуіңді, айтпады демеңдер, тұп-тура өз қолыммен қосам. Сонда көрерсіңдер бұл кемпірдің қиқаңын. Ойпыр-ау, ұлы қыз демейді, қызы ұл демейді. Сыйлау жоқ, сыйласу жоқ! Қашан көрсем, екі жерде қырсығып отырғандары.


Тыңдап отырған "ұл" мен "қыз" болса екен. Бірі пима табандап, сабын жаққан кендір жіпті құлаштай тартса, Ылиза — Эльза қос уыс қожа бидай салынған кетік тостағанды қасына қойып алып, қол диірменді баяу айналдырады.


— Әй, неге үндемейсіңдер? Тіл-ауыздарың байланып қалған ба? Қараң қалғыр-ай! Кемпір үзіліп кеткен жібін қайтадан жалғап, ұршықты оң жамбасына салып, бір нұқып айналдырып жіберді. Ылиза-ау, осы сенікі де дұрыс бір есептен. Қарамасаң қарама. Сол шіріктен түк шықпайды. Манадан "ләм" деп жақ жазды ма. Бұл не бұл? Үндемес ойнағаннан саусыңдар ма өздерің? Бір ауық шүйіркелесіп мауқымды басайын десем, тырс етпейсіңдер...


Рабиға шүйке жүннің тасасынан сығалап қарап, «Өкпелетіп алмадым ба» дегендей екеуіне кезек-кезек қадалып өтті. Содан кейін көнетоз барқыт қамзолының қалтасынан екі түйір малта алып, лақтырып-лақтырып жіберді.


— Ең, болмаса ауыздарың жыбырлап отырсын. Құбашжан-ау, көзің бар емес пе? Көрмеймісің. Ылизажан періштеден бір кем бе? Көз десең көзі қандай! Түр десең түрі қандай! Көрмесең көрме. Сендер көрімдіктер өмір бойы аузындағысынан айрылып жүреді. Адырам қал! Енді саған жақ жазсам, не дерсің. Соншама бұлданып қайдан шыққан төре едің?..


"Төреден" төрелік мінездің салқыны да білінбейді. Шықшытты дөңгелек жүз манадан бері әлі бір қыбыр еткен жоқ. Қиық көздердің жылтындағы төңкерулі кесенің түбіндегі жаяу шамның бұлың-бұлың ойнаған сәулесі тірлік белгісін танытпаса, қыбырсыз жалпақ бет дәл қазір сүреңсіз маскадан ешбір айырғысыз еді.


Рабиға сәл кідіріп, ұршығын тізесінің үстіне қойды да, сұқ саусағын кимешегінің шажамайына сұғып жіберіп, құлағының түбін қасыды. Оң көзін қысып тұрып әлгі қиық көздердегі ұшқын сәулеге қадалып отырып мейірлене күлімсіреді.


— Тіфә, тіфә! Тіл-аузым тасқа! Күпірлік айтсам, асылық көрме, жасаған. Төресі өзіне. Құбашжаным тірі болса ешкімнен кем болмайды. Азамат қой. Ілігім, үміт-дәнекерім ғой екеуі. Тәуба, жасаған. Бұрын кіммен сөйлесуші ем. Шүкірлік еттім, деп сөзінің аяқ жағын естілер-естілмес күбірлі батамен жалғастырып, ұршығын бір түртіп қалды.


— Ылиза қалқам, бидайды тартып боп қалыпсың ғой. Қазір өзім елеймін. Бері кел. Бейбақ-ай! Көйлегің шолтиып тізеңнен шығып кетіпті-ау. Ұят-тағы! Қара кемпір қызына киім тауып бере алмайды деп ағаш атқа мінгізеді-ау енді мені. Жә, бір жөні болар. Құбаш, әй, кереңбісің, саған айтам. Көргеннен көз ақы алмай, сығалай берме. Соншама сүзіліп, аяқ көрмеп пе ең. Ой, жетесіз сол. Біле білсең Ылиза қарындасың. Неміс болса қайтейін. Маған неміс емес. Мен жетім, бұл жетім, сен жетім. Ошақтың үш бұтындай боп мына шаңырақ астына құдай айдап жиналыппыз. Білсең, бір-бірімізге еш бөтендігіміз жоқ. Сен ақпа құлақ болмасаң, ендігі осыны ұғып алар едің-ау. Қой, бұртима. Ой, айналайын сол! Жыртық-тесігімді бүтіндеуге жараған, қос қарашығым! Әжік-бүжікке жарамайсыңдар дедім-ау. Бұдан артық енді азан шақырам ба? Өздеріңмен сөйлесіп біраз мұң-шерімнен айықтым. Тәуба дейінші тағы да, деп ұршығына сүйеніп, бір тізерлеп орнынан тұрды. Ойбай-ай, салдауырға жүк артқандай боп қаппын-ау. Сырқырауын-ай, сырқырауын!


Шойнаңдай басып екі бүктетіліп диірменнің қасына барды. Қасынан өте беріп, "Ылизасын" иығынан емірене құшақтап қойды.


Құбаш орнынан лып түрегеліп, диірменнің еркек тасын тік көтеріп алды да, ұнын тулаққа сілкіп-сілкіп түсірді. Сонан кейін ұрғашы тасын да тулаққа дүңк-дүңк түйіп, тазалап, қабырғаға сүйеді.


— Ой, ақылдым, қамқорым! Әй, осы сен бір мезгіл тізе бүгіп қисайсаңшы. Күндіз баласында жұмыстасың, үйге келсең, әрнені бір шұқылап, тағы тыным таппайсың. Тәйт әрі, мені өйтіп ұшпаққа шығармай-ақ қой.


Рабиға мол тігілген екі жеңін білектен сыбанып алып, апыл-ғұпыл үн елей бастады. Елеуішпен бірге бүкіл денесі қоса шайқалып отыр. Қос уыс ұн бір көсуден қалмады. Елек астындағы тозаңдап төгілген аз ғана талшыққа көзін бір сүзді де, кебекті оң қолымен араластырып-араластырып жіберіп тағы да ұнға қадалды. Жарманың тең жартысы елеуіште қалды.


— Қараң қалғырдың елеуіші де сараң. Тесігі бітеліп қалған ба, түк түсер емес қой. Кебек жесем ішегімді жарыл кетпес. Ой адырам қалғыр! деп бір кез електегі кебекті ұнға төге салды. Ақ бауырсақ, сары май жейтін күн де келер. Соғыс та бітер. Кебегі не, ұны не бәрібір тамақ.


Рабиға кемпір далбасалап өзін-өзі жұбатқанымен көңілі орнықпады ма, Эльза мен Құбашқа қабақ астынан бір-бір шаншылып өтті. Эльза сүйкімді күлімдеді, Құбаш үнсіз жымиды.


— Өй, көген көздерім! Қарындарың ашты-ау әбден. Қазір таба көмем. Сәл шыдаңдар. Ылиза, сенің көйлегіңді қайтсем екен? Еңкейіп-шалқая алмайтындай шоп-шолақ. Таң атсын, бір амалын жасармын. Ылиза, анау менің шапанымды алып жамылшы. Мысыңды құртқанда, бұл байғұс тіліңді түсінбей құртады енді. Шапан деймін. Мұншама кеңкелес болармысың. Құдайы құрымағыр, Құбашжан, сен әпере қойсаң. Ой, көсегең көгергір, өзіне бер. Жабу жапса да жараса кететін ақсүйрігім. Тіфә-тіфә, сұқтана бермейінші.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу