28.01.2024
  82


Автор: Софы Сматаев

Сықыр етіп киіз қаптаған аласа есік ашылды.

Сықыр етіп киіз қаптаған аласа есік ашылды. Пимасының табанынан қар ұшқындатып табалдырықтан Құбаш аттады.


Жалғыз бөлменің жер еденінде сумаңдап "алакүшік" бу жүгірді.


Будың ортасынан қалбалақтап қара кемпір Рабиға әжей көтерілді. Жүзі құмырсқаның илеуіндей әжім-әжім. Өзі шүйкедей-ақ. Денесіне даусы сәйкес емес. Самбырлап сөйлейді.


— Келдің бе, Құбашжан? Кешіктің ғой. Аяз буып тұр, ә? Тоңған жоқсың ба? Ой айналайын, азаматым, деп Рабиға қарсы жүріп Құбаштың құлақшынын шешіп, шегеге ілді. Айналып келіп иығына басын төсеп және сөйлеп жүр. Құбашжан-ау, білесің бе, аяқ астынан мен бүгін қызды боп қалдым. Енді ұлым да бар, қызым да бар. Қалыңмал беріп келін түсіріп, қыз беріп, құдағи атанам әлі.


Құбашқа елжірей қарап, мейірлі жүзін күлімдетіп құптау күтті. Алa көлеңке бөлменің ішіне шыдамсыздана көз жүгірткен Құбаш пеш түбінде сүйеп қойған қапшықтай сыналанып бүрісіп отырған әлдекімді әрең шырамытты. Түр-түсіне онша зер салмай тай терінің пұшпағына отыра қалып пимасын шешті.


— Жуынасың ба? Жер май шақ келмейтін болды. Жаяу май сықсиып не көрсетеді дейсің? Тағы біреуін жағайыншы, деп кемпір тас кебісін тарпылдатып босаға жақта ілулі тұрған ескі күпінің әлдебір жыртығына қолын тереңдете сұғып жіберіп ұйысқан мақта суырып алды. Шиыршықтай есіп, май жағып, сынық кесенің төңкерілген түбіне қойды да, сіріңке тұтатты. Үй ішінің бұрыш-бұрышына тығылған қою көлеңкесі біршама сейілді.


— Ал енді анықтап қарашы қарындасыңа. Қордың қызынан кем бе?


Құбаш көңіл жықпас қимылмен мойнын бұрды. Мойнын бұрды да замат тіксініп қалды. Өңменінен өтердей көкшіл көздер қадалып қалыпты... Қайғыны көп көрген ересек қарасты манағы шөлмек көздер!...


"Бала емес пе?.. Бағанағы бала ғой. Қыз дей ме?!.."


Құбаш жүзіндегі дүдәмал күдікті көргенде, көкшіл шөлмек көздерде сарғылт от тұтанды. Сыналап қойған қапшыққа жан бітіп, жеп-жеңіл қозғалып, орнынан ұшып түрегелгенде, жұқа көйлектен басқа лыпасы жоқ талдырмаш дененің ақ балтыры жарқ етті.


"Қыз ғой!.. Бала емес".


Жалаңаш балтыр жасырынбай көзге ұрады. Алдамайтын анық белгі сияқты. Он алтылар шамасындағы қыз әлі де үрке қарап, үрпиіп түр.


Рабиға құшағын жайып қызды бауырына қысты.


— Неден үріктің, қарағым-ау! Отыр, отыра бер! Ол Құбаш дейтін ағаң болады енді. Оны да бала ғып асырап алғаныма жарты-ақ жыл болды, деп Рабиға қызды иығынан басып қайта отырғызды. Өзі буын-буыны сықырлап қасына жайғасты.


— Әй, екеуің тату болыңдар. Сынай-міней қарайтын тілемсек көз көп. Соған себеп тауып бермеңдер. Ой-қырым түгелденгендей болғанда, мені ренжітпеңдер.


Рабиға бет-аузының шүпірлеп көбейіп кеткен әжімін онан сайын қоюлата, көзін сығырайта күлімсіреді. Күлімсіреп отырып ернін жыбырлатып, қос алақанымен бетін сипады.


Құбаш қимылдамастан бағжиып қалыпты. Көз алдында қос балтыр кезек-кезек алмасады. Жылап қалған келіншек елестейді. Құбаш әлдебір түйсікті енді ғана жүрек қылымен сезінгендей болды. Жылаған Несіпжан емес, жылатқан соғыс екен. Сонау ойналмай қалған, тойланбай қалған жастығының әсем әуеніне ықыластана ұмтылған келіншекті еріксіз бұғаулаған соғыс екен. Бұрқ еткен сәттік сезімін тыйғызбаған да сол екен. Сол екен!..


— Неміс!!!


Жалғыз сөз тітіркенген Құбаш аузынан жиіркенішке толы уыт боп атылды.


Рабиға қолымен көзін жасқап елең етті. Қыз жіңішке мойнын соза үрпиіп қарады.


— Әй, неміс дедің бе? Неміс болса қайтейін? Неміс те болса жетім. Енді менің балам. Менің қызым.


Құбаш қалың қабағын түйілдіре қызға шұқшия бұрылды. Қысық көздері кірпік қақпастан тесіп барады. Қарсы алдынан дәрменсіз қызды емес, құбыжық көріп отырғандай. Жұдырығын тас қып құшырлана түйіп алыпты.


— Немі-іс!..


Содан кейін қара жерді тоқпақтап-тоқпақтап жіберді де, етпетінен түсіп солқылдап жылады. Бетін алашаға басып қыстыға булығып жатыр. Екі иығы селк-селк етеді.


Жылап жатыр, кіжініп жатыр. Үнсіз жанның уайымы еленбейтін: іште туып, іште өлетін. Қыжылдатқан кек қыжылы сыздаған жүректе аунап қалып, сол жаралы жүректе қайта тұншығатын.


Алты айдан бері көз алдында алғаш рет ағыл-тегіл еңіреп, шарт-шұрт ашынған Құбашты көргенде Рабиға да бой-бой босады. Кәрі жанардан домалай ытқыған сары моншақтар қамзолының омырауына үзіліп-үзіліп түсті.


— Қара түйнектей кеудеңде түйіліп келген құсаң неткен көп еді, пақырым сол!? Көңіл қамырығы жыласаң ғана басылады. Жыла, Құбаш, жыла!


— Неміс дейді. Неге кіргізесің? Неге жібересің? Бірге тұрам ба? деп, Құбаш басын көтеріп алды да, қызды көріп, кіжініп қайта жатты. Иығы тынымсыз селкілдегенде, сақ-сақ еткен азу тістері "неміс, не-мі-с" дейтіндей ызалы сықырын көбейтті.


Рабиға бүкеңдей еңбектеп келіп, Құбаштың иығынан тартты. Басынан емірене құшақтады.


— Болды енді, құлыным! Қой, Құбашжан!


Құбаш құшақтан жұлқына босап, одан сайын екілене еңіреді.


Рабиға орнынан оң қолымен жер тірей көтеріліп, іргеде сүйеулі тұрған ақ сабауын алды. Май құйрықтан аямай осып-осып жіберді.


— Жә, жетер! Еркек басыңмен соншама солқылдағаның не? Өй, кепиетіңе!.. Әке-шешең тап бүгін өлгендей... Жылау-сықтауды осы үйге ғана жазып қойса да тоқтататын кезің жетті ғой! Қарап тұрып еңіреп бірдеңе көрінді ме?


Кемпір аяқ астынан тұлан тұтып бұрқ етті. Рабиға ашуланғанда, Құбаш сап тыйылды. Жабығып қалғандай басын жасқаншақтана көтеріп, ызғарлы жүзге мөлие қарады.


Құбаштың ойы: "Кіріптар екенмін. Апа деп сыйлаушы ем. Қас-қабақ есеппен ашылатын тәрізді. Әне, аумалы ықылас бір шүйкебасқа әлден-ақ төңкеріліп түсті. Шын жанашыр болса, бүйтер ме еді".


Рабиға сөйлеп жүріп сенектегі дөңгелек үстелді домалатып әкелді. Күңкілдеп жүріп дастарқан жайып, шай жасады. Бүрісіп үнсіз жапақтап отырған қызға тіл қатты.


— Шыныларды жу. Ойбүй, түсінбейді-ау енді бұл!..


Қыз түсінді. Түсінді де, басын изеп, өз тілінде біраз шүлдірледі.


Осы дауыс шүлдірлеп жетіп, сестенген Құбашқа қатқыл естілді.


"Өтірік пе, шын ба" деп әлі де болса іштегі күдігіне сенбей жатыр еді. Бөтен тіл ширығып тұрған жүйкесін ток соққандай, толқын ұрғандай шым еткізді. Апыр-топыр түрегелді. Жан-жағына бұрылмай апыл-ғұпыл киінді.


— Құбаш-ау, құлыным-ау!?..


Рабиға жаман састы. Жайшылықта аузын ашса көмейінен құйылып, ақтарылып кететін түйдек сөздің бірі жоқ. Ысылдаған ыстық леп кемсендеген иек қимылымен үзік-үзік шығады. Буын-буыны босап, пеш қасындағы орнынан тұра алмай, саусақтары жыбырлаған екі қолын дірілдете созып, ауа қарманып жатыр.


Қоңыр есік ыңырана сарнады да, лап етіп бөлмеге еден жалаған суық ауа ақтарылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу